Ramaz ai kuttibolsin

Ramaz ai kuttibolsinАхметжан қажы Керімбек,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
өкіл имамы

Қасиетті Рамазан айы құтты болсын!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

    Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

 

    Құрметті мұсылман бауырлар, жерлестер!

    Баршамызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы – Рамазан.
  Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Алла тағала: «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят),- дейді.
     Аятта айтылғандай, оразаның мақсаты – мұсылманды тазартып, тақуалыққа жеткізу. Тақуа – сақтану, қорқу, сыйыну. Ендеше, тақуалық – Алла тағалаға бойұсыну, әмірлеріне құлдық ұрып, тыйғандарынан тыйылып, иманды, көркем мінезді, парасатты жан болып, Ұлы Жаратушының нығметтерін қолдан бой беріп қоюдан сақтану. Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани тазартып, көркем мінезге тәрбиелеу, нәпсі тізгінін қолға алу.
     Нәпсі – бойдағы пендеге тән құмарлық сезім. Жалпы, адам баласының адамгершілік шыңына жетуі мен көркем мінезді болуының негізі – нәпсіге ие болуында. Ал, нәпсіні тежеуде ораза үлкен мәнге ие. Бірақ, ең бастысы, ораза тек Алла тағала разылығы үшін болуы ләзім. Кісі өздігінен тек ашығумен діттеген мақсатына жете алмайды. Өйткені, ораза – Алла тағалаға жасалатын ғибадат.
    Қасиетті хадисте Алла тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөліркегеннен шыққан ауыз исі мен үшін мисктен де артық»,- дейді.
    Сонымен қатар, бұл қасиетті айда тек қана ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды т.б. жаман әдет-қылықтардан барлық кезде іргені аулақ салған мақұл. Өйткені, ораза тек ішіп-жеуден тыйылу үшін ғана емес, сондай-ақ, құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін құлшылық амалдарымызды көбейтіп, көбірек Алланы еске алып, жиірек Құран оқыған абзал. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айы туралы: «Рамазан келгенде жәннат есіктері ашылып, дозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», сондай-ақ, «Шынында, жәннатта бір есік бар, ол – «Раййан» деп аталады. Ол есіктен тек ораза ұстаушылар ғана кіреді»,- деген.
   Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38