ҚМДБ-ның төрт бағытының бірі оқу-ағарту жұмыстары екендігі белгілі. Осы шара аясында Шымкент қаласының өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаевтың қолдауымен Шымкент қаласы орталық мешітінде қала имамдарына Құран, тәжуид, дұғалар мен хұтпалар дәрістерін өту бір ізділікке қойылды.
Аптаның дүйсенбі күнінен бастап жұма күніне дейін әр күні 20 мешіт қызметкерлері дәріс алады. Яғни бір аптада жүз имам дәріс алып жатыр. Имамдарға Құран дәрісін ұйымдастырудағы мақсат мешіт қызметкерлері жаттаған Құран аяттарын қайталап, қатесіз тәжуидтпен оқу. Сондай-ақ әр имам өз мешітіне барып жамағатты қатесіз Құран оқуға үйретуі.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ның: «Сіздердің ең жақсыларыңыз Құранды үйреніп, өзгелерге үйреткендеріңіз», – деген хадисіне сай амал етіп жатқан мешіт имамдарына Алла разы болсын дейміз. Болашақта Шымкент қаласына қарасты мешіттердің барлық қызметкерлерін Құран кәрім дәрісіне қатыстыру жоспарланып отыр. Бұл игі бастама өзге де облыс және қала имамдарына үлгі болар деген ойдамыз.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі