ramazan bereke aiy

ramazan bereke aiyЖуырда ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбек жыл басынан бері атқарған жұмыстары мен бірқатар жоспарлары туралы брифинг өткізген болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялағаны белгілі.

Дін дәстүрмен сабақтаса дамиды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына аяқ басқан елімізде асыл дініміз ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз аясында өркендеп, даму үстінде. Бүгінде ҚМДБ тарапынан көптеген реформалар, байыпты бағдарламалар қолға алынып жатыр. Рас, дін ұстай алсақ қана қасиет болмақ. Ал дұрыс ұстай алмаған пенде үшін қасірет болары анық. Ендігі кезекте ел мұсылмандарына имамға бағынып, сөзімен де, ісімен де көпке үлгі болу міндеті ғана қалып тұр. Қазіргі технологияның алға озған кезеңінде имамдарымыз да жан-жақты болуы тиіс. Осы және өзге де мәселелер жөнінде ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Пірәліұлымен әңгімелескен едік.

 

– Ахметжан Пірәліұлы, биыл еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлауға кірісті. Жалпы, дін саласындағы басты жетістіктеріміз қандай?

– Бисмилләһир рахманир рахим! Жалпы, дін саласындағы мәселелерді шешуде алдымен имамдардың білімін жетілдіріп, кадр дайындау мәселесі назарға алынған болатын. Бүгінде білімді ғалымдарымыздың шоғыры қалыптасты. Олардың басында ғұламалар кеңесі тұр. Бастапқы кездері бұған қолымыз жете ме, жетпей ме деген күмәннің де болғаны рас. Тағы бір жетістігіміз – республикалық ақпараттық-насихаттық тобының құрылуы. Мұның да өз жемісін көре бастадық. Әлбетте, мешіттерімізді түгелдей білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін әлі уақыт керек. Дегенмен, маңызды деген құлшылық үйлерінің бәрі де жаңадан дайындалған мамандармен толықты.
Аллаға шүкір, бүгінде Нұр-Мүбарак Ислам университетін көптеген түлектер бітіріп шықты. Қазір олар жер-жерде имамдық қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар, республикада тоғыз медресе жұмыс істейді. Қазіргі кезде ол медреселерді мемлекеттік стандартқа сай колледжерге айналдыру да қолға алына бастады.
Имамдарымыздың әдебіне, мәдениеттілігіне қойылатын талаптар күшейіп келе жатқандығын өздеріңіз білесіздер. Бір кездері сол шапан киген адамдарға мұқтаж болған күндеріміз де болды. Аузында кәлимасы бар, азын-аулақ оқитын Құраны бар адамдардың діни қызметін қанағат тұттық. Қазір ше? Ол кезең келмеске кетті. Рас, имамдардың имиджін көтеру басты мәселенің бірегейі. Қазір олардың білімін жетілдіріп, арнайы сынақтардан өткізетін білім жетілдіру институты бар. Діни басқарманың 2020 жылға дейігі даму тұжырымдамасы, ел мұсылмандарының тұғырнамасы қабылданды.
Жалпы, айта берсек жақсы істер көп. Бұған әлбетте тоқмейілсімейміз. Одан әрі даму үстінде әрекет ете бермекпіз. Яғни, дін мамандарымыз елдімекендерге, ауылдық жерлерге барып, барлық ортамен кездесуді, үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыра бермек.

– Таяуда облыстық мешітте бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы семинар өткізіп қайтты. Бұл жиынның мән-маңызы қандай?

– Жалпы, бұл семинарда көптеген мәселелер қамтылды. Оған облыстағы барлық мешіт қызметкерлері түгелдей дерлік жиналды. Медреселердің ұстаздар қауымы, діни сауат ашу курстарының ұстаздары, әлеуметтік бастамалар орталығы мен әкімдік қызметкерлері де қатысты.
Бас мүфти өзінің дәрісінде діни басқарманың атқарып жатқан қызметі, басты назарда тұрған мәселелер туралы айтып өтті. Одан бөлек, наиб мүфтиіміз де дін қызметкерлерінің қазіргі қоғамдағы рөліне тоқталды. Яғни, «Дін және тарих тағылымы» жылында дініміздің дәстүрімізге сіңіп кеткенін, тарихымызда дінге қызмет қандай болғаны кеңірек сөз болды. Дініміздің өсіп-өркендеу жолында кімдер еңбек сіңірді? Қандай тұлғаларымыз болды? Міне, дін қызметкерлері осы мәселелерді білуі тиіс.
Имамдардың алғашқы форумында төрт құжат қабылданғанын білесіздер. Имамдар сол құжаттан толық хабардар болуы керек. Семинар барысында осы мәселелер сөз болып, имамдардан сынақ алынды.

– Дінді дәстүрмен байланыстыра дамыту өзекті мәселенің бірі. Көпшілік куә болғандай, биыл Наурыз мейрамын спорт жарыстарымен ерекше атап өттіңіздер. Былтыр да солай ұйымдастырылғанын білеміз…

– Әлбетте, дін мен дәстүр елімізде екі ұлық құндылық болып саналады. Бас мүфтиіміз 2014-2018 жыл аралығын дін мен дәстүр жылы деп жариялады. Осы екі құндылықты қорғау арқылы, сақтай білу арқылы біз ел болып, әлемдегі алдыңғы қатарлы елге айналамыз.
Қазіргі таңда мешіттерде Наурыз мерекесі үлкен бір дәстүрлі шараға айналды. Қоғамда кейбіреулердің «Осы сендер бара-бара Наурызды да діни мерекеге айналдырып жібермексіңдер ме?» деген сөзін естіп жатамыз. Қайсыбір адам дінді әлсіреткісі келсе, ол адам дәстүрді жамандауға, соған нұқсан келтіруге тырысады. Қазіргі кейбір көзқарастардан ол байқалып та жүр. Сондықтан, дінді қалай насихаттап, қорғайтын болсақ, дәстүрімізді де осылай етуге тиіспіз.
Алла қаласа, бұл шара жалғасын таба береді. Алдағы уақытта ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттайтын ойын түрлерін немесе түрлі өзге шаралар, ас мәзірлері болсын, сонымен қатар, сауықтыру шараларын да қолға алуды ойластырудамыз. Елбасының назарында тұрған салауатты өмір салтын насихаттау шарасын біз де күшейте бермекпіз.

– «Отанды сүю иманнан» дейміз. Осы күні бұл сөзді қалай түсініп жүрміз?

– Жалпы, Ислам ғалымдары бұл сөзге өте құрметпен қарайды. Отанды сүю әркімнің міндеті, мұсылмандық борышы ғой. Әлбетте, туған елін сүйген адам Отанына екі дүниелік қызмет жасайды. Мейлінше Отанына пайдалы болғысы келеді. Мейлінше бір жақсы із қалдырғысы келеді. Елеулі бір еңбек еткісі келеді. Сол ортаны тәрбиелеуге, жақсы көруге үлес қосқысы келеді. Демек, мағынасы өте үлкен. Отанды сүю Пайғамбарымыздың (с.а.с) көптеген өсиет сөздерімен негізделеді. Көптеген ғалымдарымыз, ұлы тұлғалар өз сөздерінде сондай бір биік деңгейде, құрметпен атап өткен.
Жалпы, діни тәрбие отбасыдан басталады емес пе?! Осы орайда отбасы құндылығын айта кетсем деймін. Осы мамыр айын бас мүфтиіміз үлгілі отбасы акциясына деп арнады. Отбасының тәрбиесі дұрыс болатын болса, отбасы үлгілі болатын болса, отбасында барлық жақсылықтар орын алып жататын болса, елдің іргесі сөгілмейді.
Отбасының жетістіктерінің бәрі де Отан үшін жетістік болып табылады. Яғни, әрбір адам, әрбір отбасының иесі, өзінің отбасын дұрыс тәрбиелей білсе, біздің еліміз, отанымыз жақсылыққа, үлкен жетістіктерге жетеді.

– Сіздердің тараптарыңыздан қазіргі жастар тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Орталық мешіт жанынан жастар бөлімі ашылып, жұмысын бастапты.

– Бас мүфтидің өзінің бастамасымен ҚМДБ жанынан жастар бөлімі құрылған. Барлық облыс өкілдіктерде де бұл бөлім жұмысын бастады. Сонымен қатар, аудандардан да бір-бір өкіл бөлінді. Бұл дер кезінде қолға алынған шара екеніне көзіміз жетіп отыр. Қазіргі таңда осы жастардың арасынан белсенді деген азаматтармен жұмыс істеп жатырмыз. Сол азаматтарымыз кез келген ортада, жастардың ортасында үгіт-насихат жұмыстарын жасап жүр. Сауықтыру, мектеп қабырғасындағы балаларға дейін дінге баулу, ата-ананы құрметтеуге, Отанын сүюге тәрбиелеуге үлес қосып келеді.
Біз осы жастар бөліміне көбірек басымдықтар беріп жатырмыз. Алла қаласа бұл үлкен нәтижесін беруі тиіс.
Әлбетте, болашақ жастардың қолында. Оларды жақсы тәрбиелей білсек, дұрыс бағыт көрсете білсек, Ислам дінінің бағытымен тәрбиеленсе, ертеңгі болашаққа деген үлкен сенім.
Жақында ғана қазақ күресінен жарыс өткіздік. Жастар бөлімі 1 маусым – балаларды қорғау күніне де жақсы істерді ұйымдастырып жатыр. Қазіргі кезде жергілікті басшылықтардан да түсіп жатқан ұсыныс, тапсырыстар көп.

– Қазіргі технология дамыған заманда имамдарға жүктелер міндет зор. Олар да ғаламтордың игіліктерін меңгеру керек емес пе?!

– Бұл – діни басқарманың басты алға қойып отырған мәселелерінің бірі. Ең әуелі айтарым – имамдарымыз уақыт талабына сай болу керек! Заманауи білімді, сауатты бола білген дін қызметкерінің ғана жұлдызы жанбақ. Қоғамдағы түрлі ортада дінді дұрыс жеткізудің бір ғана амалы бар. Ол – барлық тиімді мүмкіндіктерді пайдалану. Мейлінше, сол ортаны діни сауаттандыру, тәртіпке, тәрбиеге баулу басты міндетіміз болғандықтан, жан-жақты болуда міндетіміз. Қазіргі дамып жатқан қоғамнан ешқашан да кеш қалуға болмайды.
Аллаға шүкір, елімізде көптеген медреселер ашылып жатыр. Қазіргі таңда медресеге қабылданып жатқан шәкірттердің мақсат-ниеттерін көріп қуанамын. Әрбірінің де өз ортама пайдамды тигізсем деген мақсаттары бар. Сонымен бірге, діни басқарманың аясында қызмет жасап, білімді, білікті деген дін қызметкері дәрежесіне жетсем деген жоспары бар.
Бір қуантарлығы, медресені бітіріп жатқан шәкірттеріміз одан әрі де оқуды жалғастырсақ деген ниеттерін байқатып жүр. Мәселен, бізге қызметке келетіндер оқуын жалғастыруға ниетті. Біз бұған қуанамыз. Алла сол ниеттеріне жеткізсін. Дінге адалдық танытқан жастарымыздың қатары көп болсын деп тілейміз.

– Жат ағымдардың жетегіне ерушілер кімдер?

– Жалпы, интернет арқылы көптеген арандатулық насихат жүріп жататыны көпке аян. Ғаламтор әлемін, сайттарды түгелдей бақылауға алу, мемлекет үшін оңайға түспейтіні тағы анық. Солай арандату сөздерге құлақ асқан азаматтарымыз Сириядан бір-ақ шығып жатқан жағдайы бар. Біз барынша, діни басқарма, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жұмыс атқарудамыз. Олардың жетекшілеріне, басшыларының сөздеріне жауап айту – міндетіміз. Жалпы, біз ұстанымымыздың күмәнсіз дұрыс екенін бұлтартпас дәлелдермен түсіндіріп келеміз. Барынша, еліміздің азаматтарын қорғап қалуға міндеттіміз.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін уағыз-насихат жұмыстары бойынша 2432 кездесу өткізілсе, оған 97280 адам қатыстырылды. Кереғар ағымдар бойынша, сәләфилік және «Таблиғи жамағат» діни ағымы бағытын ұстанатын азаматтармен 2450 жеке кездесу ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде 205 азамат Ханафи мазһабына қайта оралды.
Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабының, имам Матуриди ақидасының көзқарасындағы мәзһабта болуды елге насихаттай береміз.

– Ел мұсылмандарының көптен күткен Рамазан айы да келіп жетті. Ұлық мерекеге дайындығымыз қалай жүріп жатыр? Халыққа айтар ұсыныс-тілегіңіз болса…

– Мұсылмандық күнтізбеге сәйкес, Ережеп айынан кейін Шағбан айы келеді. Міне, бұл екі ай Рамазанның хабаршысы іспетті. Осы айлардан бастап, оразаға дайындық көре бастаймыз. Биылғы Рамазан айы 6 маусымда басталады Оразада тек ішіп-жеуден ғана емес, әдепсіз істерден, әдепсіз сөздерден тыйылу керек. Көркем мінезді болуға талпынсақ. Бас мүфти әр жылы мереке қарсаңында үндеуін жариялайды. Рамазан – Құран түскен ай. Қасиетті кітабымызды көп оқу керек. Дүкендер мейлінше арақ-шарап сатпаса дейміз.
Бұл Рамазанды көруге сіз бен бізге Алла нәсіп етсін. Соған шүкірлік ете білу керекпіз. Рамазандағы ұлы сауаптарды, шарапаттарға кенелуді Алла бұйыртсын баршамызға. Ұлық мерекеде дәстүрге сай БАҚ өкілдерімен, ардагерлер кеңесімен бірге сұхбат құрып, бірге дастархан басында кездессек деген жоспарымыз бар. Ауызашарда бірге ауыз ашуға шақырамын!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

«Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.

http://shymkala.kz/

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38