Ардақты пайғамбарымыздың (ﷺ) ең соңғы өсиеттерінің бірінде: «Расында, сендердің өмірлерің, мал-дүниелерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті қала Мекке, осы қасиетті қажылық айы, осы қасиетті күн арафа күні сияқты қасиетті. Оған қол сұғуға тыйым етіледі», (Бұхари, Муслим) деп, ислам дініндегі құндылықтардың бірін ескертті.
Расымен де, әр мемлекеттің ең қымбат дүниесі – адам және оның өмірі мен бостандығы. Мұның барлығы тәуелсіздік арқылы жүзеге асатыны мәлім. Ал, тәуелсіздік тек ауызбіршілік пен ынтымақ бар елге мекендейді. Алауыздық жайлаған жерде тәуелсіздік тұрлаусыз. Қазақ «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп тектен-тек айтпаған. Ынтымағы жарасқан елді жау алмайды, ауызбіршілігі мығым жұртты дұшпаны басынбайды. Құран Кәрімде: «…Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта көмектесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар…» (Маида сүресі, 2-аяты)деп әмір етеді.
Бұл оқиға ислам тарихында «Масжид-дирар» деген атпен белгілі. Риуаят Уруа, Қатада, Сағид бин Жарир және басқа сахабалар арқылы жеткен.
Мәдина шаһарын Аус және Хазраж деген екі атадан тараған арабтардың жұрты еді. Хазраж руының атқа мінерлерінің ішінде Әбу Амирдің беделі жоғары болды. Ол жаһилиет дәуірінде насара дінін қабылдаған араб. Руластары Әбу Амирді Мәдина қаласының басшысы етпек болған еді. Осы шақта Мәдиналықтар бірінен соң бірі мұсылман боп, Меккеден де мұсылмандар һижрет етіп келіп шаһарға қоныстанып жатты. Көп өтпей-ақ, әз-пайғамбар (ﷺ) Мәдина қаласына көшіп келді. Пайғамбар (ﷺ) маңайына шоғырланған адамдардың саны күн санап өсіп жатты. Кеше ғана қалаға басшы болайын деп тұрған Әбу Амирді жұрт ұмытты. Мансап қуған Әбу Амир енді өзінің Алла елшісіне деген дұшпандығын айқын көрсетіп ақыр соңы Меккедегі мүшриктерде барып паналамақ болды. Ол жай жатпай мүшриктерді мұсылмандарға айдап салу әрекеттерін үдете түсті. Бірақ бұған қарамай исламның нұры адамдардың жүректерін жаулап жатты. Әрекетінен түк шықпағанын көрген Әбу Амир Рум патшасы Хираклге барып, пайғамбарға қарсы соғыста одақтас болуын сұрап өтінді. Патша да оған уәде беріп, дәмелендіріп қойды. Әбу Амир патшаның қарамағында бірер уақыт аялдады. Мәдинадағы мұнафиқтарға хат жазып, Хираклдің уәдесінен дәмелендіріп қойды. Хатында Мәдинадағы жақтастарына жоспарын жүзеге асыру үшін бір орын әзірлеуін тапсырады.
Мәдина мұнафиқтары бір сұмдық істі бастап кетті. Олар Құба мешітінің жанынан тағы бір мешіт құрылысын бастап жібереді. Құрылыс жұмыстарын жылдамдатып, Алла елшісі (ﷺ) Табук жорығына шығар алдын бітіріп үлгерді. Сырты мұсылман, іші мұнафиқ болған бұл топ пайғамбарға келіп жаңа мешітте намаз оқуын өтінеді. Ондағы ойлары әз-пайғамбардың (ﷺ) ғибадат еткенін арқау етіп, мешітті сақтап қалу. Ал, жаңа мешітті салудағы мақсаттарын: әлсіз адамдарға және қыс күндері Құба мешітіне бара алмайтындар үшін салдық, деп түсіндірді. Ардақты пайғамбар (ﷺ): «Қазір біз жолға қамдану үстіндеміз. Алла қаласа, келген соң көре жатамыз» деп жауап беріп Табук жорығына аттанып кетті. Бұл жорықтан пайғамбар (ﷺ) аман-есен қайтып келе жатқан. Мәдина қаласына бір күндік қашықтық қалған еді. Әз-пайғамбардың (ﷺ) досы Жәбірейл періште уахи әкелді. Жәбірейл (ғ.с.) жаңадан салынған мешіт құлшылық ету үшін емес, мұсылман ынтымағын бұзып, араға жік салу үшін тұрғызылғандығы жайлы хабардар етті. Бұл оқиға Құран Кәрімде:
«Мүминдерге зиян тигізу, күпірліктерін ұлғайту, олардың ынтымағын ыдырату және Аллаға, Оның пайғамбарына қарсы соғысқан адамның келуін қарсы алу мақсатымен мешіт салған адамдар: «Біз жақсылықтан басқаны қаламадық»,- деп ант ішеді. Олардың барып тұрған суайт екеніне Алланың Өзі куә. Ол мешітте сен, сірә де, намаз оқушы болма. Сенің намаз оқуыңа әуелден діндәрлыққа негізделген мешіт көбірек лайықты. Онда тазаруды сүйетін адамдар бар. Пәк жандарды Алла жақын тұтады» (Тәуба сүресі, 107-108 аяттары) деп баяндалған.
«Мұсылман бір іннен өзін екі рет шақтырмайды» деген пайғамбар (ﷺ) өсиетін ескерсек, біз ынтымағымызға залалы бар, ауызбіршілігімізге кесірі тиетін барлық іс-әрекетке басынан-ақ тосқауыл қойылу қажет. Бұл оқиғаны заманымыздың заңғар ғұламасы шейх Рамазан әл-Бутидің «Фиқһус-сира» еңбегінде жазылған.
Сахаба Һузайфа (р.а.) былай дейді: Адамдар Алла елшісінен (ﷺ) жақсылық жайлы сұрайтын. Ал, мен сақтанып жүрейін деп жамандық не екенін сұрайтынмын. Бір күні мен: «Уа, Алла елшісі! Расында біз жаһилиетте және надандықта болдық. Алла бізге осы жақсылықты (Исламды) берді. Осы жақсылықтан кейін бір жамандық бар ма?» деп сұрадым. Пайғамбар (ﷺ): «Иә» деді. мен: «Сол жамандықтан кейін бір жақсылық болады ма?» дедім. Пайғамбар (ﷺ): «Иә, бірақ бір бұлыңғырлық бар» деді. мен: «Ол бұлыңғырлық не?» деп сұрадым. Алла елшісі (ﷺ): «Адамдар тура жолда әрең жүреді» деді. Мен: «Осы жақсылықтан кейін тағы бір жамандық болады ма?» дедім. Пайғамбар (ﷺ): «Иә, тозақ есіктеріне шақырушылар болады. Кім оларға ілессе, тозаққа құлайды» деді. Мен: «Уа, Алла елшісі! Оларды бізге суреттеп беріңіз» дедім. Пайғамбар (ﷺ): «Олар біздің нәсілден болады, біздің тілімізде сөйлейді» деді. Мен: «Егер сол уақытта өмір сүрсем, не істеуім керек?» дедім. Пайғамбар (ﷺ): «Мұсылмандар жамағаты және басшысымен бірге бол» деді. Мен: «Мұсылмандардың жамағаты және басшысы болмаса ше?» дедім. Пайғамбар: «Ол топтардың барлығынан оқшау жүр, жолама. Тіпті, ажалың келгенше ағаштың тамырын тісіңмен тістеп жатып алсаң да, сол күйде бол» деп ескертті. (Бұхари, Муслим, Термизи)
Һижреттің бесінші жылы, шағбан айы еді. Мусталиқ руын бастап Харис бин Дирар пайғамбарымызға (ﷺ) қарсы көтеріледі. Суық хабарды естіген мұсылмандар қол жинап, жауға қарсы жорыққа шығады. Екі жақ су жанында жолығады. Мұсылмандар жауын жеңеді. Алла елшісі (ﷺ) жорыққа шығар алдын түсетін олжаның бестен төртін жауынгерлерге бөліп беруді уәде еткен еді. Жаяу әскерге бір үлес, ал атты жауынгерге екі үлестен.
Сыныққа сылтау іздеп, жорыққа шықпай, үнемі қалып қойып жүрген мұнафиқтар мол олжа жайлы хабарды естіген соң әскерге қосылды. Қала берсе, мұсылмандар үнемі жеңіспен оралып жүрді. Сондықтан, қорықпай оңай олжалы боламыз деген жымысқы ойлары болды.
Әңгіменің бізге керек тұсына көшейік. Жорық кезінде Омар бин Хаттабтың (р.а.) қызметшісі Жаһжаһ бин Сағид (Ғифар руының адамы) Синан бин Уабар (Жаһни руының адамы) екеуі жаға ұстасып қалады. Бұл Мұриасиғ суының басында болған еді. Жаһнилық: «Ей, ансарлар қайсың барсың!» деп руластарын жәрдемге шақырды. Ал, Ғифарлық: «Уа, Муһажирлер! деп өз жерлестерінен көмек сұрады. Екі жақ әлігі екеуін тыйып тастады. Бірақ, бұл әңгімені әскер ішіндегі екіжүзділер көсемі Абдулла бин Убайдың құлағына жетеді. Ол өз адамдарына: «Бұлар есірген екен. Біздің жерде көбейіп, семірді. Егер Мәдинаға қайта оралар болсақ, ең үстем адам ең қор адамды Мәдинадан қуып шығарады» деп бөседі. Үстем адам деп тұрғаны өзі. Ал, ең қор адам деп пайғамбар мен мұсылмандарды меңзеген болатын.
Бұл сөзді сахаба Заид бин Арқам естіп қалады. Ол дереу Алла елшісіне барып екіжүздінің жаман пиғылынан хабар береді. Осы сәтте пайғамбар (ﷺ) құзырында хазірет Омар (р.а.) отырған еді. Омар: «Уа, Алла елшісі! Уббад бин Башарға бұйрық беріңіз екіжүздіні өлтірсін» деді. Пайғамбар (ﷺ): «Қалай бұйрық беремін, Омар! Жұрт Мұхаммед өз адамдарын өзі өлтіріп жатыр демей ме? Жоқ» деді. Сосын сөзін жалғастырып: «Әскерге жолға шықсын деп бұйрық бер» деді. Әскер күн көзі көкжиектен ғайып болғанша тоқтаусыз жүріп отырады. Бірақ пайғамбар демалуға рұқсат бермеді. Әскер түнделетіп те дамылмай жүріп отырды. Ертесіне ғана демалуға рұқсат етті. Шаршаған әскер тізе бүкпей бірден ұйқыға кетті. Осылайша, мұнафиқтар таратып жүрген сөзді мұсылмандар талқыламау үшін әрі ауызбіршілікті сақтап қалу үшін пайғамбар (ﷺ) осы қадамға барған еді. Абдулла бин Убай бастаған мұнафиқтардың жымысқы әрекеті жайында Жәбірейіл (ғ.с.):
«Олар: «Біз Мәдинаға қайтып барсақ, онда ең үстем адам ең қор адамды қуып шығарады» деседі. Анығында, үстемдік – Аллаға, Оның пайғамбарына және мүминдерге тән. Бірақ, екіжүзділер мұны түсінбейді» (Мунафиқун сүресі, 8-аят) деген уахи түсірді.
Мәдинаға оралған соң мұнафиқ Абдулла бин Убайдың баласы (баласының аты да Абдулла еді) пайғамбар (ﷺ) құзырына келіп: «Сіз әкемнің арандатушылығы үшін өлімге кеспек екенсіз. Егер басқа шара жоқ болса, маған рұқсат етіңіз өзім оның басын әкеліп берейін. Аллаға ант етейін, мына хазраж ішінде менен асқан әкесін аса сыйлайтын жан жоқ. Ал, басқа біреу әкемді өлтіретін болса оның адамдар арасында аман жүргізбей қоямын ба деп қорқам. Осылайша бір кәпірді (әкесін айтып тұр) өлтірген мұсылманға қастық етіп, өзім тозақи болудан қорқам» деп өтінді. Әз-пайғамбар (ﷺ): «Жоқ, ол қарияның қанша жасы қалды дейсің. Оған жақсы қарым-қатынас етуімізді тоқтатпаймыз» деп кешірім жасады.
Бұдан кейін Абдулла бин Убай бір бәленің басын бастағаннан өз руының адамдары кейіп тастайтын болды. Алла елшісі (ﷺ) хазіреті Омар бин Хаттабқа (р.а.): «Көрдің бе, Омар! Егер сол кезде сені тыңдап ол мұнафиқты өлтірткенімде, бір бәле болар еді. Ал, бүгін оны айыбын ел-жұрт біледі. Өлтір десем, өз жұрты-ақ өлтіруге дайын» деп өз шешімінің сырын айтты. Хазіреті Омар (р.а.): «Мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) аса парасаттылығына тағы бір рет көзім жетті»,-деп Алла елшісінің шешіміне дән риза болған екен.
Ардақты пайғамбар (ﷺ) ел мүддесін, оның ауызбіршілігін жеке мүддесінен үнемі үстем еткен. Жеке мүддесін мұсылмандар ауызбіршілігі жолында құрбан етуші еді.
Демек, қандай жағдайда да ең әуелі ел бірлігін, жұрт тыныштығын барлық мүддеден жоғары қою қажет. Халқымыз – дархан. Пейілі жеріндей кең. Татулығы жарасқан. Алыс-жақын барлық мемлекеттер сыйлайды. Алла Тағала халыққа басшыны, елдің пейіліне жараса береді. Сол басшы елдің ынтымағының, бірлігінің һәм берекетінің ұйытқысы болмақ.
Руслан Қамбаров,
исламтанушы
e-islam.kz