Қасиетті Рамазан айында жан басына берілетін пітір садақа мөлшері еліміз бойынша 300 теңге болып белгіленді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан осылай бекітілді.
Пітір сөзі (араб тілінде) – «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған. Пітір садақа – күнделікті қолданатын негізгі қажеттерінен тыс, кем дегенде, нисап мөлшерінен (85 гм алтын немесе құнына тең) байлыққа ие адамға уәжіб садақа.
Пітір садақа екі келі бидай немесе оның өнімдерімен және төрт келі мейіз, құрма немесе арпамен есептеледі. Дегенмен азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын бергені абзал.
Мүбәрак Рамазан айының алғашқы күнінен айт намазына дейін пітір сақадақсы беріледі. Әрбір мұсылман үшін Рамазан айында жағдайы төмен, жетім жесірлерге немесе мешіттерге арнайы берілетін садақа.
Алла Тағала қасиетті айда берілген пітір, зекет садақаларыңызды қабыл етсін, Әмин!
Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
өкіл имамының орынбасары, дінтанушы