Мақтарал аудандық орталық «Нұғман» мешітінде ауыл-аймақ ақсақалдары мен билері, ауыл әкімдері мен өңір имамдарының қатысуымен кеңейтілген жиын болып өтті. Жиынды ауданның бас имамы Сыздықов Бекзат ашып беріп, жиналыстың негізгі мазмұнына көшті. Жиынның мақсаты: аудандағы орын алып жатқан жаназа және жерлеу рәсімдеріндегі кетіп жатқан олқылықтардың алдын алу, діни шаралар, ас беру мәселелерін бірізділікке салу және де Қасиетті Рамазан айындағы жаңалықтармен таныстыру. Бас имам өз сөзінде: «Құрметті алдыңғы буын ағалар, ақсақалдар! Қазіргі таңдағы жастар- ең бақытты буын. Себебі, алдарында ағалыққа жарайтын аға буын өкілдері бар, ала білсе, берері мол сіздер секілді қазыналы қариялары бар.»- деп, әуелі келген қонақтарға ризашылдығын білдірді. Келесі болып, аудандық «Нұғман» мешітінің найб имамы Б. Шаймерден ҚМДБ ОҚО өкілдігінің жариялаған «Ұлттық салт- дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау » үндеуімен таныстырып, баяндама жасады. Әрі қарай, аудан имамы Жаназа және жерлеу рәсімдерінің тек ҚМДБ бекіткен талаптарына сай өткізілуін, Құдайы астар мен бейсенбіліктерді және т.б іс- шаралардың да тиісті бағытта орындалуын қадағалау мешіт жанынан құрылған ақылдастар алқасы мүшелеріне және ауыл билеріне жүктелетіндігін айтып, әрбір үйдің қызығы мен шыжығында, қуанышы мен қайғысын да бөлісіп жүрген имамдарға қолдау көрсетуді сұрады. Және де «қазіргі таңда әр мұсылман мына істерді жасауы керек. Олар: ұлттық салт- дәстүрлерді берік ұстану, діни ағымға ілескендерге дәстүрлі Ислам дінін түсіндіру, жастарға тәлім- тәрбие беру, діни құндылықтардың қадіріне жете білу»-деді.Сонымен қатар, он екі айдың сұлтаны Рамазан айы қарсаңында жаңалықтармен таныстырып, оразаның басталуы, пітір садақасының мөлшері және қадір түні мен айт намаздары күндерін айтып өтті. Жарыс сөзге А. Қалыбеков ауылдық округі молдасы А. Досанов шығып: «Құрметті отандастар, қадірлі ақсақалдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ата- бабаларымыз туған жерді жаудан аман алып қалды. Бірінші Алла екінші бірліктің арқасында осылай жеңіске жетіп отырған. Біздерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, басшы не бұйырса соны атқарайық. Алла бірлігімізден айырмасын»- деді. Келесі сөз алған Иіржар ауылдық округі ақсақал- биі Т. Якупов: «Қайбір жаназада болмасын имам осы көтерілген мәселелерді толықтай халыққа жеткізіп отыруы керек. Ал біздер ауылдың билері болып, қариялары болып қолдау көрсетіп жүрейік»- деп ұсынысын білдірді.
Жиын соңында келген қонақтарға ыстық ықылас білдіріліп, Рамазан айының ораза кестесі таратылды.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі