Шымкент қаласындағы «Ынтымақ» әжелер мектебінің 10 жылдық мерейтойы ерекше мазмұнды, көтеріңкі көңіл күйде аталып өтті.
Тағылымды басқосу Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының бас имамы Орын Ербосын Бектұрсынұлының қатысуымен, әжелер мектебінің төрайымы Қалдыкүл Бекжанованың бастамасымен ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға Әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Досжанова, Қонаев мешітінің ұстазы Амина, Абдурахман Махсумий мешітінің ұстазы Наргиза және Айгүл қари ұстазымыз да қатысты.
80-ге жуық әже бас қосқан шара танымдық сұрақтармен, қызықты тапсырмалармен, естеліктер мен ақжарма тілектерге толы болды. Сонымен қатар мектептің дамуына үлес қосқан жандарға алғыс хаттар табысталды.
Он жыл – тек өткен уақыт емес, талай жүрекке жол тапқан тәрбиенің, жалғасқан дәстүр мен ортақ еңбектің тарихы. Әженің өнегесі отбасымен шектелмейді, ол – тұтас қоғамның рухани байлығы. Осындай мектептердің басты құндылығы – өмірлік тәжірибені имандылықпен ұштастырып, кейінгі буынға ізгілік аманатын жеткізу.
«Ынтымақ» мектебінің ынтымағы артып, өнегелі жолы жалғаса берсін! Алла баршаңыздың еңбектеріңізге береке берсін!
















