Қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап келген ең асыл дәстүрлерінің бірі – бата беру. Халқымыз кез келген игі істі үлкендердің ақ тілегімен бастап, олардың батасын алуды берекенің, бақтың және жақсылықтың бастауы деп санаған. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген даналық сөз соның айқын дәлелі.
Ислам дінінде де ізгі тілек айтып, дұға жасау сауапты амалдардың бірі саналады. Бата – адамның адамға жасаған шынайы дұғасы, жүректен шыққан ақ тілегі. Ал дұға – мұсылманның ең қуатты рухани қаруы. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Раббыларыңа жалбарынып, шын ықыласпен дұға етіңдер» («Ағраф» сүресі, 55-аят), – деп бұйырады.
Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – құлшылықтың мәйегі» (Тирмизи), – деп дұғаның мұсылман өміріндегі ерекше орнын көрсеткен. Ата-бабаларымыз үлкеннің батасын алуды өмірлік қағидаға айналдырған. Жас жігіт алыс сапарға шығарда, жауға аттанарда, отау көтерерде, жаңа іс бастарда ақсақалдардың батасын алған. Өйткені ақ ниетпен берілген бата адамға рухани күш-қуат беріп, жақсылыққа жетелейді.
Бүгінде кейбір жастар үлкендердің батасын алудың қадірін жете түсіне бермейді. Алайда ата-ананың, ата-әженің, ел ағаларының ақ тілегі ешбір дүниемен өлшенбейтін рухани байлық екенін білгейсің. Әсіресе ата-ананың баласына жасаған дұғасының қабыл болуына қатысты хадистер көп. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-ананың перзентіне жасаған дұғасының қабыл болатынын сүйіншілеген.
Бата тек той-томалақта ғана берілетіндәстүр емес. Ол күнделікті өмірдің де ажырамас бөлігіне айналды. Таңертең баласына ақ жол тілеген ана, адал еңбекке кіріскен перзентіне ақ батасын берген әке, елге қызмет етуге ниеттенген жасқа ақ тілегін арнаған қариялар халқымыздың асыл дәстүрін жалғастырып келеді.
Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен дастарқан әдебінде ерекше орын алатын игі дәстүрлердің бірі – қолға су құю. Бұл жай ғана тазалық рәсімі емес, үлкенге құрмет көрсетудің, қонаққа ізет білдірудің және қызмет етудің жарқын көрінісі. Ата-бабаларымыз астан бұрын да, астан кейін де қонақтың қолына су құйып, орамал ұсынып, оны сый-құрметтің белгісі санаған.
Ислам діні тазалыққа ерекше мән береді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы» (Мүслім), – деп тазалықтың мұсылман өміріндегі маңызын өсиет еткен. Сондықтан қол жуу денсаулықты сақтаудың ғана емес, мұсылман әдебінің де бір бөлігі.
Қазақтың кең дастарқанында қолына су құю құрметті қонақтан басталатын болған. Бұл арқылы халқымыз «сіз біздің қадірлі қонағымызсыз» деген ілтипатын білдірген. Сонымен бірге бұл рәсім жастарды үлкенге қызмет етуге, кішіпейілділікке және ізеттілікке тәрбиелеген.
Бүгінде кейбір жастар бұл дәстүрді ескіліктің қалдығы деп қабылдауы мүмкін. Алайда оның астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Қолға су құйған жас өзінен үлкенді сыйлауды үйренеді, ал үлкен кісі жастарға ақ батасын беріп, ізгі тілегін арнайды. Осылайша бір қарағанда қарапайым ғана көрінетін рәсім ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтады.
Қазақ халқында «Қызмет қылғанның қадірі артады», «Үлкенге қызмет – кішіге өнеге» деген тағылымды сөздер бар. Шын мәнінде, өзгеге қызмет ету адамның кішілігін емес, керісінше оның тәрбиесі мен көркем мінезін көрсетеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қауымға қызмет еткен – олардың мырзасы», – деген мағынадағы өсиеті арқылы адамдарға қызмет етудің абыройлы іс екенін білдірген.
Қолға су құю дәстүрі бізге тағы бір маңызды құндылықты үйретеді. Ол – ысырап жасамау. Бұрын үлкендер суды мөлшермен пайдаланып, әрбір нығметтің қадірін білген. Су Алла Тағаланың адамзатқа берген ең үлкен нығметтерінің бірі болғандықтан оны үнемдеп пайдалану қажет. Ендеше дәстүрдің тәрбиелік мәнін жоғалтпайық. Үйімізге келген қонаққа ілтипат көрсетіп, үлкенге қызмет етуді мәртебе санайық. Қолға су құю бір құман су ұсыну ғана емес, ол ата дәстүріне құрмет, үлкенге ізет, кішіге өнеге және халқымыздың көркем мәдениетін жалғастыру екенін ұмытпайық.
Бата берген үлкендерге алғыс білдіру де – игі дәстүрлеріміздің бірі. Өйткені қазақ халқы ежелден жақсылықты бағалап, игілікке ризашылық білдіруді адамдықтың асыл қасиеті деп білген. «Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас», «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген даналық сөздер халқымыздың алғыс айту мәдениетін ерекше қастерлегенін көрсетеді. Шын мәнінде, алғыс айту – көркем мінездің, кісіліктің және имандылықтың айқын белгісі.
Ислам діні де адамды ең алдымен Жаратушысына шүкіршілік етуге, содан кейін адамдардың жасаған жақсылығын бағалай білуге тәрбиелейді. Өйткені Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, нығметімді арттыра түсемін» («Ибраһим» сүресі, 7-аят), – деп шүкіршілік еткен құлына берекесін еселей түсетінін сүйіншілейді.
Шүкіршілік тек тілмен айтылатын сөз ғана емес. Ол – жүректегі ризашылық, тілдегі алғыс және амалдағы игі іс. Ал адамдарға алғыс айту сол шүкіршіліктің қоғамдағы көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдарға алғыс айтпаған адам Аллаға да шүкір етпейді» (Тирмизи), – деген. Бұл хадис мұсылманның өзіне жасалған жақсылықты бағалай білетін жан болуы керектігін аңғартады. Біреудің еңбегін елемеу немесе жасаған жақсылығын ұмыту – мұсылман әдебіне жат қылық.
Исламда ризашылықтың орны ерекше. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға жақсылық жасағандарға алғыс білдіруді үйреткен. Тіпті жақсылық жасаған адамға: «Алла саған қайырын берсін» деп дұға жасауды насихат еткен. Бұл – алғыстың ең көркем түрлерінің бірі.
Алғыс айту ең алдымен ата-анаға құрметтен басталады. Бізді дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген әке мен ананың еңбегін ешбір дүниемен өтеу мүмкін емес. Сондықтан оларға жылы сөз айтып, көңілін тауып, қызмет ету – перзенттік парыз. Ұстаздың тәлімін бағалау, ағайынның қамқорлығын ұмытпау, көршінің көмегіне ризашылық білдіру, достың жанашырлығын қадірлеу сынды амалдар мұсылманның көркем мінезінің көрінісі болып саналады.
Қазақ халқы алғыс сөзді жай ғана әдеп емес, тәрбиенің құралы деп білген. Үлкендер жас буынға жақсылық жасаған адамға міндетті түрде рақмет айтуды үйреткен. Өйткені алғыс айтылған жерде адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі артып, сыйластығы нығая түседі.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта кейбір жастар қарапайым ғана «рақмет» сөзін айтуға немқұрайлы қарайды. Көрсетілген қызметті міндет деп қабылдап, жақсылықтың қадірін сезінбей жатады. Мұндай көзқарас адамның жүрегіндегі мейірімді әлсіретіп, тәкаппарлыққа жетелеуі мүмкін. Сондықтан әрбір мұсылман өзіне жасалған жақсылықты бағалап, шынайы ризашылығын білдіріп үйренуі қажет.
Алғыс айту адамның өзіне де пайдасын тигізеді. Ғалымдар ризашылық білдіретін адамдардың көңіл күйі көтеріңкі болатынын, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы жақсаратынын айтады. Ал Ислам мұны он төрт ғасыр бұрын-ақ адам тәрбиесінің маңызды қағидаларының бірі ретінде бекіткен.
Алғыс тек сөзбен ғана емес, іспен де көрінеді. Ата-ананың алғысын алу үшін оларға қызмет ету, ұстаздың алғысын алу үшін білімді дұрыс пайдалану, елдің алғысын алу үшін адал еңбек ету қажет. Халқымыздың «Көптің алғысын алғанның көсегесі көгереді» деуі де осыдан.
Жақсылықтың қадірін білген қоғамда татулық орнайды. Бір-біріне рақмет айтатын отбасында береке болады. Бір-бірінің еңбегін бағалайтын ұжымда ауызбіршілік қалыптасады. Ал жақсылыққа алғыс айтатын халықтың рухани деңгейі әрдайым биік болады. Сондықтан балаларымызды кішкентайынан алғыс айтуға тәрбиелейік. «Рақмет» сөзін айтуды әдеп қана емес, иманның белгісі ретінде түсіндірейік. Жақсылық жасаған жанға ақ тілегімізді арнап, дұға жасауды өмірлік дағдымызға айналдырайық. Өйткені алғыс айтылған жерде сүйіспеншілік артады, мейірім көбейеді, береке орнығады.
Алла Тағала баршамызды шүкіршілікті өмір салтына айналдырған, өзіне көрсетілген әрбір жақсылықтың қадірін білетін, адамдарға алғыс айтып, Аллаға әрдайым шүкір ететін ізгі құлдарының қатарынан етсін! Елімізде бір-біріне құрметпен қарап, жақсылықты бағалайтын, алғысты ардақтайтын ұрпақ көбейе берсін! Әумин!
Мақала авторы: Мұхамеджан Естеміров, дінтанушы-ғалым
