Шымкент қаласындағы Сейітжан Қари мешітінде жүрекке жылу сыйлаған ерекше оқиға орын алды. Шетелге сапарға шыққан Марзан Анастасия жолай Шымкент қаласы арқылы ұшатын болғандықтан, мешітке соғып, тынығып кетуді жөн көрген. Алайда бұл сапар оның өміріндегі маңызды сәттердің біріне айналды.

Оның айтуынша, соңғы уақытта түсінде көрген кейбір оқиғалары өңінде қайталанып жүрген. Сондай түстерінің бірінде оған бір кісі құлшылықты дұрыс орындаудың маңызын айтып, намаз оқып тұрған мұсылман адамның іс-әрекетін үлгі еткен. Осы оқиғадан кейін ол намаз, Ислам діні және мұсылманшылық туралы ізденіп, діни білімге қызығушылығы арта бастаған.

Осылайша, Шымкент қаласындағы Сейітжан Қари мешітіне келген азаматқа ұстаз Әуелбек Аружан жол көрсетіп, имам Айдос имаммен тілдестіріп, Ислам діні туралы мағлұмат алды. Көп ұзамай шын ықыласымен кәлима шәһадатты айтып, мұсылман болды.

Бұл сәт – адам өміріндегі үлкен рухани өзгерістердің бірі. Мешіт ұжымы жаңадан Исламды қабылдаған бауырымызға ақ жол тілеп, иманы бекем, қадамы қайырлы болуын тіледі.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38