Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Байғұт баба мешітінде «Құран әліппесі және тәжуид ережелері» және «Ислам ғибадаты» пәндері бойынша тағылымды сайыс-сабақ өткізілді.
Сайыс барысында шәкірттер өз білімдерін ортаға салып, берілген тапсырмаларды орындап, ережелер мен жаттаған дұғаларын айтып, білім деңгейлерін көрсетті. Түрлі тапсырмалар арқылы шәкірттердің алған білімдері сараланып, ізденістері мен талпыныстары бағаланды.
Сайыс қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен үздік шәкірттер, сабаққа тұрақты қатысып жүрген білім алушылар және дәптерлерін толық әрі көркем жазумен ерекшеленген шәкірттер арнайы сыйлықтармен марапатталып, алғысқа бөленді.
Осындай сайыс-сабақтар шәкірттердің білімін бекітіп қана қоймай, олардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, ізденуге, талпынуға және жақсы нәтижеге ұмтылуға ынталандырады.
Білім мен тәрбиені ұштастырған бұл сайыс-сабақ шәкірттер үшін ерекше әсерлі, ғибратты әрі пайдалы кездесу болды. Алла Тағала шәкірттердің ілім жолындағы қадамдарына береке беріп, алған білімдерін пайдалы етсін!




