Шымкент қаласы Есжанұлы Сейітжан қари мешітінде, Әліппеден – Құранға нұрлы жол атты Құранға түскен шәкірттерге арналған рухани кеш өтті.
Мешіт жанындағы білім ордасында төрт ай бойы дәріс алып, әліппені толық тәмамдаған әйел-қыздар шәкірттері қасиетті Құран әліміне қадам басып, арнайы тәж кигізу рәсімінен өтті. Шәкірттерге қасиетті Құран кітаптары табысталып, көпшілікке ерекше қуаныш сыйлады.
Аталған шәкірттерге үш топқа Құран ілімін үйреткен ұстаздар Гүлзамира Мұстафақызы, Майра Нұғманқызы және Әсель Айнакулова шәкірттердің білімге деген ықыласын арттырып, рухани тәлім-тәрбие беруде аянбай еңбек етті.
Сонымен қатар шәкірттерге төрт ай бойы отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, әйел адамның қоғамдағы орны мен хадистер тағылымы бағытында дәріс жүргізген Балжан Асылханқызы рухани сабақтар өткізіп, шәкірттердің дүниетанымының қалыптасуына үлес қосты.
Шара барысында бұл жетістік – ұстаздардың ерен еңбегі, шәкірттердің ықыласы мен сабырының нәтижесі екені ерекше атап өтілді. Қысқа уақыт ішінде әріп танып, Құран оқуға қадам басқан шәкірттердің қуанышы көпшіліктің жүрегіне әсер сыйлады.
Форумға жиналған қауым тәж киіп, Құран қабылдаған шәкірттердің әсерлі сәтіне куә болып, рухани кештен ерекше тағылым алды.
Аталған игі шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүзеге асырып жатқан рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстардың жарқын көрінісі ретінде бағаланды.
















