Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с) бір хадисінде: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер» – дейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да 2016 жылы 14- қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1- наурызды «Алғыс айту» күні деп жариялаған болатын. Яғни, тағдыр тәлкімен қоныс аударып келген көптеген этнос өкілдерінің бейбітшілікті ту еткен қонысына айналған қасиетті қара топырақ, қонақжай, дархан көңілді қазақ халқына деген терең тағзымы. Бұл күнді тек қана өзге ұлт өкілдерінің ғана емес, қиын-қыстау заманда бір-бірін демеп, Тәуелсіз елді құруда талай тер төгіп, қажырлы еңбек еткен барлық халықтың бірін-біріне құрмет көрсететін берекелі күні. Осынау Мырзашөлдің төрінде орналасқан Мақтарал ауданы дін қызметкерлері игі бастамадан кемде қалмады. Атап айтар болсақ: әуелі ауданымыздың бас имамы Бекзат Оқапұлы Фердауси елді мекенінде тәжік ұлты өкілдері, қарияларымен арнайы кездессе, Атакент өңіріне қарасты «Қанайұлы Көбей» мешітінің имамы Хадыршаев Абдухафиз, «Мырзақұл ата» мешітінің имамы Шиндаулиев Уалихан және Аудандық «Нұғман» мешіті Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен өзге ұлттан ұстаз имамдары мен жамағаттарына арнайы дастарқан жайып, иықтарына шапан жапты. Одан өзге қалалық «Нұр-Жетісай» мешітінің имамы Нурматов Абдурахман және мешіт жамағатының ұйымдастыруымен бес уақыт намазға ұдайы келетін ақсақал, қарттарға арнап ас берді. Мешіттің ашылуынан қазіргі таңға дейін қол ұшын беріп келе жатқан бірнеше мешіт жанашырларына Аудан имамы атынан «Алғыс хат» табысталды. «Нағанай ата» мешітінің имамы Бименов Мұсабек ауыл ақсақалдарымен біріге кең ауқымды ауыл тұрғындарына ас берді. Арнайы қонақ ретінде келген Аудан әкімі Ғалым Ыбырайұлы және Нұр Отан ХДП хатшысы Мұхтар Жайлемшиев айтулы мерекемен келген дүйім жұртты құттықтады. Сонымен қатар, ауданда орналасқан барша мешіттерде Алғыс айту күніне орай арнайы ас дайындалып, біршама игі істер, қайырымдылықтар орын алды.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі