Шымкент қаласындағы орталық мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарламалық баяндамасы аясында ҚМДБ қабылдаған концептуалды құжаттарға арналған танымдық семинар өтті.
Іс-шара қасиетті Құран Кәрім оқумен басталды. Семинарды ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет ашып, жүргізді.
Жиын барысында ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай, сондай-ақ ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Асан Тілеубердиев, Кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов, Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Сағым Серікқалиұлы және Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов қатысып, мешіт имамдары мен Шымкент медресе-колледжінің ұстаздарына мазмұнды дәрістер оқыды.
Семинар барысында 2015 жылдан бері ҚМДБ тарапынан қабылданған концептуалды құжаттар жүйеленіп, негізгі бағыттары таныстырылып, кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», «ҚМДБ қызметкерлерінің этикасы», «Жеті рухани қазық», «Зияткер имам тұжырымдамасы», «Отбасы құндылығы тұғырнамасы», «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Қажының рухани келбеті», «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі» сынды бірқатар маңызды құжаттар қамтылды.
Іс-шара барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Семинар соңында қала бас имамы Бақдалет Нұрматұлы сөз сөйлеп, Бас мүфтиге және арнайы келген мамандарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.























