Берекелі Рамазан айының қасиетті жұма күнінде Тұран ауданы аумағындағы Қождан ата Жиеней мешітінде «Көршіңе қуаныш сыйла» атты қайырымдылық іс-шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Қасиетті айда жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы еселенетіні белгілі. Осы орайда ұйымдастырылған игі шараның басты мақсаты – мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету, көрші ақысына деген жауапкершілікті арттыру және қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын насихаттау болды.
Іс-шара барысында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және  отбасыларға азық-түлік таратылып, қайырымдылық көмектер көрсетілді. Жиналған жамағат бірлік пен бауырмалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп, Рамазан айының рухани мәнін тереңінен сезінді.
Мұндай қайырымдылық шаралары қоғамдағы өзара жанашырлықты арттырып, адамдар арасындағы сыйластық пен татулықты нығайта түсетіні сөзсіз. Берекелі Рамазан айында жасалған әрбір игі іс – сауапты амал, жүрекке жылу, мұқтажға қуаныш сыйлайтын үлкен жақсылық.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38