Шымкент қаласы, Қаратау аудандық «Байғұт баба» мешітінде ауданда орналасқан мешіттердің имамдары мен дін қызметкерлерінің қатысуымен семинар өтті.
Семинарға аудан имамы Ербол Қалшабек Тастанбекұлы жетекшілік етіп,
арнайы қатысушы қала имамының орынбасары, «Халал даму» мекемесінің қалалық өкілі Қазыбек қажы Сарыбаев имамға сөз берді.
Өз сөзінде Қазыбек қажы Сұлтанбекұлы алда келе жатқан қасиетті Рамазан айында сәреліктер мен ауызашарлар үшін жайылатын дастархан мәзірінде «Халал даму» мекемесінің сертификаты берілген, «QMDB HALAL» белгісі және ұлттық дәмдердің болуы маңызды екен ескертіп, Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы тарапынан арнайы дастархан мәзірі бекітіліп ұсынылатынын хабарлады.
Семинарды қорытындылаған аудан имамы Ербол қажы Тастанбекұлы, имамдардың IV республикалық форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті» құжатын басшылыққа алып, «Ысырапсыз ас — сауапты іс» жобасын насихаттауды, яғни, үйлерде, дәмханаларда ауызашар берушілерге ысырапқа жол бермеуді және өкілдік тарапынан ұсынылатын ас мәзірін қолдануға үндеуді тапсырды.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі




