Шымкентте есігімізді қағып, енгелі тұрған Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай рухани кеш өтті. Айлардың сұлтаны болған ұлық айды қарсы алу думаны ұлттық нақышта, дін мен дәстүр бағытында ұйымдастырылды. Қадір, қасиетке толы Рамазан айын берекелі өткізу үшін қандай ізгі амалдарға құлшыну керектігін ата-дәстүр үлгісінде көрсету ұйғарылған. Өйткені қазақ халқының тұрмыс-салты ізгілікке, мейірім мен тәрбиеге баулиды. Осылайша рухани тәрбие айы Рамазанның шарапаты мен тәртіптері мазмұнды, тағылымды қойылымдар арқылы көпшілікке дәріптелді. Игі шарада қала бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы жиналған көпшілікті Рамазан айының келуімен құттықтап, Ораза құлшылығының маңыздылығы мен рухани пайдасын ерекше атап өтті.
“Қош келдің, Рамазан” кеші халқымызда ардақты айдың келуін хабарлайтын Жарамазан жырымен басталды. Сонымен қатар кеште Рамазан айына арналған әндер мен термелер орындалды. Ұлттық дәстүр аясында өткен кеште Отбасы және Дәстүр құндылығын дәріптейтін көріністер қойылды. Атап айтқанда, Берекет сыры қойылымы жанұя берекесінің құты мен құлазуы қалай болатыны жайлы тарқатып берді. Ал Сарқыт атты көрініс аталмыш дәстүрдің мән-мағынасын ашып, Сарқыттың хикметі өнеге мен тәрбиенің қайнар көзі екенін айшықтады.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі

















