Астана қаласында ІІ Халықаралық Құран жарысы аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ жанындағы «Қарилар алқасы» мүшелерімен және Құран жаттау орталықтарының директорларымен кездесті.

Кездесу барысында қасиетті Құранды жаттау ісін дамыту, ұстаздар арасындағы тәжірибе алмасу және жас қариларды қолдау мәселелері талқыланды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Құранды жаттап, оны үйретіп жүрген ұстаздар мен қариларға ризашылығын білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады.

«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің”, – деген (Бухари). Бұл хадис – бүгінгі қарилар мен ұстаздарға арналған айрықша марапат әрі зор жауапкершілік», – деді Бас мүфти.

Сондай-ақ Бас мүфти елімізде Құран жаттауға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті:

«ҚМДБ қарауындағы қарилар даярлау орталықтарында бүгінде 688 шәкірт Құран жаттауда. Оның 484-і – ер балалар, 184-і – қыз балалар. Бұл – көңіл қуантатын көрсеткіш», – деді.

Жиын соңында Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына орай бірқатар ұстаздар мен орталық директорларын марапаттады.

Мерекелік медальмен марапатталғандар:

  1. Олжабай Садуақас Сағындықұлы – «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар даярлау орталығының директоры;
  2. Қуанышбаев Арман Баймаханұлы – «Балаби қари» Құран жаттау орталығының директоры;   
  3. Чопабеков Ақылбек Сүюнбекұлы – «Атбасар» Құран жаттау орталығының директоры.

Арнайы алғыс хатпен марапатталғандар:  

  1. Жұмабаев Данияр Әлимұхаммедұлы – «Көк-Төбе» Құран жаттау орталығының директоры;
  2. Ықыласхан Майланұлы – «Ықылас» Құран жаттау орталығының директоры;
  3. Үйсінбаев Берік Арғынбекұлы – «Әз-Тәуке хан» Құран жаттау орталығының директоры;
  4. Карамат Абылайхан Нағызханұлы – «Айқожа ишан» Құран жаттау орталығының директоры.


























By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38