Бүгін, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаевтың бастамасымен зиялы қауым өкілдерінен тұратын облыстық Ақылдастар алқасы құрылды.
Арнайы басқосу отырысына «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Досболов Әбілқасым, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Розакул Халмурадов, ОҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы Батырбек Жалмұрзаев және өкілдіктің найб имамдары т.б. азаматтар қатысты.
Аталмыш отырыс барысында ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Қыдырбайұлы жаңа құрылымның алдағы атқаратын күн тәртібі мен жұмыс жоспарында тұрған бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бастамасы аясында және ҚМДБ Жарғысы мен ережесі негізінде өңірдегі киелі орындардағы шырақшылардың діни білімін көтеру, ҚМДБ пәтуасы негізінде жаназа мен жерлеу мәселелері, құдай ас мәзірін ретке келтіру, облыс көлеміндегі мазараттар мен киелі орындарға зиярат ету ережесі мен тәртібін бірізділікке түсіру, мешіт имамдарының діни біліктілігін арттыруға арналған жедел курстар ашу, дін мен дәстүр мәселелері, т.б. ойларын ортаға салды.
Алқа мүшелері тарапынан зор қолдауға ие болып күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді жедел атқару бойынша жұмыстар атқарылатын болып шешілді.
Басқосу жиынның соңында жаңадан Ақылдастар алқасының төрағасы, хатшылығы және мүшелері бекітілді.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі