Soz talastirudin ziani

Soz talastirudin ziani

Әр нәрсеге сөз қайтаруды әдетке айналдыру, «жоқ, олай емес» деп сөз жұқтырмау өте жаман қасиет. Мәселен біреу: «Далада 25 градус ыстық» десе, оған: «Жоқ, 30 градустан төмен емес» деу оның сөзіне қарсы келу болып табылады. Өйткені бұл сөзімізбен ол адамға астарлы түрде «Сен білмейсің, бұл нәрсені сен түсінбейсің, сен ақымақсың, мен ақылды және білімдімін» дегенді жеткізіп тұрған боламыз. Ал бұл өзін жоғары санап, өзгелерге тиісу деген сөз. Қарсы алдымыздағы адамның кемшіліктерін тауып, оған көрсету күнә болады. Себебі, оның айыбын бетіне басып, ренжітіп, көңілін қалдырған боламыз. Орынсыз ренжіту харам болып табылады. Мұндай жағдайларда өзгенің қатесін айту қажет емес. Керсінше, үндемей қою иманның кемелдігін көрсетеді. Әнас ибн Мәлік: «Сөз таластыруға дінде орын жоқ. Сөз тартысу жүректі қатайтады, кек және жек көрушілік тудырады»,- деген. Кейбір ғалымдар тіпті: «Ең жақсы көретін садық досыңмен сөз тартысып ашуландыр да, артынша басыңа келетін пәлекетті көр»,- деген екен.

Бейкүнә адам өзгелерді дұрыс жолға шақырамын деп сөз тартысуға кіріссе, бұл әрекеті оған күнә ретінде жетіп артылады. Қарсы келуді, сөз тартысуды әдетке айналдырған адамның мінезі де жаман болады.

Имам Ғазали: «Атын шығаруды ғана көздеген адам сөз тартыстырғанды жақсы көреді. Ал аты шығып танымал болу – апат»,- деген.

Сөз тартысу – достың достығын азайтады, ал дұшпанның дұшпандығын арттырады. Момын адам тәкәппар емес, керісінше, салмақты болады, дүниелік істерде оңайлық көрсетеді. Дін істерінде дұрыс болады. Сөз таласпайды.

Әнас ибн Мәлік: «Бір күні біз діни мәселеде сөз тартысып жатқанымызда Алла елшісі жанымызға келді. Бізге ашуланғаны соншалық, ол кісінің дәл осындай ашулы халін бұрын-соңды көрмеген едік. Жанымызға келген әз елші:

«Сөз тартысуды доғарыңдар! Сендерден бұрын келгендер осының кесірінен ғана құрып кеткен еді. Сөз тартысудың пайдасы жоқ, сөз таласу зиянды. Мүмін адам сөз тартыспайды» (Табарани).

Өзінікі дұрыс бола тұра сөз тартысуды тоқтату, айтқаны қате бола тұра сөз тартысуды тоқтатудан қиынырақ. Осы тұрғыдан, айтқаны дұрыс бола тұра сөз тартысуды тоқтатудың сауабы да көбірек болады.

Достар арасындағы кек сақтауға себеп болып, оның отын алаулататын нәрсе – сөз тартысу. Сөз тартысу – қарсы тараптағы адамды надан орнына қою, «сен білмейсің, мен білемін» деп айту деген сөз. Надандықпен айыпталған әр адам аз болса да, қатты болса да, әйтеуір ашуланады. Хадистерде:

«Алла Тағаланың ең жек көретін құлы – сөз тартысуда алға шыққаны» делінген.
Сөз тартысу – өзінің ақылын, қабілеттілік пен білімде үстемірек екенін дәлелдеуге тырысу деген сөз. Ал бұл нәрсе қарсы тараптағы адамды надандық және ақымақтықпен айыптаумен бара-бар. Бұл дегеніміз- дұшпандықтың дәл өзі. Сөз таластырудың зияны жайлы көптеген хадистер жеткен. Солардың бірнешеуін келтірер болсақ:

«Сөз тартыспайтын, ешкімді ренжітпейтін адам жәннаттық» (Тирмизи)
«Сөйлесіп жатқанда қарсы келмейтін немесе айтқаны дұрыс болса да сөз тартысудан аулақ болған адамға жәннаттан зәулім сарай тұрғызылады» (Табарани)
«Айтқан сөзі дұрыс болса да сөз тартысуды доғармаған адам шынайы иманға қауыша алмайды» (Ибн Әбиддүнийа)
«Бүлік шығуынан күмәнданған ұрыстарды тәрк етіңдер» (Табарани)
Сөз таластырудың он түрлі зияны бар:

Көре алмаушылыққа жол ашады

Ал көре алмаушылық өз кезегінде жақсылықтарды оттың отынды жаққаны сияқты жоқ етеді. Сөз тартысуда сөзбен жеңу де, жеңілу де зиянды. Жеңілген адамға «Пәленшенің ой-өрісі сенен жақсырақ екен» деген кезде, сөзбен жеңген адамға іштей көре алмаушылық туа бастайды. Сөз тартысуда жеңген адам өзін үстем санайтын болады. Ардақты пайғамбарымыздың хадисінде: «Алла Тағала тәкәппарланған адамды төмендетеді, қарапайым болған жанның дәрежесін көтереді» делінген. (Табарани)

Шындықты мәнсіз етіп көрсетеді

Сөз таластырған адам өзін үстем санау ауруынан құтыла алмайды. Әрдайым сөз таласуда ұтып шығуды қалайды. «Неге осы сен ғана сөйлей бересің?» деп сұрағандарға «Біз осы әрекетімізбен білімнің құндылығын қорғап жүрміз» дейді. Қарсы тараптағы адамының айтқандарына мән бермейді, оның дәлелдерін мәнсіз санайды. Имам Ғазали пайғамбарымыздың: «Шындықты, хақты мәнсіз санау тәкәппарлықтан туындайды» деген хадисін келтірген.

Кек сақтауға жол ашады

Пікірінің қабыл етілмегенін байқаған сөз таласушы қарсы тараптағы адамға кек сақтайды, кейде өмір бойы оны кешірмейді. Кек сақтау – пәлекет. Асылында, мүмін адам кек сақтаушы болмайды. (И.Ғазали)

Ғайбатқа себеп болады

Сөз таластырушы адам қарсы тараптағы адамның сөздерін айтып, «Ол осылай айтты, мен былай жауап бердім» деп, өзін ғайбаттан құтқара алмай қалады. Алайда, ғайбат жасау – өз бауырыңның етін жеумен тең.

Мақтануға себеп болады

Сөз таластырушы жеңіп шығатын болса, өзін мақтанудан құтқара алмайды. «Мына дәлелдерді айтып үнін өшірдім» деу арқылы өз-өзін мақтайды. Алайда «Жаман болған дұрыстық – адамның өз-өзін мақтауы». «Лұқман» сүресінің 18- аятында:

«…Шүбәсіз, Алла кеуде керіп, менменсінген мақтаншақтардың ешбірін ұнатпайды»

Досын жеңіп шығумен мақтанатын топта бауырмашылдық болуы мүмкін бе? Мақтану өзгені төмен, бейшара көруден туындайды. Алайда, хадисте былай делінген:

«Дін бауырын төмен санау жамандық ретінде жеткілікті» (Мүслим)

Кемшілік іздегіш болады

Сөз таластырушы қарсы тараптағы адамды жеңу үшін оның жасырын кемшіліктерін іздеуден өзін тоқтата алмайды. Алайда, өзгелердің кемшілігін іздеу күнә болып табылады. Сөз таласушы қарсы тараптағы адамның денесіндегі кемшіліктерді ишарамен болса да айтады. Мәселен, қарсы тараптағы адам көзілдірік киетін болса, «Бұл ақиқаттар көзілдірік арқылы байқалмайды» деу арқылы қарсы тараптағы адамның көзіндегі, денесіндегі кемшіліктерін білім нұқсандығы үшін үзір ретінде санайды.

Келген зиянға қуандырады

Сөз таластырушы қарсы тараптағы адамның жаман, ыңғайсыз жағдайға түскеніне қуанады. Алайда,

«Өзі үшін жақсы көретін нәрсені дін бауыры үшін жақсы көрмеген адам кәміл мүмин бола алмайды» (Бұхари)
Рияға жол ашады

Сөз таласушы сырттай қарсы тараптағы адамға сүйіспеншілік танытып жатқан болса да, мұның жалған екенін біледі. Ал бұл нәрсе екі жүзділіктің белгісі. Сөз таласушы халықтың көзіне түсуге тырысады. Бұл болса рия болып табылады. Хадистерде: «Рия – кіші ширк» делінген. (Табарани)

Ақиқатты жоққа шығаруға жол ашады

Ақиқаттың қарсы тараптағы адамның тілінен естуді жақтырмайды. Ал бұл нәрсе пәлекет болып табылады. Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың ұнатпайтын адамы – ақиқатты қабыл етуге қарсы болған адам» делінген. (Бұхари)

Қырсығуға себеп болады

Ал қырсығу жек көрушілікке, дұшпандыққа жол ашады.

Дініміз болса:

«Дін бауырыңа қарсы шықпа, бос сөйлеме, (ренжітетін) қалжыңдар айтпа және берген уәдеңнен тайма!»,- деп үндейді (Тирмизи)

muftyat.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38