Мәриямның әкесі Ғимран Бәни Исрайлдағы абыройлы кісі еді. Әйелі бедеу болып, бала көтермеді. Ғимран Аллаға мінәжат етіп, бала сұрап жалынып-жалбарынумен болды. Егер бала берсе оны Аллаға бойсұнушы етуге, оның қасиетті үйіне қызметке беруге уәде етті. Алла оның дұғасын қабыл қылды.

Сөйтіп, әйелі бала көтерді. Бірақ ол қыз бала болды. Әдетте олардың салты бойынша қыз бала құлшылық үйлерінде қызмет етуге лайық келмейтін еді. Бірақ бұған да шүкірлік етіп, сәбиге Мәриям деп ат қойды. Аллаға оны жақсы тәрбиелеуге, ақылды етіп өсіруге, шайтанның азғыруынан сақтануды үйретуге сөз берді. Бастапқы уәдесі бойынша қызын синагогқа қызметке беруге шешім қабылдыды.

 Мәриям тәрбиелі, ақылды болып өсті. Бірақ әкесі қайтыс болып ол жас қалды. Анасы оған кім қамқоршы болатынын анықтауды синагог қызметкерлеріне тапсырды. Сөйтіп, оған қамқор болу Зәкәрияға міндеттелді. Өйткені ол Мәриямның нағашы әпкесінің күйеуі, яғни жездесі болып келетін. Мәриямды ғибадат орнына (михраб) алды. Оған Зәкәриядан өзге ешкімге кіруге рұқсат етілмеді. Мәриям үнемі ғибадатта болды. Зәкәрия қашан көрсе де ол әрқашан михрабта отыратын еді. Сондай-ақ, Мәриямның алдынан ешкім мұнда әкелмеген, тіпті ол жерде кездеспейтін тағам түрлерін де көретін. Бір жолы ол мұның бәрінің қайдан келетінін сұраған еді. Мәриям оған олардың Алладан келетінін айтты.

«(О, Тәңірім!) Құрсақтағы перзентімді сенің жолыңа арнадым. Ниетімді қабыл ет! Сен бәрін де естіпбіліп тұрсың ғой»,деп жалбарынды кезінде Ғимранның зайыбы» (Ғимран сүресі, 35-аят).

«Ей, Жасаған! Мен қыз таптым», деді әйел. Ол ер баладай болмаса да атын Мәриям деп қойып, саған арнадым. Қызым үшін де, оның ұрпақтары үшін де бір өзіңе сиынамын, оларды қарғыс атқан шайтанның азғыруынан сақтауыңды тілеймін» (Ғимран сүресі, 36-аят).

«Жаратқан хақ бұл тілекті ықыласпен қабыл алды, бала жақсы өсті. Оның (тәрбиесі) Зәкәрияға жүктелді. Бөлмеге кірген сайын Зәкәрия баланың қасында тағамдар тұратынын көріп жүрді. «Ей, Мәриям! Бұл саған қайдан келді?» – деп сұрайтын еді. «Оны Алла жіберді», – дейтін Мәриям. Шынында, Алла қалаған адамына өлшеусіз ризық береді» (Ғимран сүресі, 37-аят).

ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ МӘРИЯМҒА ТОСЫН ҚУАНЫШТЫ ХАБАР ЖЕТКІЗУІ

 Мәриям бой жетіп өсті. Сол заманда құдайшылдығы, ғибадатшылдығы жөнінен оған тең келер әйел заты болған жоқ. Зәкәрияның қамқорлығында болғандықтан ол ешкімнен жамандық, зұлымдық та көрмеді.

«Ей, Мәриям! Ақиқатында Алла сені таңдады. Сені пәк, әлемдегі әйел затының бәрінен артық етті», – деді періштелер»  (Ғимран сүресі, 42-аят).

 «Ей, Мәриям!  Жаратқанға жалбарын, сәжде ет, иілушілермен бірге иіл»  (Ғимран сүресі, 43-аят).

Оған періштелер Алланың жақында ӘлМасих Иса ибн Мәриям есімді бала беретіндігін, оның Аллаға жақын, дәрежесі жоғары адам болатынын, даналық сөздер айтатынын хабарлады. Оның тіпті нәресте кезінен бастапақ кісілік сөз сөйлейтінін де ескертті. Ерге шықпаған, жан баласы жақындамаған оның қалай балаы болатынына Мәриям таң қалды. Періштелер Алла нені қаласа соны жарататынын, «Бол» дегенінің болатынын айтты.

«Періштелер Мәриямға былай деп хабарлады: «Ей, Мәриям! Алла саған өз құдыретімен әкесіз бір бала беру арқылы қуанышқа бөлейді. Оның есімі – Масих Мәриям ұлы Иса. Бұл дүниеде де, қиямет күнінде де ол мәртебесі биік және Аллаға жақындардың бірі болады» » (Ғимран сүресі, 45-аят).

«Бесікте жатқанда ол адамдарға дана, үлкен кісілердің сөйлейтін сөздерін айтады»  (Ғимран сүресі, 46-аят).

«Жаратқан ием! Маған адам баласының денесі жақындап көрмесе, қалай балам болады?» – деді Мәриям. «Алла қалағанын осылай жаратады.  Әрбір нәрсені жарыққа (дүниеге) әкелмек болса, «Бол»  – дейді, ол болады» – деді періштелер» (Ғимран сүресі, 47-аят).

 ЖЕБІРЕЙІЛ ПЕРІШТЕ ЖӘНЕ МӘРИЯМ

 Мәриям адамдардан аулақтап, синагогта аллаға ғибадат етіп тұрып жатты. Алла оған Жебірейіл періштені жіберді. Ол Мәриямға ер адам бейнесінде көрінді. Мәриям оны жамандық ойлаған біреу ме деп қауіптеніп Алладан арнамысымды қорғай көр деп пана сұрады. Ал, кісіге: «Маған жақындама. Алладан қорық»,деді. Сол кезде Жебірейіл: «Мен сен ойлағандай адам емеспін, періштемін. Алла мені саған тақуа, жақсы, зерек бала беретінін хабарлау үшін жіберді», деп тіл қатты. Мұны естігенде өзіне жан маңайлап көрмеген Мәриям ол бала қалай болады деп қайран қалды. Жебірейіл оған әкесіз бала жарату Аллаға ешқандай қиын еместігін айтты. Өйткені Алла құдыретті, оның қалаған нәрсесі болады.

«(Ей, Мұхаммед!) Сен оларға (Құранда) жазылған Мәриям оқиғасын баяндап бер. Кезінде ол үйінен шығып шығыс жақтағы бір жерге барды» (Мәриям сүресі, 16-аят).

«Ол жерге перде тартып, адам көзінен жасырынды. Біз ол жерге өзіміздің қасиетті рухымызды (Жебірейілді) жібердік. Мәриямға ол кәдімгі адам түрінде көрінді» (Мәриям сүресі, 17-аят).

«Алладан сенің жамандығыңнан қорғауды сұраймын. Егер тақуа болсаң маған бір қадам да жақындама», – деді Мәриям оған» (Мәриям сүресі, 18-аят).

«Мен саған (Алланың) бір пәк, зерек ұл беретінін хабарлау үшін келген Тәңіріңнің елшісімін», – деді Жебірейіл» (Мәриям сүресі, 19-аят).

«Маған ешкім жақындап көрген жоқ, сонда менде қалай ұл болмақ?» – деді Мәриям» (Мәриям сүресі, 20-аят).

«Ол мен үшін оңай нәрсе. Бұл Біздің  мейірім,  рахымымыздың белгісі», – деген сенің Тәңірің», – деді Жебірейіл. Бұл орындалған іс болды» (Мәриям сүресі, 21-аят).  

«Намысын сақтаған әйелге (Мәриямға) Біз рух үрледік. Оның өзін де, ұлын да бүкіл жаһанға құдыретіміздің үлгісі еттік» (Әнбия сүресі, 91-аят).

 Бұл аяттардан Исаның шынында әкесіз туылғанын көреміз. Исаның бұлай әкесіз туылуы Алланың құдыретінің шексіздігіне дәлел болып табылады. Бірақ кейбіреулер Исаның әкесіз жаратылуын оның құдайлығының дәлелі ретінде көрсеткісі келеді. Сондай-ақ, бұған тіпті күмәнмен қарайтында да бар. Ғасырлар бойы жұмбақ болып келген осы жайды Құран анықтады.

«Анығында, Исаның мысалы (әкесіз жаратылуы) Адамның жаратылысына ұқсас еді. Адамды Алла топырақтан жаратып, оған «Бол!» – деген, ол (адам) болып шыға келген-тін» (Ғимран сүресі, 59-аят).

«Бұл Алла тарапынан жіберілген ақиқат, сен оған күмән келтірме» (Ғимран сүресі, 60-аят).

 Яғни, Исаның жаратылуы Адамның жаратылуы секілді Алланың қалауымен болған іс. Адамды Алла жансыз нәрсе топырақтан жаратса, Исаны дүниеге әйелден әкесіз келтіріп отыр.

ИСАНЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ

 Сөйтіп, Мәриям  енді адамдар не айтады деп қатты уайымға түсті. Жұрттың жаман тағатыны, күмәнданатыны анық еді. Осыдан шошынған ол адамдардан аулақ, көзден таса алыс бір жаққа кетіп қалды. Сөйтіп, бір құрма ағашының түбіне келіп паналады. Сол жерде толғақ ұстады. Оған көмектесетін де, сүйейтін де ешкім жоқ еді. Бірақ Алла оны қорғап, қамқорлығына алды. Соның арқасында аманесен босанды. Алдына ағып жатқан бұлақ, мәуелі жеміс келтірілді. Солардан ішіпжеп әл жинады. Сол кезде Жебірейілдің даусы есіліп, біреуміреу мәнжайды сұрай қалса ештеңе демей баланы нұсқауды тапсырды.

«Мәриям жүкті болды да, үйінен алыс бір жаққа кетіп қалды» (Мәриям сүресі, 22-аят).

«Қатты қысқан толғақтың салдарынан сүйеніп отыру үшін бір құрма ағашының түбіне келді. «Бүйтіп қиналғанша бұрын-ақ өліп қалмаған екем! – деді Мәриям. – Атым өшіп, ұмыт болған біреу болсам етті» (Мәриям сүресі, 23-аят).

«Құрма ағашының түбінен Жебірейілдің даусы естілді: «Қамықпа, Тәңірің сенің астыңнан ағып өтетін бір бұлақ пайда қылды» (Мәриям сүресі, 24-аят).

«Құрма ағашын өзіңе қарай тарт. Алдыңа оның жаңа піскен жемісі төгіледі» (Мәриям сүресі, 25-аят).

«Же, іш, көзің тойссын. Егер бірер адам көріне қалса «Мен рахымды Аллаға шын уәде беріп едім, бүгін ешкіммен тіл қатыспауға тиіспін», – де» (Мәриям сүресі, 26-аят). 

 ИСАНЫҢ ЖӨРГЕКТЕ СӨЙЛЕУІ

 Мәриям босанғаннан кейін қауымына оралды. Бұл олардың төбесінен жай түскедей болды. Өйткені олар Мәриямның құдайшылдығын, ертелікеш ғибадатта отыратынын, ешбір ер адамның көзіне түспегенін білетін еді. Солай бола тұра ғайыптан қалай сәбилі бола қалғаны көпшіліктің көңілінде күмән тудырды. Қауымының сұрауына Мәриям осы жауап береді дегендей сәбиін ишара етіп көрсетті. Жөргектегі нәрестені нұсқағаны адамдарды одан бетер ызаландырды, бұл оларды келеке етіп тұрғандай көрінді. Бірақ Иса: «Шынында мен Алланың құлымын, жақын арада маған Інжіл береді. Мені пайғамбарлыққа таңдады. Тірі кезімде маған намаз оқуды, зекет беруді бұйырды. Сондайақ, мейірімді болуға, халықты жәбірлемеуге де тиістімін. Алла менің туған күнімде де, өлген күнімде де, қайта тірілетін күнде де амандығымды қамтамасыз етеді», деп тіл қатты.

«Бөбекті (Исаны) көтеріп, Мәриям еліне келді. «Ей, Мәриям! Шынын айтсақ, сен бір өрескел  іс жасадың-ау!» – десті олар» (Мәриям сүресі, 27-аят).

«Ей, Һарунның қарындасы! Сенің әкең жаман адам емес еді, анаң да жолдан тайып көрмеген әйел болатын» (Мәриям сүресі, 28-аят).

«Мәриям бөбекті көрсетті. «Оу, бесіктегі бөбекпен қалай сөйлеспекпіз?» – десті олар» (Мәриям сүресі, 29-аят).

«Мен Алланың шынайы құлымын, – деді баланың өзі тіл қатып. – Маған кітап (Інжіл) келді және мені пайғамбар етті» (Мәриям сүресі, 30-аят).

«Қайда болсам да мені қолдайтын болды да, бүкіл өмірімде намаз оқуға, зекет беруге бұйырды» (Мәриям сүресі, 31-аят).

«Мені анама мейірімді етті, қатігез, дөрекі  етпеді» (Мәриям сүресі, 32-аят

 «Менің туған күніме де, өлетін күніме де, қайта тірілетін күніме де сәлем» (Мәриям сүресі, 33-аят

Мәриям Һарунның баласынан тараған ұрпақтан, яғни тегі жағынан Мұсамен туыстас болып келеді. Оның Алланың үйінде ғибадатта тұруына сондықтан рұқсат етілген болатын.

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38