Кеше, 2017 жылдың 14 тамыз күні Мақтарал аудандық орталық «Нұғман» мешітінде қала және ауыл имамдарының бас қосуы болып өтті. Жиналысты аудан имамы Сыздықов Бекзат ашып беріп, күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Олардың ішінде ең алғашқы болып, 03- 09 тамыз айы аралығында аудандағы барша мешітте өткізілген тексеру шарасының қорытындысы баяндалды. Баяндамаға өңірлерге бекітілген кураторлар мен бас бухгалтер шығып, мешіттерде атқарылып жатқан игі істер мен кеткен қателіктер жөнінде сөз қозғады. Мешітті түгелімен құжаттандыру мәселесі бойынша осы уақытқа дейін дұрыс жұмыс атқармаған имам- молдалар қатаң ескерту алды. Алланың үйін таза ұстаудың қаншалықты маңызды екенін атап өткен бас имам халықтың айна екендігін тағыда ескеріп кетті. Жалпы, аудан бойынша 39 мешітте бейнебақылау камералары жұмыс атқарып тұрса, өзге мешіттерде алдағы 1 ай уақыт аралығында орнатылатын болды. Мешіттің ішкі және сыртқы тазалығы бойынша 52 мешіт тазалығы «жоғары» деп бағаланса, қалған 15 мешіт «нашар» деген қорытынды жасалды. Жиын соңында діни қызметті жақсы атқарып жүрген және Алланың үйін әсемдендіріп, жамағаттың келуіне, кетуіне ыңғайлы жағдай жасаған имамдарды алғыс хатпен марапаттады. Сонымен бірге басқосуда діни деструктивті ағымдармен күрес жөнінде, имам- молдалардың халықпен қарым- қатынасы, отбасылық зорлық- зомбылық көргендерге рухани көмек көрсету т.б маңызды тақырыптар қаралып, белгілі тапсырмалар берілді.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі