Жаратушы Иемiз әрбiр iзгi амал мен игiлiктi iстiң сауабын берiп, мейiрiм – шапағатын төгедi. Хадис – шарифте айтылғандай, Алла Тағала: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн», – дейдi. Мұсылман жұртшылығының екі ұлық мерекесінің бірі ораза айты бiр ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезi. Исламның бес тірегінің бірі болған ораза парызын өтеген адамзатқа Алла тағаланың кеңшілігімен ауыз ашып, халал нәрселерді ішіп – жеуге рұқсат ететін күні бұл. Бұл күн – Рамазан айымен қимай қоштасып, келесі Рамазанға есендікте жетулерін тілеп, құлшылық ететін күн. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Айт күні оқылған намаз да, жасалған дұға да ерекше. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет. Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында түрлі тағамдар пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәнді ерекше мерекелік дастархан жайылып, қонақтар шақырылады. Мұсылмандар туған – туыс, дос – жаран, көрші – қолаңды аралап, бір – бірінің үйінен дәм – тұз татып, бір – біріне деген бауырмалдықты, кішіпейілдікті, сүйіспеншілікті, кешірімділікті арттырады. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлеріне барып татуласу да ерекше маңызды. Бұл мейрамның негізгі ерекшелігіде осы. Осы күні балаларға жаңа киім, тәттілер мен сыйлықтар сыйлаумен қуантатын болсақ, балалар да бұл мейрамды жылда асыға күтетін болады. Жалпы ораза айт мейрамындағы қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе – назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Шардара аудандық дене және спорт бөлімі және «Шардара» орталық мешітінің ұйымдастыруымен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында мешіт ауласында қол күрес, арқан тарту, гір көтеруден спорттық қайрымдылық іс – шарасы өтті. Қайырымдылық ізгіліктің анық көрінісі болып табылады. Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек. ҚМДБ – ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің қаисетті Рамазан айына үндеуіне орай Шардаралық кәсіпкерлер де үндеуге қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасаудан шет қалған жоқ. Әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі қам – көңіл жандарды зиярат етіп, оларға деген өздерінің қолындағы барымен бөлісіп сауапты іс жасады. Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір – біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Қасиетті Рамазан айында қолындағаы барымен бөлісіп, қол жәрдем жасаған азаматтарға, күнделікті мешіттерде ораза тұтқан жандарға кешкілік дастархан жайып ауызашар берген жандарға Алла разы болсын. (Әмин)
Шардара ауданы «Шардара» орталық мешітінің баспасөз қызметі.