Алла Дәуіт пен Сүлеймен екеуіне шариғат ілімін және үкімдерін берді. Бұл екі пайғамбарын нығметке бөледі. Олар барлық мақтау, мадақты тек Аллаға арнап, Алланы ғана ұлықтады. Дәуіт қайтыс болғаннан кейін оның балаларының ішінен пайғамбарлығы жөнінен де, патшалығы жөнінен де Сүлеймен дара шықты. Патшалықты қолына алған кезде мемлекетіндегі барлық басшыларды, ілім иелерін шақырып, оларға Алланың нығметтерін, ұлықтығын ескертті. Алланың өзіне хайуандар мен құстардың, жәндіктердің тілін үйреткенін, патшалық, пайғамбарлық бергенін, бұл нығметтің бәрі Алланың сыйы, жақсылығы екенін ашық айтты. Мұнысы олар түсінсін, үлгі-өнеге алсын, Алланың күш-қуатына көздері жетсін дегендегісі еді.

Сүлеймен бір күні әскерін жинады. Оның әскері адамдардан, жындардан, құстардан тұратын еді. Солардың бәріне Алла оған бойсұнуды бұйырған болатын. Сүлеймен сол әскерімен жолға шығып, құмырсқалар мекен еткен бір ойпатқа жақындады. Сол кезде ол құмырсқалардың: «Ей, құмырсқалар, Сүлеймен мен оның әскері келе жатыр. Тез індеріңе кіріп жасырыныңдар. Әйтпесе сендерді басып, таптап кетер. Олар сендердің бұл жерде жүргендеріңді байқамайды ғой», – деген сөзін естіді. Сүлеймен Алланың илһам беріп, құмырсқалардың тілін түсінгеніне риза болып, қуанды. Сонан соң Тәңіріне мінәжат етіп: «Е, Тәңірім, мені берген нығметіңе шүкіршілік етушы қыла көр. Өзіңнің мейіріміңе, ризалығыңа ие болған жақсылар қатарына қоса көр»,- деді.

«Дәуітке, Сүлейменге Біз шын мәнінде ілім бердік. «Барлық мақтау бізге иман келтірген көп құлдарынан артықшылық сыйлаған Аллаға ғана тән!» деді олар» (Нәміл сүресі, 15-аят).

«Сүлеймен (пайғамбарлықта да, ілімде де, патшалықта да) әкесі Дәуітке мұрагер болды. «Ей, адамдар! деп жар салды ол. Бізге құстың тілін үйретті. (Дүние игілігінің) барлығын сыйлады. Мұның өзі, әрине, Алланың бізге берген айқын артықшылығы» (Нәміл сүресі, 16-аят).

«Сүлейменнің әскерлері жыннан, адамдардан, құстардан құралған еді»  (Нәміл сүресі, 17-аят).

«Олар (Шам төңірегіндегі) құмырсқалы алқапқа жеткенде бір құмырсқа жар салды. «Ей, құмырсқалар!деді ол. Індеріңе кіріңдер! Сүлеймен және оның жасағы байқаусызда сендерді жаншып кетіп жүрмесін» (Нәміл сүресі, 18-аят).

«Құмырсқаның сөзін естіп Сүлеймен күлімсіреді. «Тәңірім! деді ол. Сенің өзіме берген, атаанама берген игілігіңе шүкіршілік етуім үшін өзің риза болатын ізгі істерді орындауыма қолымды жеткіз. Рахым етіп, мені жаны ізгі адамдар қатарына қос!» (Нәміл сүресі, 19-аят).

СҮЛЕЙМЕНДІ СЫНАУ

 Алла Сүлейменді қатты ауру беру арқылы сынады. Оны таққа отырғанда сезетін болды. Денесі жансызданып қалатындай болатын. Бұл ауру оған нәпсісінің ысырабы себепті берілген еді. Әдетте, адамдар ауруға денсаулығын сақтамағандықтан, күтпегендіктен душар болады. Сырқатқа шалдыққан адам қате істеріне Алладан кешірім тілеп, сауықтыруын сұрап дұға етуі тиіс. Сүлеймен нақ осылай еткен болатын

«Сүлейменді Біз сынап та көрдік. Оның тағына бір өлі денені әкеп тастадық. Мұның сынау екенін білді де ол тәубе қылды» (Сад сүресі, 34-аят).

АЛЛАНЫҢ СҮЛЕЙМЕНГЕ БЕРГЕН НЫҒМЕТТЕРІ

 Сүлеймен Тәңіріне дұға жасап, кешірім сұрап, одан өзінен өзге ешкімге бермеген патшалық беруін сұрады. Алла оның дұғасына жауап берді.

«Тәңірім! Маған кешірім ет,деді Сүлеймен. Маған өзімнен кейін еш адамда болмайтындай патшалық сыйла. Ақиқитында, Сен сый иесісің» (Сад сүресі, 35-аят).

Алла оны әуелі желге патша етті. Желді ол қайда жұмсаса сонда жүретін етіп бағындырды. Екіншіден, оған шайтандарды қызмет ететін қылды. Олар қалалар, сарайлар тұрғызды, теңізге сүңгіп, қымбат, бағалы тастарды шығарып берді. Сондай-ақ, Алла Сүлейменді олардың жамандықтарын тастатқызу, шектеу үшін шайтандарға да патша етті.

«Сүлейменге Біз желді қызмет еткіздік. Сүлейменнің әмірімен жел ол қалаған жаққа лезде жетіп барар еді» (Сад сүресі, 36-аят).

«Біз оған құрылысшы етіп, сүгуші етіп (теңізге сүңгіп, інжу теретін) шайтандарды қызмет еткізіп қойдық» (Сад сүресі, 37-аят).

«Басқалары шынжырланып, маталып тұрды» (Сад сүресі, 38-аят).

«Саған берген сыйлығымыз осы, (дедік Сүлейменге). Шексіз берген сыйымызға ие бол» (Сад сүресі, 39-аят).

«Сөйтіп, ол Біз тараптан жақсылыққа ие болды» (Сад сүресі, 40-аят

Құранда айтылғандай, шынында Алла Сүлейменге  пайдалануға көп нәрсе берген. Желді қай уақытта, қай жаққа жұмсаймын десе де еркі білді. Жел арқылы нені болса да қалаған жеріне көшіре алатын болды. Ал, біздің ғасырымызда адамдар желдей ұшқыр ұшақтар ойлап тапты. Соның арқасында айлық, жылдық қашықтықтарға қысқа мерзімде жететін болды.

Сүлейменге Алла жындарды да бағындырып берді. Оның әмірін орындамағандарға, бойсұнбағандарға ахиретте от азабын дайындады.  Сүлеймен ол жындарға елді мекендер, сарайлар салғызып,  хауыздар, мүсіндер, адамдар тұтынатын, аң-құстар жем жеп, су ішетін не бір түрлі ыдыстар жасатқызды. Осындай нығметтер үшін Сүлейменнің әулетіне Алла шүкіршілік етуді міндеттеді.

«Сүлейменге желді бағындырдық. Жел таңертең демнің ішінде бір айлық, кешке бір айлық жол жүрер еді. Оған мыс бұлағын ағызып қойдық. Тәңірдің әмірі бойынша Сүлейменге кейбір жындар да қызмет етеді. Ал, солардың әлдебіреуі Біздің әмірімзге қарсы келсе, Біз оған тозақ тауқыметін тартқызамыз» (Сәба сүресі, 12-аят).

«(Сүлейменге) олар оның қалауына лайық тамаша сарайлар (мыстан, әйнектен), ғажайып мүсіндер, көлдей көлемді ілегендер, қозғалмайтын (үлкен) қазандар жасар еді. («Ей, Дәуіттің үйіші), шүкірлік етіңдер)»,дедік. Менің пенделерімде шүкіршілік өте аз» (Сәба сүресі, 13-аят).

СҮЛЕЙМЕН ЖӘНЕ АТ

 Алла Сүлеменге асыл тұқымды тұлпар берді. Оның сұлулығы мен мүсіні көз тоймастай еді. Сүлеймен төңірегіндегілерге осы атымен мақтанатын. «Шынында, мен бұл атты жақсы көремін. Бірақ оны байлығымның белгісі деп емес, Алланың бергендігі үшін жақсы көремін. Оны көрген сайын Алланы еске аламын»,- дейтін. Оған сүйсінетіндігі сонша, қанша қараса да көзі тоймай қайтадан көре бергісі келетін. Оны мойнынан, жалынан, сауырынан сипайтын. Мұнысы бір жағынан дұшпандарына қыр көрсету де болатын. Алайда бұл атты ерекше жақсы көруінің шын мәні мүлде басқа еді.

«Дәуітке Біз Сүлейменді бердік. Сол Сүлеймен неткен жақсы пенде еді деші. Ол шын ғибадатшыл жан еді» (Сад сүресі, 30-аят).

«Бір күні кеште оған өте жақсы, жүйрік аттар пайда бола қалды» (Сад сүресі, 31-аят).

«Бұл аттарды мен, шынымды айтсам, Тәңірімді еске алып тұру үшін жақсы көрдім, деді ол. Көз алдымнан ғайып болғанша қарап тұратын едім» (Сад сүресі, 32-аят).

«Әкеліңдер аттарды!» деді Сүлеймен. Әкелген соң олардың сауырларын, мойындарын сипады» (Сад сүресі, 33-аят).

СҮЛЕЙМЕН ЖӘНЕ СӘБА ПАТШАСЫ

 Сәба Йемен жеріндегі Мараб қаласы мен Сана қаласының аралығындағы үш күндік жол жүретін мемлекет болатын. Бұл жер Сәба ибн Иашжаб ибн Иағруб ибн Қахтан баласының мекені болғандықтан соның атымен аталған. Мұнда алғашқы араб патшалықтарының тұтқындары әкелінген. Кейбір мәліметтер бойынша қаланы осы Сәба есімді адам салдырған. Марабқа басқалардың кіруіне тыйым салған. Әл-Арм селі кезінде Мараб халқы бас сауғалап жан-жаққа тарап, бытырап бөлініп кеткен. Көне өсиетте айтылғандай, Сәба үлкен сауда орталығы болған. Олар еврейлермен сауда жасасып тұрған. Сәба мемлекеті алтынның көптігімен байлыққа кенелген. Иерусалимге алтын және басқа да бағалы тастар артқан түйе керуендері легімен келіп жатқан.

СҮЛЕЙМЕН ЖӘНЕ БӘСІБЕК

 Алла Сүлейменге құстың тілін түсінетін де қасиет дарытқан болатын. Олармен түсінісетін арнайы тілді білетін. Бір жолы Сүлеймен бәсібек құсты еш жерден көре алмады. «Маған білдірместен қайда кеткен?» – деп ашу шақырды. Келгеннен кейін оның не қанатын кесіп, не жүнін жұлып жазаламақ, тіпті бауыздап тастамақ та болды. Бірақ көп ұзамай құс қайтып келді. Ол Сүлейменге Сәба мемлекетінде болғанын, оны әйел патша басқаратынын, Алланың оларға ағыл-тегіл нығмет бергенін, сөйте тұра ол халықтың Аллаға иман келтірмейтіндерін, құлшылық етпейтіндерін, асып-тасып кеткендіктерін, Алланы қойып күнге шоқынатындарын баян етіп: «Оларды шайтан азғырып, жүректерін хақ жолынан мүлде басқа жаққа аударып жіберген. Барлық нәрсені жоқтан барға келтірген Ұлы ғарыш иесін танымайды, оған бас имейді екен», – деді. Бәсібекті тыңдап болған Сүлеймен оның жеткізген хабарының ақиқаттығын анықтамақ шешімге келді. Бәсібекке үкімді де соған қарай шығармақ болды.

«Ол құстарына көз тастады. «Оу, маған не болып тұр өзі? Бәсібек көрінбейді ғой, әлде бірдеңеге ұшыраған ба?» деді. (Бұл Сүлейменнің өз жасағымен құмырсқа алқабынан шығып, бір шөл далаға келген беті еді. Жасақтары шөлдеп су сұраған. Мұндай сулы жерді бәсібек тез табатын еді. Ал, сол күні бәсібек жоқ болып шыққан)» (Нәміл сүресі, 20-аят

«(Орынсыз) жоғалса, мен оны аяусыз жазалаймын, тіпті бауыздап та тастаймын. Әйтпесе ол бұл ісіне айқын бір дәлел келтіруі керек» (Нәміл сүресі, 21-аят).

«Көп ұзмай бәсібек келе қалды. «Мен саған белгісіз бір істің жайын біліп, Сәба қаласынан сен үшін аса маңызды бір хабар әкелдім» (Нәміл сүресі, 22-аят).

«Анығын айтсам, Сәба жұртында бір әйелдің патшалық құрып отырғанын көрдім. (Бұл тұста ол елдің патшасы Шахилқызы Балқис болатын). (Оның) сәнсалтанаттан кемдігі жоқ, аса зор мәртебе иесі екен» (Нәміл сүресі, 23-аят).

«Тек оның өзі де, елжұрты да Құдайға емес, күнге табынатындарын көрдім. Демек, шайтан оларға өз істерін  артық етіп көрсеткен, оларды тура жолдан адастырған. Енді олар дұрыс жол таба алмайды» (Нәміл сүресі, 24-аят).

«Көк пен жердің барлық құпиясын ашатын, сендердің жасырын да, әшкере де істеріңді біліп тұратын Аллаға бас имейді (сәжде қылмайды)» (Нәміл сүресі, 25-аят).

«Ал, бір Алладан басқа ешқандай құдырет жоқ. Ол ұлы ғарыш Тәңірі» (Нәміл сүресі, 26-аят).

«Оу, сен шын айтып тұрсың ба, әлде өтірік айтасың ба? деді Сүлеймен сонда. Оны анықтай жатармыз» (Нәміл сүресі, 27-аят

СҮЛЕЙМЕННІҢ БАЛҚИСҚА РИСАЛАСЫ

 Бәсібектің әкелген хабарының ақиқаттығын ашу үшін Сүлеймен хат жазып, бәсібекке оны Балқисқа жеткізуді және ол әйелдің қандай әрекет жасайтынын бақылауды міндеттеді. Бәсібек Сүлейменнің хатын алып Сәба мемлекетіне қарай ұшты. Ол елге аман-есен жетіп, хатты Балқистың алдына тастады. Ол хатты ашып оқып, одан соң қауымының ұлықтарын жинап: «Ей, қауым, «Бисмилләһир рахманир рахиим» деп басталған мына хат маған Сүлеймен патшадан келді. Мұнда тәкәппарлық жасамай, Алла үшін маған бойсұнушы болып келіңдер делінген. Бұған не айтасыңдар?», – деп сұрау тастады да, – Мен жалғыз өзім бұл мәселені шеше алмаймын, сендердің кеңестерің керек», – деді. Олар: «Біз не әмір етсең де орындауға, тіпті соғысуға да әзірміз. Қандай шешім қабылдаймын десең де өзің біл, біз саған мойынсұнамыз»,- деді.

«Сен мына хатты оларға жеткіз де, өзің жасырынып байқап тұр, қандай әңгіме ететіндеріне назар сал» (Нәміл сүресі, 28-аят).

«Ей, игі жақсылар! деді Балқис.Маған аса маңызды бір хат келді. Ол – «Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын» деген Сүлейменнің хаты» (Нәміл сүресі, 29-30-аяттар.

«Маған сендер көкірек көрсетпеңдер, менің алдыма бойсұнып болып, бағына келіңдер», делінген» (Нәміл сүресі, 31-аят).

«Ей, игі жақсылар! деді Балқис тағы да. Осы жөнінде маған сендер ақыл беріңдер. Сендердің кеңестеріңсіз мен өзімше ештеңе жасамаймын» (Нәміл сүресі, 32-аят).

«Біз тек күшті, табанды жауынгерлер ғанамыз, деді олар. Бұл істің шешімі өз қолыңда. Бізді неге бұйыратыныңды өзің ойластыр» (Нәміл сүресі, 33-аят).

СҮЛЕЙМЕНГЕ БАЛҚИСТЫҢ ЖАУАБЫ

 Балқис қауымының соғысуды қалайтынын аңғарды. Бірақ ол соғыс зардабының, әсіресе жеңіліп қалған жағдайда қандай болатынын жақсы білетін еді. Сондықтан оларға: «Жеңіске жеткен патшалар кірген қалаларын қиратып, бар байлығын тасып әкетеді. Ал, халықты қырып-жойып, қорлап азапқа салады. Егер біз жеңіліске ұшырап қалсақ, мұны олар бізге де істейді. Сондықтан мен басқа шешімге келдім. Сүлейменге көп сыйлық пен елші жіберуіміз керек. Оны ол қалай қабылдайды және қандай әрекет етеді, соған қарап жоспар жасағанымыз жөн»,- деді Балқис. Шынында, патшалардың бір-біріне сыйлық жасап, келісімге келіп, тынышталуы әдеттегі іс болатын. Балқис те солай етіп, аңысын аңдамақ болды. Егер Сүлеймен сыйлықтарды қабыл алса, онда оның патша ретінде разы болғаны. Ал, егер пайғамбар болса, онда қабыл етпейді, тек бұлардың оның дініне бойсұнуларын талап етпек.

Осылай қорытқан Балқис елшілерін сыйлықтармен Палестинаға аттандырды. Олар Сүлейменге келгенде патша сарайынан не әскер, не сақшылар көре алмады. Сөйтіп, әкелген сыйлықтарын Сүлейменнің алдына қойды. Сүлеймен оның не екенін сұрады. Олар: «Бұл Балқистың сізге жіберген үлкен құрмет-сыйы», – десті. Бірақ Сүлеймен оны қабыл алмады. Өйткені оның қалауы байлық та, сыйлық та емес, олардың күнге табынуды тастауы, бір Аллаға иман келтіруі болатын. Сүлеймен елшілерге  Алланың оған берген сыйлығы бұлардың әкелгенінен артық екенін, Алланың оған қоса патшалық та бергенін, адамды, жынды, желді, құсты да бағындырғанын, сондай-ақ пайғамбар да еткенін айтты. «Мен сендерден байлық дәметкенім жоқ. Сыйлыққа құмарту, оны мәртебе, мақтаныш көру сендердің әдеттерің. Менің талабым – сендердің Аллаға иманға келулерің», – деді. Одан соң сыйықтарын алып кетуді, мұнда не көргендерін, күштерінің қандай екенін, Аллаға ғибадат ететіндіктерін, ал олардың бойсұнып, иманға келсе ғана құтылатынын, әйтпесе әскермен барып талқан ететіндерін жеткізуді тапсырды.

«Мен мынаны білемін, деді (Балқис). Егер патшалар әлдебір қалаға кірсе, оны қиратпай тынбайды, құрметті адамдарды қор етеді. Ендеше бұлар да соны жасайды» (Нәміл сүресі, 34-аят

 «(Олай болса) мен оларға сыйлық жіберемін де, елшілердің қандай хабармен келетінін күтемін» (Нәміл сүресі, 35-аят).

«Сүлейменге елші келді. «Сендер мені сыйлықтарыңмен қарық қылмақсыңдар ма? Сендердің сыйлықтарыңнан маған Алланың бергені артық. Сыйлықтарыңа өздерің қарық болыңдар» (Нәміл сүресі, 36-аят

 «Елдеріңе қайтыңдар. Ал, біз оларға өздері қарсы төтеп бере алмайтын жасақпен барамыз да, мекенжайларынан тозтоз етіп, қорлап қуып шығамыз» (Нәміл сүресі, 37-аят).

БАЛҚИСТЫҢ ТАҒЫНЫҢ СҮЛЕЙМЕННІҢ АЛДЫНА ӘКЕЛІНУІ

 Елшілер Сүлейменнің сыйлықты қайтарып жібергенін және онда не естіп, не көргендерін айтып келді. Балқис оның шынында да пайғамбар екенін түсінді. Сондай-ақ, оған қарсы тұра алатындай күштері жоқтығын да ұқты. Сол себепті қауымының ұлықтарымен бірге жол жүруге дайындалды. Оның өздеріне қарай бет алғанын Сүлеймен де білді. Сол үшін ол Алланың құдыретіне және өзінің пайғамбарлығына дәлел болу үшін бір мұғжиза көрсеткісі келді. Сөйтіп, жындарға: «Олар келмей тұрып Балқистың тағын маған қайсың келтіресің?» – деп сұрады. Ифрит атты жынның бірі: «Мен оны саған мәжілісің басталғанға дейін-ақ жеткіземін», – деді. Сүлеймен әр күні таңертеңнен түске дейін түрлі үкім шығару үшін мәжіліс жасайтын еді. Тақ алдына келтірілгенде Сүлеймен сондай мәжілісте отырған болатын. Тақты көргенде ол мұның Алланың құдыретімен болғанын, Алланың оны сенер ме екен, әлде күпірлік етер ме екен деп сынағанын түсініп: «Е, Тәңірім! Шынында мен шүкіршілік етушімін»,- деді.

«Ей, көшілік!деді Сүлеймен. Олар маған бас иіп келерден бұрын оның тағын кім алып келеді?» (Нәміл сүресі, 38-аят).

«Сен орныңнан тұрғанша оны мен алып келемін, деді жын әулетінен шыққан Ифрит. Оны алып келуге менің мүмкіндігім жетеді және сенімдімін» (Нәміл сүресі, 39-аят).

«(Көктен түскен) кітапты жетік білетін біреу: «Қас қаққаныңша оны мен алып келемін», деді. Тақтың қарсы алдына келгенін көрген Сүлеймен: «Бұл да болса Тәңірдің зор кеңшілігі шығар. Шүкірлік етер ме екен, әлде шүкірлігі жоқ па екен, соны білейін дегені ғой. Кімдекім шүкірлік етсе, оны өз пайдасы үшін етеді, шүкірлік етпесе, Алла оның шүкірлігіне тағы мұқтаж емес. Ол бай да жомарт» (Нәміл сүресі, 40-аят).

БАЛҚИСТЫҢ ТАҒЫН ТАНУЫ

 Сүлеймен кісілеріне Балқис көрген кезде тағын тани ма, жоқ па, соны сынау үшін оның кейбір жерлерін өзгертуді бұйырды. Егер таныса мұның Алланың құдыреті екенін ол түсінуге тиіс. Сондай-ақ, оның қырағылығы, зеректігі, сезімталдығы да осыдан мәлім болмақ.

Тақты көргенде Балқис  өзі кеткенде елінде қалған, қамалдағы жабық сарайдан мұны кім, қалай алып шығып, қашан, қалай жеткізген деген ой шырмауында әрі күмәнданып, әрі таңданып тұрып қалды. «Бұл сіздің тағыңызға ұқсай ма екен?» – деп сұрады Сүлеймен.  Зер салып қарап, тақтың өзінікі екеніне көзі жеткен Балқис мұның Сүлейменнің мұғжизаларының бірі екенін ұқты. Содан соң Сүлейменге: «Сенің пайғамбарлығың шындық, ал бұл Алланың құдыретімен мұғжиза арқылы болған екен», – деп мойындады.

«Балқис келер сәтте Сүлеймен (ғ.с.) оны сынау үшін: «Тақтың түрін өзгертіңдер. Тағын тани ма, танымай ма, сынап көрейік», деді» (Нәміл сүресі, 41-аят).

«Сенің тағың осындай ма еді?» деді Балқис келгенде. «Сол ғой деймін», деді ол. «Бізге Тәңір тағылымы бұрын берілді де, біз бас идік». Ал, оны өздері Тәңір тұтып шоқынған нәрселері Аллаға ғибадат етуден бас тартқызды. Өйткені ол кәпір қауымынан еді» (Нәміл сүресі, 42-43-аяттар).

 БАЛҚИС СҮЛЕЙМЕН САРАЙЫНДА

 Сүлеймен Балқисқа өзінің геометриялық өлшеммен салынған керемет сарайын көрсетпек болды. Ол қабырғалары айналы, едені жалтыраған әйнектен жасалып, астынан су жіберілген шынында да ғажайып ғимарат еді. Сүлеймен Балқисты кең бөлменің ортасындағы тақта отырып қабылдады. Балқис сарайға келіп кіргенде көлкіп жатқан суды көріп бөгеліп қалды да, еріксіз киімінің етегін көтерді. Бірақ аяғының да, етегінің де су болмағанын байқап таң-тамаша болды. Мұны бақылап отырған Сүлеймен: «Бұл сарай өте нәзік әйнектен жасалған», – деп оның мәнін түсіндірді. Балқис Сүлейменнің өзіне көрсеткен зор құрметіне көңілі толып, Тәңірге мінәжат етті. «О, Тәңірі! Шынында мен бұрын күнге табынып келген едім. Енді Сүлейменмен бірге бүкіл әлемнің Тәңірі саған бойсұндым. Ғибадат етуге жалғыз сен ғана лайықтысың», – деді.

«Сарайға кір!» деді Балқисқа. Ол (жалтыраған) сарайды су екен деп ойлап, балағын көтергенде қос балтыры көрініп қалды. «Ол әйнектен жасалған сарай ғой», деді Сүлеймен. «О, Тәңірім!деді Балқис. Тәңірге басқа теңдес тауып, күнге шоқынғаным үшін мен өзіме өзім анық зиян жасаған екенмін. Енді Сүлейменмен бірге күллі ғаламның иесі Аллаға бойсұндым» (Нәміл сүресі, 44-аят).

СҮЛЕЙМЕННІҢ ӨЛІМІ

 Құранда Сүлейменнің өлімі туралы Алла тағала былай дейді.

«Сүлейменнің өлгенін жындар оның таяғын құрт жеп сындырғанда ғана білді. (Сүлеймен өлсе де таяғына сүйеніп отыра берген, осыған алданып жындар МасжидальАқсаны сала берген). Егер олар ғайыпты болжай білсе, соншалық ауыр еңбекті атқара бермеген болар еді» (Сәба сүресі, 14-аят).

Сүлейменнің қашан, қалай, неден өлгені адамдарға да, жындарға да жұмбақ болып қалды. Ол тағында таяғына сүйеніп отырушы еді. Сол таяқты құрт жеп, сынған кезде Сүлеймен қисайып құлап түсіп, оның өлгені сонда ғана мәлім болды. Мұны тіпті жындар да біле алмады. Өйткені олар ғайыпты біле алмайтын еді. Сондықтан да Сүлейменнің әмірі бойынша ауыр жұмыстарды жалғастырып істей берді. Сүлеймен михрабта жеке өзі отырып Аллаға ғибадат етуші еді. Ондай уақытта өзінің рұқсатынсыз оған бірде-бір адам кіре алмайтын. Сондықтан оның өлгенін ұзақ заман бойы ешкім білмеген.

 ҚИССАДАН ДӘРІС ЖӘНЕ ҒИБРАТ

 Дәуіт қиссасы әділдік жөніндегі дәріс іспетті. Мұнда қазы, әкім болған адамдарға өздерін күнәдан сақ ұстау үшін қажетті көп ақыл-кеңес бар. Оны Алланың пайғамбарын әділдікке шақыруынан көреміз. Алла Дәуітті жерге патша еткенін айтып, халық арасында әділ үкім етуге, Алланың жолынан тайдырып, адастыратын, есепті күнді ұмыттыратын түрлі арбауларға ермеуді өсиет етеді.

 Әкімді хақ жолдан тайдыратын ол сонда қандай амал-тәсілдер? Мұның көрінісін бір мәселенің шешімін шығарарда тамыр-таныстыққа еру, сый-сияпатқа қызығу, әлсіздерге күш көрсету, лауазымдылардың сөзін сөйлеу сияқты әрекеттерден байқауға болады. Сондықтан Алла Дәуітке бақытқа, ұлы жеңіске жеткізетін Алланың жолынан ауытқытып, адастырып, шатастыратын, сөйтіп қиямет күні ауыр азапқа душар ететін нәпсі деген әзәзілге берілмеуді әмір етеді. Бұл қай заманның әкімі үшін де үлкен сабақ болып табылады.

ҒИБАДАТҚА АРНАЛҒАН УАҚЫТТАР

 Дәуіт қиссасында ғибадатқа арналған уақыттар көрсетілген. Оны Алланың Дәуітпен бірге тауларды да ертелі-кеш зікір айтып тұратын еткендігінен аңғаруға болады. Бұл екі уақыт ғибадат етуге арналған құрметті мезгіл ретінде берілген. Өйткені таңмен бірге бүкіл табиғат оянып, құстар үн қосып, адамның рухани сезімін көтереді. Ал, күндізгі айқай-шу, дабыраның басылып, тыныштық орнайтын кешкі, түнгі мезгіл Жаратушыға тәсбі, мадақ айтып, алаңсыз ғибадат етуге өте қолайлы шақ.

ДҮНИЕ МЕН АХИРЕТТІҢ БАЙЛАНЫСТЫЛЫҒЫ

 Адамдардың көбі дүние мен ахиретті бөліп қарайды. Тақуалық тек дүние ісі деп санайды. Дүниедегі құлшылығың ахиреттің де азығы екенін түсіне бермейді. Өлдің, сонымен бар көрерің тәмам болды деген кеңестік қағидадан аса алмайды. Шындығында, Ислам дүние мен ахиретті бір-бірінен ажыратпайды, ол екеуінің бірі екіншісін толықтырушы деп есептейді. Сондықтан осы дүниеде ахирет нәсібін алып қалуға шақырады. Ол үшін жақсы істер, ізгі амалдар жасау шарт. Ал, Аллаға құлшылық ету үшін еліңнің тыныштығы және сол тыныштықты бұзатын дұшпандардан қорғану қажет. Сол үшін Алла тағала Дәуітке қорғану шараларын қарастыруды, жауынгерлерін найза-қылыштан қорғайтын сауыт жасауды бұйырды.

СЕНІМ БЕРІКТІГІ

 Сүлеймен мен Балқис оқиғасы дүние байлығы мен Аллаға деген сенімнің таразысы іспетті. Алла Сүлейменге ілім, пайғамбарлық және көптеген нығмет берді. Ол соның бәрін өткінші дүние көріністерінен артық көріп, бағалай білді, шүкіршілік етті. Ал, Алланы танымайтын, байлығына мәз және оны кім беріп жатқанынан мақұрым Балқис не нәрсенің бәрін байлықпен өлшеп, Сүлейменді де бағалы сыйлықтармен қызықтырмақ болды. Сүлеймен оған алланың бергені олардың бергенінен әлдеқайда артық, оған ештеңе жетпейтінін айтты. Алланың сыйын дүние қызығынан да, атақ-дәрежеден де жоғары қойды. Сүлейменнің бұл иманы, сенімінің беріктігі кейінгі замандардағы әрбір басшы, көсем, әкім, қазыларға ғибрат болып қалды.

Шынында да қанша жерден қымбат болса да материалдық байлық ұлы ақиқатпен тең бола алмақ емес.

 ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ ДӘРІСІ

 Балқис пен Сүлеймен қиссасы қарапайымдылыққа мысал болып табылады. Екеуі де патша бола тұра бір-біріне сыпайылық, әдептілік, ілтипат көрсетулері олардың тек лаазым иелері ғана емес, көреген, данышпан жандар екендігін де көрсетеді. Өйткені инабаттылық, мәдениеттілік білімді адамдардан ғана шығады. Сүлеймен сонша нығметке бөленгеніне қарамастан Балқистің  алдында масаттанып, асқақтамайды. Ол тіпті хабар алып келген құсқа да ашу шақырған, рұқсатсыз кетіп қалғаны үшін жазалаған да жоқ. Осының бәрі оның әр нәрсенің байыбына барып, ақылға салатын білімділігін, даналығын, мейлі әкім, мейлі ұлық, мейлі патша бол – соның бәрінде де қарапайымдылықтан аспау керектігін көрсетеді.

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38