Қазір көшеге шыққанда немесе базарға бас сұққанда қол жайған қайыршыларды жиі кездестіруге болады. Әрине, ондай жандардың тағдыры әртүрлі, әрқилы. Олардың кейбірінің он екі мүшесі сау болса, енді біреулерінің қол-аяқтары жоқ. Бір сөзбен айтқанда, еңбек етіп, жан бағуға қауқары жетпейді. Амалсыздан қол жайып, тиын-тебен сұрауға мәжбүр. Мұндай кемтар жандарды қайыр сұрауға мұқтаж деуге болады. Ал енді тұла бойы тік, тепсе темір үзетін азаматтардың да қол жайғанын көргенде, іштей қынжылыс білдіресің. Ондай азаматтар қолына түскеніне ішімдік жұмсап, құйса ит те ішпейтін сасық сумен денесін улап, қоғамның жеккөрініштісіне айналуда. Осылайша күш қайраты бола тұра өткен-кеткен жүргіншіге қол жаюын, азын-аулақ тапқанын арамға жұмсауын қалай адамгершілікке жатқызуға болады. Өйткені, дініміз қайыршылық жасауға емес, адал кәсіп етуге үндейді. Ал, Құран аяты бізге: «Алла сендерге өз мәрхаметінен түнді тынығу, күндізді кеңшілігін (ризық) іздеулерің үшін жаратты. Әрине, шүкіршілік етерсіңдер» («Қасас» сүресі, 73-аят),- деуі арқылы тірі адам тіршілік ету керек екендігін жеткізген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі адамдардың қайыр сұрауларын ұнатпаған. Тіпті, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сіздерден біреулеріңіз қолына арқан алып, бір арқа отын әкеліп сатуы және Алла тағаланың ол құлына деген құрмет етуі, әлбетте, қайыршылықтан әлде-қайда жақсы»,- деп қайыршылық амалдан қашық болуға шақырған. Ансарлық (Меккеден Мәдинаға көшіп келген мұсылмандарға жәрдемдесушілер) сахабалардан бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп садақа сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған:
– Үйіңде бір нәрсе бар ма?- дейді. Әлгі кісі:
– Иә, бір жамылғым бар. Оның жартысына жатамын да, қалған жартысын жамыламын. Ал, бұдан бөлек су ішетін бір ғана торсығым бар,- деді сахаба. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған қарап:
– Олай болса, әлгі айтқан заттарыңды осында алып кел!- деп бұйырды. Ол кісі дереу орнынан тұра сала жаңағы айтқан заттарын алып Пайғамбардың (с.ғ.с.) алдына алып келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әкелген заттарды қолына алып, көпшіліктің алдында:
– Араларыңда мына заттарды сатып алатын адам жоқ па?- деді. Сол уақытта бір кісі:
– Айтқан заттарыңызды бір дирхамға мен-ақ сатып алайын,- деді. Мұны естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі-үш мәрте:
– Одан да артық бағаға алатын адам жоқ па?- деді сөзін қайталап. Бұл сөзді естіген бір кісі:
– Екі дирхамға мен алайын,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу қолындағы заттарын екі дирхамға сатты. Содан ақшаны әлгі садақа сұраған кісінің қолына табыстап былай деді:
– Бір дирхамына балаларыңа жейтін азық, келесі бір дирхамына арқан сатып ал да, сонымен нәпақаңды айыр.
Садақа сұрай келген ол кісі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқандарын бұлжытпай орындады. Араға он бес күн салып сол аралықта он дирхам пайда тапқандығын, оның бір бөлігіне киім, тағы бір бөлігіне ішіп-жейтін азық-түлік алғандығын Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қуана жеткізді. Осы сөзін күткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) еңбек етуге ынталандыру мақсатында:
– Міне, нәпәқаны осылайша маңдай терді төгіп тұрып тапқан жақсы ма, болмаса қиямет күні маңдайында қайыршы деген мөрімен Алланың құзырына шыққан жақсы ма?- деп қайыршылықтан гөрі адал еңбекпен тапқан нанның дәмді, жұғымды, берекелі болатынын ескертсе керек.
Тағы да сондай күндердің бірінде ансар сахабалардан кейбіреулері Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп садақа сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың сұрағандарын берді. Ол кісілер кейінірек келіп Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) тағы сұрады. Пайғамбармыз (с.ғ.с.) оларға сұрағандарын тағы берді. Әлгі кісілер үшінші мәрте келіп тағы да садақа беруін сұрады. Бұл жолы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) садақа беретіндей қолында ешнәрсесі қалмаған-ды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап:
– Садақа малынан қолымдағы барымды өздеріңе үлестіріп бердім. Басқаларға беру үшін сіздерден қиып ешнәрсе алып қалғаным жоқ. Кімде кім қайыршы болудан сақтанса, Алла тағала ол кісіні тап-таза жан етеді. Дәл осылай адамдарға мұқтаж болмау үшін қол жаймауды қаласа, Алла тағала ол кісіге байлықты нәсіп етеді. Кімде кім сабыр етуді қаласа, Алла оған да сабырлықты береді. Сабырдан асқан жақсылық, онан асқан кең нығмет ешкімге берілмеген,- деп қайыршылықты кәсіп етпеуге шақырған екен.
Шынында, дініміз адал жолмен кәсіп ете отырып, отбасын қамтамасыз етуге шақырады. Және оны ғибадаттардың бір түріне жатқызады. Яғни, ұрлық-қарлық жасау қандай күнәлі іс болса, маңдай термен нан табу да сондай сауапты амал болып табылады. Ең алдымен отбасыңды өзгелерге мұқтаж етпестен арам астан сақтай отырып, ішіп-жемін адалдай ету отағасының міндетінің бірі. Ал егер күнделікті қолданысынан артылатындай мүмкіндік туса, шынымен мұқтаж жандарға беру ол да дініміздің бір әмірі болып табылады. Сол үшін қайыршылықты кәсіп көзіне айналдыруға дініміз рұқсат етпейді. Ризық-несібенің Алладан берілетіні ақиқат. Оның қазынасы шексіз. Осыны бір ескерген жөн. Кедейшіліктен қорқып, қайыршылыққа бас ұруды кәсіптің көзі деуге еш негіз жоқ. Тәніңіздің саулығы мен асыңыздың адалдығын тәңірден тілеу бір бақыт емес пе?!
Шымкент қаласы орталық мешіті