IMG 1214

IMG 1214

Ақтөбе қаласындағы ҚР Ұлттық Ұланның №6655 әскери бөлiмiнде болған лаңкестiк оқиғаға да бiр жыл уақыт болыпты. Осынау экстремистiк қанды шабуылда қылмыскерлерге тойтарыс беру кезiнде өз бекетiн тастамай, ерлiкпен қаза тапқан Досбол Еркiнбекұлы Сапар Шардара ауданының тумасы едi.
Кешегi күнi Досбол Еркiнбекұлының қайтыс болғанына бiр жыл толуына орай жылдық еске алу асы берiлдi. Қаладағы «Ақ дастарқан» дәмханасында ұйымдастырылған еске алу жиынына жұртшылық өте көп жиналды. Аудан имамы Асылхан қажы Данияров мезгiлсiз өмiрден озған батырдың рухына құран түсiрген соң, Досбол Сапар туралы түсiрiлген бейнефильм көрсетiлдi. Мұнан соң аудан әкiмi Болатбек Қыстауов сөз алып, Сапаровтар әулетiне жұбату айтты.
– Лаңкестiк әрекеттiң алғашқы соққысына кеудесiн тоса отырып, қаншама азаматтың өмiрiн сақтап қалған Досболдың қазасына бүкiл халқымыздың қабырғасы қайысты. «Тас түскен жерiне ауыр» десек те, сiздердiң қайғыларыңызды Қазақстан жұртшылығы бөлiп көтерiстi. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы көңiл айту жеделхатын жолдады. 2016 жылдың желтоқсан айында мемлекетiмiз Досбол Сапардың ерлiгiн бағалап, Елбасы Жарлығымен III дәрежелi «Айбын» орденiмен марапатталды. Былтырғы жылы облыс әкiмiнiң бастамасымен, облыстық Iшкi Iстер департаментi мен жергiлiктi полиция қызметiнiң жеке құрамы бiрауыздан келiсiп, сiздерге материалдық көмек жасады. Әрине, қыршын кеткен ұланымыздың орнын ешнәрсе де толтыра алмайды. Алайда, қазақта «Қайғыны бөлiссең азаяды, қуанышты бөлiссең көбейедi» деген жақсы сөз бар. Сондықтан да қалың ел қиын сәтте қастарыңыздан табылып, жандарыңызға демеу бола бiлдi. Осыған қарап, Досболдың бiр әулеттiң немесе бiр ауылдың емес, халықтың ұлына айналғанын көрiп отырмыз. Ерлiкпен қаза болған Досбол Сапарды бiздер мәңгi ұмытпаймыз. Оның ерлiгi жас ұрпаққа үлгi-өнеге болып қала бермек. Сiздердiң отбасыларыңызда ендi тек жақсылық болсын! – дедi Болатбек Дүйсенбекұлы.
Жиынға қатысқан облыстық Iшкi Iстер департаментi бастығының орынбасары Сұңғат Тiленшин, облыстық Қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттiң бастығы Талғат Әлiқұлов, Досболмен бiрге әскери қызметiн өтеген достары мен ағайын-туыстар, құда-жекжаттар естелiк әңгiмелер айтып, ондай қайғылы жағдай қайталанбасын деген iзгi тiлектерiн бiлдiрiстi. Мектеп оқушылары Досбол ағаларына арнаған жүрек тебiрентерлiк жырларын жатқа оқыды.
Досболдың әкесi Еркiнбек пен анасы Жұлдызай сын сағатта отбасындағы ауыр қайғыны бөлiскен мемлекетке, Елбасы мен облыс басшыларына алғыстарын жеткiздi. Айта кетейiк, отбасындағы 2 ұл мен 1 қыздың iшiнде Досбол тұңғыш перзент едi. 1997 жылы өмiрге келген Досбол Көксу ауылы С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебiн бiтiрген. Өзiнен кейiнгi қарындасы Гүлнұр Шымкент қаласындағы аймақтық-әлеуметтiк инновациялық университетiнiң сертификаттау және стандарттау факультетiнiң II – курсын аяқтаса, Ербол iнiсi мектептiң 5 – сыныбын тәмамдады. Досбол өзiнiң әкесi Еркiнбектiң, атасы Алтынбектiң жолын қуып, көкпар тартатын шабандоз атанып үлгерген едi.
Арманда кеткен арда ұлды туған жерi ұмытпақ емес. С.Ерубаев атындағы және қаладағы №12 жалпы орта мектептерiнде Досбол Сапарға арналып сынып пен бұрыш ашылды. Бейбiт күннiң батырын еске алуға арналған бiрнеше iс – шаралар ұйымдастырылды. Қаһарман ұлдың ерлiк жолын өскелең ұрпаққа насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Ә. Әбдіраманов

 

IMG 1213

IMG 1214

IMG 1215

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38