I-өлең
Қойған шығар маңдайға жазылыпта,
Нәсіп болып аттандық қажылыққа.
Бәтеңді бер жақсылар бәтеңді бер,
Көңілдердің кіршіксіз назын ұқта.
Шын үйіне Алланың бастық қадам,
Тыншытуға көңілді бастықпаған.
Бұл қажылық әркімге бұйра бермес,
Имандыққа жол ашсын ақтық қадам.
Мекке мен Мәдинаға шектік сапар,
Имандықтың біздерге жолын ашар.
Ел тыныш боп, отбасы аман болсын,
Құтылайық тірліктен сұрқы нашар.
Жақсы тілек, жақсы оймен аттанамыз,
Бұл қажылық білгенге жатқан аңыз.
Аман барып, елге аман оралсақ біз,
Қасиетін жыр қылып ақтарамыз,
Алла алдында тазарып ақталамыз.
ІІ-өлең
Жанымда Жақып балам бар,
Жайым жоқ менің алаңдар.
Қажылық бізге нәсіп боп,
Іске асты ойда бағамдар.
Аттандық Шымкент шаһардан,
Ұшақта жағдай жасалған.
Гиддіміз Мансұр қожа екен,
Таныс жан елден бата алған.
Аралас көңіл, толқулы,
Берілдік ойға әр қырлы.
Сеземіз біздер бойдағы,
Аллаға деген жарқылды.
Бес сағат көкте самғадық,
Үміттің жібін жалғадық.
Жиддаға келіп қонды ұшақ,
Өз ісін мәнді жамғарып.
ІІІ-өлең
Сәулесін төкті көңілдің көктем шуағы,
Ашылды көзі сезімнің шабыт бұлағы.
Қасиетті Мекке көзіме ыстық көрінді,
Имандықтың жанып бойда бір сөнбес шырағы.
Алаһттың үйі алдына келдік сыйынып,
Биледі бойды ойлар бір асқақ жылымық.
Қолымызды жайып тіледік елдің тынышын,
Арнадық дұға әруақтарды шын ұғынып.
Ризамыз Алла алдыңа бізді келтірген,
Біздерді сақта шайтан ойлардың өртінен.
Ағылған халық толқыны көзді арбайды,
Айрылғысы келген бойды билеген дертінен.
Қабыл болсын деп ниетпен келген жандарды ұқ,
Сезім шуағын көздерінен біз аңғардық.
Сабыр мен ықылас, билеген мына мекеннің,
Қасиеттеріне басымызды иіп таңқалдық.
IV-өлең
Таулы жер, таулы аймақ, таулы мекен,
Сабырлы, у-шуы жоқ неткен көркем.
Түрлі ұлт, түрлі сезім ұғысыпты,
Келісіммен бағытап көңіл желкен.
Бұл жақты көргенде бар, көрмегенде,
Болмайсың мұнда келсең төрге кенде.
Көңіл көл сабырынан нәр татасың,
Сусындап имандыққа шөлдегенде.
Сенімсіз жалтақ ойдан арыласың,
Жандар бұл Меккедегі бағы басым.
Сен кім бол, қандай ұлт бол ,мұнда бәрің,
Тәңірдің құдіретіне бағынасың.
Тұрды Әлсейіт Ақын-журналист, ҚР журналистер одағының мүшесі. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент кенті.