Шариғатта зина жасаған кісі Құран тілімен айтқанда «зинақор» деп аталады. Енді зина етушінің ақыреттік жағдайы да жақсы болмайтынын ұмытпауымыз керек. Алланың харам еткен амалын жасаған пенде оның жазасын алары сөзсіз. Сондықтан ислам бізге некелесіп, Алланың құзырында адал некемен отбасы құруымызды бұйыруда.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) зинаның бұ дүниелік және о дүниелік зардабы жайында былай деп ескерткен: «Ей, адамдар! Зинадан сақтаныңдар. Өйткені зинаның алты үлкен зияны бар. Оның үшеуі осы өмірде, үшеуі ақыретте. Осы дүниедегі көретіні: жүздің ажары мен нұрын кетіреді, кедейлікке ұшыратады, өмірін қысқартады. Ақыретте көретіні: Алланың ашуына себеп болады, сұрағы қатты болады, тозақ азабына тартылады»[1].
Сол секілді зинақордың ақыреттегі азабы тозақ оты екендігі мына бір хадисте де айтылады: «Зина етушінің жүзі тозақта жанатын болады»[2].
Зинадан сақтанудың жолы
Дініміз зинақорлық індеттің алдын алу үшін мұсылман баласына үйленуді бұйырады. Яғни ақ некемен отбасын құруға әмір етеді. Адал жолмен отбасы құрып, перзент сүйіп, шаңырақ көтеру арқылы мұсылман адам ар-намысын сақтай алады. Әрине жасы келген азамат әлеуметтік жағдайға байланысты уақтысында отбасы құра алмаса, арын таза ұстап жүруі тиіс. Сол секілді күнәға ұрынбауы үшін ораза ұстап, нәпсісін тежеп жүруі бұйырылған. Бұған қатысты Құранда:
﴿وَلْيَسْتَعْفِفِ الَّذِينَ لَا يَجِدُونَ نِكَاحًا حَتَّىٰ يُغْنِيَهُمُ اللَّهُ مِن فَضْلِهِ…. ٣٣﴾
«Үйлене алмағандар Алла Өз кеңшілігімен байытқанға дейін, (күнәлі істерден) өздерін таза ұстасын…»[3], десе Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы келмегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қалқан»[4],- деп өсиет еткен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арсыз іске бармауды өсиет ете отырып, зинаға жетелейтін әрекеттерді тыя білген мұсылманға жұмақты сүйіншілеген. Тіпті Оның (с.ғ.с) айтқан сөздеріне сәйкес өзін ұстай білген мұсылманның жұмаққа кіретініне кепілдік беруде. Олай болса, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кепілдік берген өсиетіне аса мән беріп, жұмаққа жетелейтін амалды орындауға талпынайық. Ол жайында мына хадисте былай дейді:
مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ
«Маған мына екі нәрседе: екі жақ арасындағы тіліне және екі аяқтың арасына (әуретіне) жамандық жасамауға кепілдік берсеңдер, мен сендерге жәннатқа баратындарыңа кепілдік етемін»[5].
Күйеуін сыйлап, арын сақтап, бес уақыт намазын оқып жүрген әйелдер үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деп сүйіншілейді: «Әйел бес уақыт намазын оқып, рамазан оразасын ұстап, арын сақтап, күйеуіне құрмет көрсетсе, қай есіктен қаласа жәннатқа кіретін болады»[6].
Мұсылманның арманы – жұмақ. Олай болса, жұмаққа баратын жол оңай болмасы анық. Алладан қорқып, арын сақтаған жандар ақыретте аршының көлеңкесінде болатын 7 сынып адамның бірі болатынын ұмытпайық. Сол 7 сынып адам жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Жеті сынып адам бар. Алла оларды аршының көлеңкесінен басқа көлеңке болмаған күнде соның көлеңкесіне қояды. Олар: 1. әділ патша; 2. Аллаға ғибадат етумен өскен жас адам; 3. жүрегі мешітке байланған адам; 4. Алла үшін бір- бірін жақсы көрген, бір жерге жиналған, бір-бірінен айрылған екі адам; 5. Мансабы жоғары әйел өзін шақырғанда «Мен Алладан қорқамын» деген адам; 6. Сол қолының бергенін оң қолы білмейтіндей жасырын садақа берген адам; 7. Жалғыз қалғанда Алланы зікір етіп көзіне жас алған адам»[7].
Иә, хадисте айтылғандай «Мансабы жоғары әйел өзін шақырғанда «Мен Алладан қорқамын» деген адамның» бірі ретінде Құрандағы Жүсіп ﴾u﴿ пайғамбарды мысалға келтіруге болады. Жүсіп ﴾u﴿ пайғамбар мен Зылиқаның арасындағы оқиға бізге ғибрат болуы тиіс.
Исламның алғашқы жылдарында иманға келгенімен, кейбір мұсылмандар әлі де болса, қараңғылық дәуірінде бойына сіңіп қалған жаман әдеттерден арыла алмай жүрген. Сондай жаман әдеттің бірі зина еді. Зина жасауға қатысты бір жігіттің басынан өткен мына бір оқиға әрдайым айтылса да, өміршеңдігін жоғалтпайтын ғибраты мол оқиға деп білеміз.
Бірде Жуләйбиб есімді жас жігіт Алла Елшісіне (с.ғ.с) келіп:
– Ей, Алланың Елшісі! Маған зина жасау үшін рұқсат берсеңіз, енді шыдай алар емеспін, – дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында отырғандар жігіттің жиіркенішті өтінішін естіген сәтте оған бірден өре түрегеліп, кейбіреулері аузын жаптыру үшін дүрсе қоя берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) олардың қарсылығына рұқсат бермей, әлгі жігітті тыңдап, содан кейін оны тізесінің жанына отырғызып, былай деп сұрады:
– Осындай нәрсенің сенің анаңа жасалғанын қалар ма едің? Жігіт:
– Жоқ, ей, Алланың Елшісі! Әрине қаламаймын! – деді. Пайғамбарымыз с.а.у.):
– Ешқандай адам анасына мұндай жиіркенішті қылықты қаламайды. Егер сенің қызың болса, оған осындай әрекет жасағанын қалар ма едің? – дейді. Жігіт:
– Жаным Саған құрбан болсын, ей, Алланың Елшісі! Еш қаламас едім! – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Ешбір адам қызына мұндай нәрсені қаламас еді. Әпкеңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едің? – деп сұрайды. Жігіт:
– Жоқ, ей, Алланың Елшісі! – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Біреудің сенің қарындасыңмен зина жасағанын қалайсың ба? – деп сұрады. Сонда жігіт:
– Жо-жоқ қаламаймын, – деп жауап қатты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Ешкім де әпкесімен, қарындасымен зина жасағанын қаламайды, – деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қолын әлгі жігіттің жүрек тұсына қойып: «Аллаһым, мұның күнәсін кешір, жүрегін жамандықтардан тазарт, намысын қорға!» – деп дұға етеді. Міне, осылайша, жігітке ашуланбай, оның өрекпіген көңілін басып, зинақорлықтың жиіркенішті екенін осындай мысалдармен түсіндіріп, әкелік мейірім танытып, жанын жегі құрттай жеген әлгі күнәдан құтылуы үшін дұға етеді. Осы оқиғадан кейін ол жігіт иманын қорғап өтеді.
Дегенмен ол жігіт мұсылмандар арасында осындай жаман қылығымен танылғандықтан алғашқыда ешкім оған қызын жұбайлыққа бергісі келмеген. Алайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) араға түсіп, үйлендіреді. Үйленген соң көп уақыт өтпей жорыққа шығып, соғыста шәһид болады. Соғыс біткен соң шәһид болғандарды жерлеу және сауларды түгендеуге көшеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Арамызда бәрі түгел ме?» – дейді. Сонда сахабалары: «Иә, бәріміз түгелміз», – деп үн қатады. Пайғмбарымыз (с.ғ.с): «Жоқ, менің жоғым бар», – деп Жуләйбибтің басына барып: «Жуләйбиб менен, мен де Жуләйбибтенмін»[8], – дейді.
Иә, көріп отырғанымыздай бәріміздің анамыз, әпке, қарындасымыз, қызымыз бар. Олай болса, өзімізге қаламағанды өзгеге де қаламайық, ағайын!
Біз Алладан қорқуымыз керек. Шынайы Алладан қорыққан мұсылман ғана мұндай арсыз күнәні жасамайды. Осы мәселеге қатысты мына бір ғибратты оқиғаны айтып өткен орынды болар.
Хазіреті Омардың (р.а) кезінде бір жас жігіт бес уақыт намазын мешітте оқып, құлшылығына ыждаһаттылық танытады екен. Алланың әмірлерін орындап, тақуалығымен танылатын. Хазреті Омар (р.а) намазға келетін өз жамағатын жақсы білгендіктен, бір күні әлгі жігітті мешіттен көре алмайды. Бұл Хазреті Омардың (р.а) назарын аудартады. Намаздан кейін жамағатқа: «Пәленше деген жігітке не болды екен, бір-екі күн болды, оны мешіттен көрмедім», – деп сұрағанда, ешкім тіс жарып, тіл қатпайды. Бәрі жүздерін төмен салып, Хазреті Омардың (р.а) бетіне тура қарауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Хазреті Омар (р.а) сұрағын қайталаған кезде барып, жамағаттан біреуі: «Әй, мүміндердің әміршісі! Ол жігітті (айтуға ауыз бармайтын) жолда өліп жатқан жерінен тауып алдық. Сіздің көңіліңізге қаяу түсірмес үшін дереу жаназасын шығарып, жер қойнына тапсырдық», – дейді.
Алла Хазреті Омарға (р.а) сол сәтте жігіттің басынан өткен жағдайдың қалай өрбігендігін білдіріледі. Ал жігіттің басынан өткен жайттың барысы төмендегіше өрбіген еді. Жігіттің мешітке қатынайтын көше бойында бір әйел оны ұнатып, оған сырттай күйіп-жанып ғашық болып қалады. Айтса айтқандай, жігіт сымбатты, әрі бойдақ еді. Әйел оны өзіне қарату үшін барлық айла-амалын қолданады. Әр жолыққан сайын жігіт оның ұсынысынан бас тартып, күнәлі істен қашады. Дегенмен, әр пенденің осал тұсы болады. Оның осал тұсын тапқан әйел өнерін салып өзіне шақырады. Жігіт оның үйіне қарай бет алады. Бір-екі қадам басқаннан кейін тілінің ұшына бір аят оралады. Жігіт еріксіз аузына түскен аятты күбірлеп оқи бастайды. Алғашқыда аяттың мағынасына мән бермейді. Бірте-бірте аяттың мағынасын түсінеді. «Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Аллаты еске алады да қырағылық істейді»[9].
Осынау аяттың мағынасына бойлаған сайын тұла бойы қалшылдап, қара терге малшынады. Жігіт есін жиып, істемек болған ісі үшін Раббысынан жердің жарығына кірердей ұялып, қалайша күнәлі іске дәті барғандығына өзі түсінбей дал болады. Жігіт қорқыныштан аузына түскен аяттың мағынасына бойлаған сайын жүрегінің соғысы жиілеп, тұрған жерінде жарық дүниемен қош айтысқан екен.
Хазреті Омар (р.а) жігіттің қалай жан тапсырғанын білгеннен кейін оның қабіріне барып, жігіттің жатқан жеріне үңіліп: «Я, фәтә! Уәлимән хофа мақома Роббиһи жәннәтаан» (Әй, жігіт! Раббысынан қорыққандар үшін екі жәннәт бар) деп айқайлайды. Сол кезде былай деген дауыс естіледі: «Әй, мүміндердің әміршісі! Алла маған сенің айтқаныңның екі есесін берді».[10]
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан
[1] Тәнуирул-әзхан мин тәфсири рухул-баян. Бәйрут, 1988. ІІ том. 342 бет.
[2] Табарани.
[3] “Нұр” сүресі, 33-аят
[4] Бұхари, Саум 10; Әбу Дәуід, Никаһ 1
[5] Бұхари, Риқақ 23.
[6] Ахмад б. Ханбал риуаяты.
[7] Бұхари, Азан 36.
[8] Мунсад, Ү. 257.
[9] Ағраф сүресі, 201-аят
[10] Ихия ғулумаддин.