«Әй мүміндер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге» (Бақара сүресі, 153)
«Денсаулық – адамның басына киілген алтын тәж секілді. Оны тек ауырған адамдар ғана көреді» деген көнеден келе жатқан ғибратқа толы ұлағатты сөздердің мағынасы тереңде жатыр. Осы тұрғыда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай: «Сабырлық пен денсаулық – екі үлкен тарту, бірақ көп адам олардың қадірін білмейді»[1]. Бұл хадис арқылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамдарды Алланың берген екі нығметіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Иә, денсаулық болмаса адам баласы парыз болған ғибадаттарын орындауда да, әлеуметтік өмірінде де көп қиыншылықтарға тап болады. Шынымен де, денсаулық – Алла тағаланың бізге берген үлкен нығметі, Оған шүкіршілік ете отырып, денсаулықты сақтау – біз үшін аманат. Алайда адам баласы жан мен тәннен жаратылған соң ауырып, сырқаттанатын кездері де болады. Мұндай жағдайда мұсылман кісінің ең басты әрекеті ауруға сабырлық танытуы. Ал сабырлық болса адам баласын кемелдік шыңына жетелейтін асыл қасиет. Алла тағала сабыр қылғандарды үлкен сый күтіп тұрғанын және күнәларының кешірілетініне уәде етті:
وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ ﴿۱۵۵﴾ الَّذِينَ إِذَا أَصَابَتْهُم مُّصِيبَةٌ قَالُواْ إِنَّا لِلّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعونَ ﴿۱۵۶﴾ أُولَئِكَ عَلَيْهِمْ صَلَوَاتٌ مِّن رَّبِّهِمْ وَرَحْمَةٌ وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُهْتَدُونَ ﴿۱۵۷﴾
«Сөзсіз, біз сендерді қауіп-қатермен, аштықпен, малдарыңды, жандарыңды және өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз. (Мұхаммед ғ.с.) сондай жағдайларда сабыр сақтайтын жандарды қуант. Қашан да оларға бір ауыртпалық жетсе, олар: «Шын мәнінде, біз Алладан келдік және Оған қайта ораламыз» — дейді. Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау және шапағат бар»[2].
Жалпы сабырлықтың бірнеше түрі бар: ғибадатқа сабыр, күнәға сабыр, т.б. Біздің қозғап отырған тақырыбымыз ауру-сырқауға сабырлық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде:
«Бірде бір әйел Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп айтады: «Мені қатты бір ауру қысып тұр, маған дұға қылыңызшы». Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Егер сабырлық танытсаң, саған жәннат, егер қаласаң, онда мен дұға етіп, саған денсаулық тілейін». Сонда әйел: «Мен сабырлықты таңдаймын» деп жауап қайтарады»[3] деген. Яғни, мұсылман адам ауру кезінде сабырлық танытса, бұл оның жәннатқа кіруіне себеп болады деген сөз.
Сонымен қатар мұсылман адам ауырғанда оны жария етпегені абзал. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде келгендей:
ثلاث من كنوز البر: إخفاء الصدقة، وكتمان المصيبة، وكتمان الشكوى، يقول الله تعالى: إذا ابتليت عبدي ببلاء فصبر ولم يشكني إلى عواده أبدلته لحما خيرا من لحمه ودما خيرا من دمه، فإن أبرأته أبرأته ولا ذنب له، وإن توفيته فإلى رحمتي
«Үш нәрсе жақсылықтың қазынасы: Ауруды, қиыншылықты, садақаны жасыру. Алла тағала: «Мүмин ауырған кезінде көңіл сұрап келгендеріне мені шағымданбаса, денесіндегі бұлшықетінің орнына жақсырақ бұлшық ет, қанының орнына жақсырақ қан беріп, жағдайын жақсартамын, күнәларын да кешіремін, егер қайтыс болса, мейіріміме қауышады» деген»[4].
Мұсылман адам ауырғанда өзін сабырлыққа шақырумен қатар емдік жолдарын да қарастырғаны жөн. Усама ибн Шурайк (р.а) риуаятында келген Алла елшісінің (с.ғ.с) мына бір хадисінде:
مَا أَنْزَلَ اللَّهُ دَاءً إِلَّا أَنْزَلَ لَهُ شِفَاءً
«Алла тағала қандай да бір ауруды жаратқан болса оның емін де жаратқан»[5], -деп бұйырғанын білеміз.
Мұсылман адам ауырып қалған жағдайда мына үш нәрсеге амал қылу керек:
- Дұғаны қалдырмау. Алла тағала Құранда:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ ۖ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ ۖفَلْيَسْتَجِيبُوا لِي وَلْيُؤْمِنُوا بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ
«(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді»[6]-деген. Ауру болсын, басқа да бір ауыртпалықтарға тап болсақ, жәрдемін тек Алладан сұрауымыз керек.
- Себептерін жасауы керек. Яғни, егер адам ауруды сезінген жағдайда емделгені дұрыс. Дәрігердің қабылдауына бару, дәрі ішу, салауатты өмір салтын сақтау – осының бәрі деніміздің саулығына себеп болады. Ал денсаулық Алла тағаланың берген аманаты екенін ескерсек, Құран Кәрімдегі:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا
«Негізінен Алла сендерге аманаттарыңды өз лайық орнына тапсыруларыңды әмір етті»[7], – деген бұйрықты орындау – біз үшін міндет.
- Нәтижесін Алладан күту. Яғни, қолдан келгенше барлық себептерді жасап, дұға тілегеннен кейін нәтижесін бір Алладан күту. Ал егер ауырып қалған жағдайда ешқандай себеп жасамай, тәуекел деп жүре берсе, шипа беруші бір Алла деп, ем де қабылдамаса, онда ол дұрыс болмайды. Немесе, ем қабылдап, ал жазылғаннан кейін: «Осы дәрілер мені сауықтырған. Бұл дәрілер болмаса жазылмас едім» деп ойласа, ол да дұрыс болмайды. Жоғарыда келтірілген үш амал да орындалу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде:
لِكُلِّ دَاءٍ دَوَاءٌ فَإِذَا أَصَابَ دَوَاءُ الدَّاءِ بَرَأَ بِإِذْنِ اللَّهِ
«Әрбір аурудың емі бар, ауруға ем дөп келсе, Алланың қалауымен емделеді»[8] деген. Шипаны беруші бір Алла деп, дәрі қабылдап, дұғада болып, нәтижесін Алладан күткен адамның ғана әрекеті дұрысқа саналады.
Алла тағаланың адамдарға ауру беріп сынауы да мүмкін. Яғни, егер бір адам ауырып, жазылғаннан кейін мінезі, түсінігі еш өзгерместен күнә істерін жасауды жалғастырса, онда ол адам сынақтан сүрінді деген сөз. Алла тарапынан түскен әр сынаққа төзе білген адам нағыз мұсылман. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):
مَا يُصِيبُ الْمُسْلِمَ مِنْ نَصَبٍ، وَلَا وَصَبٍ، وَلَا هَمٍّ، وَلَا حُزْنٍ، وَلَا أَذًى، وَلَا غَمٍّ، حَتَّى الشَّوْكَةِ يُشَاكُهَا إِلَّا كَفَّرَ اللَّهُ بِهَا مِنْ خَطَايَاهُ
«Мұсылманның шаршау, ұзақ сырқат, мазасыздық, көңілсіздік, жағымсыз нәрсе, уайым-қайғыға тап болуы, тіпті тікеннің өзі арқылы Алла оның істеген қателіктерін кешіреді»[9], – делінген хадисіне сүйене отырып, Алла Тағаланың пенделеріне деген махаббаты мен мейірімі бұл дүниеде мұсылман кісіге кезіккен ауру-сырқаттар, мұң-қайғылары арқылы болатынын түсінеміз. Ал басына келген өмірдің кейбір қиыншылықтарына, ауруға да жеңіл сырқаттарға сабырлық танытса, бұл оның екі дүниеде де сауаптарға кенеліп, күнәларының кешірілетініне себеп болары анық.
Адам баласы басынан қанша қиыншылықтар, ауру-сырқауларды өткерсе де, сынақтардың ең ауыры Алланың сүйікті құлдары, хақ дінді жаюға келген барлық пайғамбарлардың ауыртпалығындай болмаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
إِنَّ مِنْ أَشَدِّ النَّاسِ بَلَاءً الْأَنْبِيَاءَ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُم
«Адамдардың ішіндегі ең ауыр қиындықты бастан өткерушілер, әуелі – пайғамбарлар, содан кейін дәрежесіне қарай келген таңдаулылар»[10] деген. Осы ақиқатты түсінген кейбір иманды құлдар бастарына қиындық келмесе «Алла мені жақсы көрмейді ме?!» деп қорыққан.
Хазірет Әйюб пайғамбар да ﴾u﴿ шыдамдылықтың шыңына жетіп, ауруға сабырлылық танытудың үлгісі болды. Алла тағала Оны аурумен сынады. Тафсир Ибн Касирде: «Алла тағала Әйюбтің ﴾u﴿ денсаулығын, бала-шағасы мен мал-дүниесін алып, ауыр сынады»[11],-деп айтылған. Бұл сынақ он сегіз жылға созылады. Соңында Әйюб ﴾u﴿ Алла тағалаға: «… Рас мені шайтан бейнет пен қинауға ұшыратты, – деп жалбарынды»[12]. Сонда Алла тағала: «Оған: аяғыңмен жерді теп. Міне, саған шомылатын әрі ішетін суық су (дедік)»[13], – деп, дертіне шипа береді.
Алла тағаланың сүйікті құлы, соңғы Елші Мұхаммед Мұстафа да (с.ғ.с) әр уаһи келгеннің өзінде қатты қиналатын: дене қызуы көтеріліп, бойында бір ауыртпашылықты сезінетін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінің соңғы күндерінде денсаулығының нашарлағаны сонша жамағатқа имам болуды Әбу Бәкірге тапсырып, ауруға сабыр қылып, намаз бен дұғасын тоқтатқан жоқ.
Қасиетті Құран Кәрімнің алты жерінде шипа аяттары кездеседі: «Жүніс» сүресінің 57-ші, «Тәубе» сүресінің 14-ші, «Нахл» сүресінің 69-шы, «Исра» сүресінің 82-ші, «Шуара» сүресінің 80-ші, «Фуссилат» сүресінің 44-ші аяттары. Сондай-ақ, «сахих Бұхари» мен Мүсілімнің «хадистер жинағынан» Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Фалақ», «Нәс» сүрелерін оқып, өзіне және өзгелерге де дем салғандығы туралы білеміз. Осы тұрғыда дана халқымыздың «Демі бардың – емі бар» деген ғибратты сөзі сүннетке сүйене айтылғанын байқаймыз. Ал қазақ халқының көнеден келе жатқан әдеті бойынша ауырған кісінің хал-жағдайын біліп, көңілін сұрау – ол да Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті екеніне мына хадис дәлел:
عن أبي هريرة رضي الله عنه قال : قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: حق المسلم على المسلم خمس: رد السلام، وعيادة المريض، واتباع الجنائز، وإجابة الدعوة، وتشميت العاطس متفق عليه
«Мұсылманның мұсылманның алдындағы ақысы бесеу: сәлемге жауап беру, ауырғанның көңілін сұрау, жаназаға қатысу, шақырған жерге бару, түшкіргенге «ярхамукАлла» деп айту»[14]. Сондай-ақ Әбу Мұсадан (р.а) жеткен хадисте:
عن أبي هريرة رَضيَ اللَّهُ عَنهُ قال، قال رَسُول اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّم: «إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَقُولُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ: يَا ابْنَ آدَمَ مَرِضْتُ فَلَمْ تَعُدْنِي! قال: يَا رَبِّ كَيْفَ أَعُودُكَ وَأَنْتَ رَبُّ الْعَالَمِينَ؟ قال: أَمَا عَلِمْتَ أَنَّ عَبْدِي فُلاَناً مَرِضَ فَلَمْ تَعُدْهُ؟ أَمَا عَلِمْتَ أَنَّكَ لَوْ عُدْتَهُ لَوَجَدْتَنِي عِنْدَهُ؟ يَا ابْنَ آدَمَ اسْتَطْعَمْتُكَ فَلَمْ تُطْعِمْنِي! قال: يَا رَبِّ كَيْفَ أُطْعِمُكَ وَأَنْتَ رَبُُّ الْعَالَمِينَ؟ قال: أَمَا عَلِمْتَ أَنَّهُ اسْتَطْعَمَكَ عَبْدِي فُلاَنٌ فَلَمْ تُطْعِمْهُ؟ أَمَا عَلِمْتَ أَنَّكَ لَوْ أَطْعَمْتَهُ لَوَجَدْتَ ذَلِكَ عِنْدِي؟ يَا ابْنَ آدَمَ اسْتَسْقَيْتُكَ فَلَمْ تَسْقِنِي! قال: يَا رَبِّ كَيْفَ أَسْقِيكَ وَأَنْتَ رَبُّ الْعَالَمِينَ؟ قال: اسْتَسْقَاكَ عَبْدِي فُلاَنٌ فَلَمْ تَسْقِهِ! أَمَا إِنَّكَ لَوْ سَقَيْتَهُ لَوَجَدْتَ ذَلِكَ عِنْدِي!» رَوَاهُ مُسلِمٌ
«Алла Тағала Қиямет күнi: «Ей, Адам баласы! Мен ауырғанымда, сен Менiң көңiлiмдi сұрамадың», – дейдi. Сонда пенде тұрып: «Я, Раббым! Сен әлемдердiң Раббысы болсаң, мен Сенiң көңiлiңдi қалай сұраймын?», – дейдi.
– Сен пәленше пендемнiң ауырғанын бiлiп, оның көңiлiн сұрамадың. Сол пендемнiң көңiлiн сұрап барғаныңда, оның жанында Менi табатыныңды бiлмедiң бе? Ей, Адам баласы! Сенен тамақ сұрағанымда да, сен Менi тамақтандырмадың.
– Я, Раббым! Сен әлемдердiң Раббысы болсаң, мен Сенi қалай тамақтандырамын?
– Пәленше пендем аш болып, сенен тамақтандыруын сұрағанда, сен оны тамақтандырмадың. Сен сол пендемдi тамақтандырғаныңда, оның есесiн Менiң жанымнан табатыныңды бiлмедiң бе? Ей, Адам баласы! Мен сенен су сұрағанымда да, сен маған су бермедiң.
– Я, Раббым! Сен әлемдердiң Раббысы болсаң, мен Саған қалай су беремiн?
– Пәленше пендем сенен су сұрағанында, сен оған су бергенiңде, оның есесiн Менiң жанымнан табатыныңды бiлмедiң бе?»[15].
Осыдан біз науқасты зиярат етушіге көп сауап берілетіндігін білеміз. Ал Пайғамбардан (с.ғ.с) «Науқасқа да сауап болады ма?» деп сұрағанда, «Науқасқа одан да көп, еселенген сауап беріледі» деп жауап берді [16].
Сөзімді қорыта келгенде айтарым, атам қазақтың айтып кеткен бір дана сөзінде «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, деніміздің саулығына немқұрайлы қарамайық, бауырлар. Салауатты өмір салтын ұстанып, уақытымызды босқа өткізбейік. Сонда ғана хадисте айтылғандай Алла тағаланың екі нығметінің қадірін түсіне аламыз.
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан
[1] Бухари, Рикак 1
[2] Бақара, 155-157 аяттар
[3] Бухари, Муслим хадистер жинағынан
[4] Табарани
[5] Бухари хадистер жинағынан
[6] Бақара сүресі 186 аят
[7] Ниса сүресі, 58 аят
[8] Муслим хадистер жинағы
[9] Бухари 5641, 5642; Муслим 2573
[10] Тирмизи, Зуһд, 56; Ибн Мәжә, Фитән, 23
[11] Тафсир Ибн Касир, 3-том, 255-бет
[12] Сад сүресі, 41-аят
[13] Сад сүресі, 42-аят
[14] Бухари, Муслим хадистер жинағынан
[15] Бухари хадистер жинағынан
[16] Табарани