Саналы ғұмырында адал жолмен мал табу, қоғамға, Отанға адал қызмет ету – Алла Тағаланың адам баласына жүктеген міндеттерінің бірі. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тер төкпестен,  алдап-арбау, түрлі қулық-сұмдық жолдармен тапқан дүниенің қайырлы болмасы белгілі.

Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе оның мерейі тасып, ырысы асатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда:

﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الْأَرْضِ حَلَالًا طَيِّبًا وَلَا تَتَّبِعُوا خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ ۚ إِنَّهُ لَكُمْ عَدُوٌّ مُّبِينٌ﴾

«Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»[1]

«Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!»[2]

Хадистерде де ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Һұрайра (р.а) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла Пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен:

﴿يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا ۖ إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ﴾

«Әй, Пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер»,[3] – десе, мүміндерге:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَاشْكُرُوا لِلَّهِ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ﴾

«Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер,[4]деп әмір еткен». Артынша әңгімесін жалғап, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деді».[5] Тағы бір жолы: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арам көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған еді.[6]

Әр мұсылман адал кәсіппен шұғылданып, адал табыспен күн көруге де жіті көңіл бөлуі тиіс. Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз көптеген хадистерінде адал еңбек жасап жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған. «Құлшылық он түрлі нәрседен құралады. Бұл он нәрсенің тоғызы адал ризық іздеуде» (Дәйлами, (Әнастан (р.а)); «Кейбір күнәлар бар, оларға намаз, ораза, қажылық та кәффарат бола алмайды. Тек күн көріс қамымен қажымай жұмыс істеу ғана оны жуып-шая алады».[7]

«Қара жұмыстан қолы күстеніп немесе шаршап-шалдығып келіп ұйқыға бас қойған адам кешірімге ие болып, күнәларынан арылады».[8]

«Сенімді әрі адал саудагер ақыретте шейіттермен, сыддықтармен, Пайғамбарлармен

бірге болады».[9]

«Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттер-мен деңгейлес».[10]

«Ешкімге де қол еңбегінен артық ризық бұйырмаған. Дәуіт ﴾u﴿ Пайғамбар да өз еңбегімен күн көрген»,[11] – деген, Расулалла (с.ғ.с) бір жолы Сағыд ибн Муазды (р.а) кезіктіреді. Екеуі қол алысып амандасқанда, сахабасының қолы күстеніп кеткені байқалады. Себебін сұрағанда, Сағыд ибн Муаз (р.а) отбасын асырау үшін еңбек етіп жүргенін, қолы содан тілімденгенін айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оның жауабына сүйсініп: «Міне, Алла осындай қолдарды ұнатады», – деген еді.[12]

Сондықтан мұсылман адам жұмысының беделі жоғары не төмендігіне, жеңіл не ауырлығына, табысының аз не көбіне емес, бірінші кезекте адалдығына мән беруі керек. Біреуге жалданып, тау қопарып, тас уататын ауыр жұмыстарға жегілсе де, арқалап отын тасып, аула сыпырса да, ең бірінші кезекте нанын адал тауып жеуге ықылас танытуы тиіс. Өйткені ең бастысы адалға ниетті болғандықтан, қандай төменгі жұмысты істесе де, Алла Тағала оның еңбегін жоғары бағалары анық.

Ислам діні негізінен, мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының қызығына арнаған ғой. Ол туралы тіпті Құран Кәрімде:

﴿وَلَقَدْ كَرَّمْنَا بَنِي آدَمَ وَحَمَلْنَاهُمْ فِي الْبَرِّ وَالْبَحْرِ وَرَزَقْنَاهُم مِّنَ الطَّيِّبَاتِ وَفَضَّلْنَاهُمْ عَلَىٰ كَثِيرٍ مِّمَّنْ خَلَقْنَا تَفْضِيلًا﴾

«Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық»,[13]деп айтылған.

Ал енді Алла Тағала құрметті орынға қойған адам баласына бұл дүниенің нығметтерін пайдаланудың жалғыз жолы дұға жасауы мен еңбек етуі. Яғни, егін еккен адам ғана оны орып, ырыздығын көреді. Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп етудің өзі құлшылықтың бір түрі. Алла Тағала кәсіп етудің маңыздылығын Құран Кәрімде бізге былай деп білдірген:

﴿وَأَن لَّيْسَ لِلْإِنسَانِ إِلَّا مَا سَعَىٰ  وَأَنَّ سَعْيَهُ سَوْفَ يُرَىٰ  ثُمَّ يُجْزَاهُ الْجَزَاءَ الْأَوْفَىٰ  وَأَنَّ إِلَىٰ رَبِّكَ الْمُنتَهَىٰ﴾

«Адамзат тек еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Кейін оған еткен еңбегінің бодауы толық беріледі. Күдіксіз соңғы баратын жерің Раббың».[14] Және де Алла Тағала жер бетіндегі барлық тіршілік атаулыны біз үшін жаратқанын Құран Кәрімде былай баяндайды:

﴿الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الْأَرْضَ فِرَاشًا وَالسَّمَاءَ بِنَاءً وَأَنزَلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَأَخْرَجَ بِهِ مِنَ الثَّمَرَاتِ رِزْقًا لَّكُمْ ۖ فَلَا تَجْعَلُوا لِلَّهِ أَندَادًا وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ﴾

«Ол сондай, Алла сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен ризық шығарды».[15]

﴿وَسَخَّرَ لَكُم مَّا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مِّنْهُ ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ﴾

«Алла көктерде және жерде не болса, соның барлығын өз тарапынан бір нығмет етіп сендерге бағындырды. Әлбетте, мұнда түсінген ел үшін белгілер бар».[16]

Ал енді осы Құран Кәрімде айтылған Раббымыздың нығметтерін адам баласы тек қана еңбегімен пайдалана алады. Мұсылмандар үшін адал кәсіптің өте маңызды екендігін біздің ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да саралап түсіндірген. Ол (с.ғ.с) өз хадисінде: «Адал кәсіп ету – әр мұсылманға парыз», «Адал табыс табуға шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», – дейді.

Иә, Ислам діні адал кәсіп етуді уағыздайды. Дініміздің бұл әмірін ең бірінші болып бұлжытпай орындаған да әу баста Пайғамбарлар болды. Риуаяттарға зер салған адамдар бүкіл Пайғамбарларымыздың адал кәсіп еткенін түсінеді.

Ақиқатын айтар болсақ, бұл өмірдегі ғылыми жетістіктер мен өркениеттің көш басында Алла Тағаланың Пайғамбарлары тұрды. Хазірет Адам ﴾u﴿ егінші болды. Нұх ﴾u﴿ Пайғамбар кеме жасауды үйретсе, хазірет Идрис ﴾u﴿ тігінші, хазірет Мұса ﴾u﴿ шопан, Дәуіт ﴾u﴿ Пайғамбар темір кәсібінің, ал Иса ﴾u﴿ Пайғамбар медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды. Дәуіт ﴾u﴿ патша бола тұра, өз кәсібінен басқа нәрседен тамақ жемеді, өз еңбегінен басқа дүниені пайдаланбады. Ол ұста болып, ұсталығымен күн көрді, Зәкәрия ағаш шебері болды. Ал ұлық Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әрдәйім Алла Тағаладан өзін жалқаулықтан борыштанудан, күпірліктен, біреуге мұхтаж болатын кедейліктен, сараңдықтан сақтауға жалбарынды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадис-шәріптерінде: «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді», «Диқаншылық жасаңдар, өйткені ол берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер», «Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», – деп адал кәсіпкерлікті, диқаншылық пен мал бағуды уағыздады.

Жалпы, мұсылман баласы үшін ешкімге мұқтаж болмай өмір сүру, адал жолмен мал табу – басты өмірлік қағидаттардың бірі. Мұсылмандықтың басты шарттары да осыны қамтиды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис шәріпінде: «Адамнан дүние-мүлікті қалай тауып, оны қалай жұмсағаны қиямет күнінде сұралады», – деген.

Біздің ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің сахабаларына да адал кәсіп етудің маңыздылығын үнемі айтып, түсіндіріп отырған. Сол заманнан бізге жеткен ғибраты мол бір оқиға мынандай:

…Бір күні мешітке үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи ғаріп келеді. Мұны сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с) барып айтады. Ол (с.ғ.с) әлгі пақырды қасына шақырып алады да, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің жұмыссыз жүргенін, содан азып-тозып кеткенін айтады. Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар әлгі ғаріпке қарап: «Сіз қазір бір жіп пен балтаны алып келе аласыз ба?», – деп сұрайды. Ғаріп «Иә», -деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір жіп пен балтаны алып келеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ғаріпке: «Енді бұларды алып бар да таудан отын шауып әкеліп, базарға барып тұр», – дейді. Әлгі бәдәуи Пайғамбарымыздың айтқан талабын орындап, табыс табады. Сөйтіп, жалқаулықтан, кедейліктен құтылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабаларының қатарына қосылады. Расында да, адамды аздыратын, жұмыссыздыққа апаратын жол – жалқаулық. Ал ол адамды ар-намысын жоғалтатын да жағдайға итермелейді. Олай болса, кедейлік қасіретінен құтылуымыз үшін бізге қажетті дұға – адал кәсіп ету. Бұл орайда атақты Лұқпан хакім өз баласына мынандай өсиет қалдырған: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынандай үш қайғыға тап болады:

Біріншіден, дінін әлсіретеді: яғни, сеніміне кір келтіреді. Өйткені, кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді.

Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені, мұқ-таждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады.

Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жек көрінішті болады».

Хазіреті Омар да (р.а): «Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла, мені ризықтандыр» – деп ризығын іздеместен отырмасын», – деп еңбек етудің маңыздылығын, құр қол қусырып отырмау қажеттілігін айтып кеткен. Ал енді мұсылмандардың мәртебелі міндеттері мен парыздарының ең ізгілері: адал жолмен тапқан таза киімді кию, адал жеп, ішу, ілімді үйренуге ұмтылу, бір күндік тамағы жоқ кісіге садақа беру, жетімнің малын жемеу, адал кәсіп ету, отбасын адал кәсіп етіп, адал өмір сүруге тәрбиелеу.

Адам баласына өмір сүру үшін аздаған болса да қаржының, тіршілікке керекті мал-мүліктің қажеттілігі анық. Алайда, адамға бұлардың жолында туралықтан тайқып кетуіне, қандай да бір адасушылықтарға жол берілмеуі керек. Ең бастысы – адам бойында имандылық пен ынсап болуы керек.

Алла Тағала сүйген құлын ғана тура жолға салады және оған қалағанынша ризық-несібе береді. Ата-бабаларымыз: «Құдай деген құр қалмас», – деген.

Кейде дені сау, қол-аяғы балғадай азаматтардың жұмыс істеуге мойындары жар бермей, алма піс, ауызыма түс деп, жеңіл жолмен нан табуға тырысып, түрлі алдау-арбауға жол күн көретіні қынжылтады. Мұндай адамдар өзін ғана емес, өзгелерді де тура жолдан тайдырып, адастырып жатады.

Расына келгенде адам баласы алдына белгілі бір мақсат қойып, соған жету жолында үнемі ізденісте, талпыныста жүреді. Бұл бір жағынан дұрыс та. Алайда, сол мүдде жолында кереғар қадамдарға жол бермеуі керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адам баласының екі сай толы дүниесі болса да үшіншісін қалайды. Адам баласының ішін (қарнын) топырақтан басқа ештеңе толтыра алмайды», – деп адамның қанағатсыздығын ашып көрсетеді.

Шындығында, дүние деген мұз секілді, күн шуағы түскен сәтте лезде еріп кетеді. Бұл адам баласы үшін үнемі есте жүруі тиіс тәмсіл.

Халқымызда: «Еңбегі бардың өнбегі бар», «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деген аталы сөздер бар. Бұларға тереңнен үңіліп, жете зер салсаң көптеген мәселелерге көз жеткізе түсесің. Халық айтса қалт айтпайды.

Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады: Алланың берген байлығын түгесілгенше  хақ жолында жұмсаған атымтай жомартқа және Алланың бойына дарытқан даналығымен (адамдар арасында туындаған дауларды, оңтайлы шешуде) билік айтып, әрі өзгелерге даналық тәлім үйреткен данышпанға», – деп айтты», – дейді.

Қазіргі кезде арамызда қалталы кәсіпкер азаматтар жетерлік. Олар өздерінің қаржысымен мешіттер салып, халықтың игілігіне жұмсап жатады. Осындай жомар азаматтарға Алла разы болсын дейміз. Әрі барша адамның мешіт салаға жағдайы жете бермейтіндігін ескерер болсақ, сол адамның мешітке деген аз ғана көмегінің өзі үлкен сауап болып жазылатындығы анық.

Жалпы, кез-келген жанның өзгеге жасаған жақсылығының жемісі ақыретте мол болатындығы сөзсіз. Сондықтан біреуге жасаған жақсылықты ешқашан міндет санауға болмайды. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде, қасиетті Құранда: «Жақсы көрген дүниелеріңнен (яғни, бір бөлігін болса да) Алла жолында жұмсамайынша ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар. Қайыр-садақа ретінде не нәрсе берсеңдер де,  Алла Тағала оның бәрін біледі»,[17] – делінген.

Хакім Абайдың қара сөзінде: «Құдайдан  мал тілейсіңдер, неге керек етейін деп тілейсіңдер? Әуелі, Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала саған еңбек етіп дүние табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп етерлік орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарп етуді білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғынарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек етсе, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам тонағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ дүние таптың, байыдың. Сол дүниені сарп етіп, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, жасаған қажылық, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, дүниені иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды», – деп айтады.

Бұл сөздердің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Бір мұсылманды алдаған, оған зиян тигізген немесе айла жасаған адам бізден емес», – деген хадисі мен Құрандағы сүрелердің негізіне сәйкесіп жатқандығы анық.

Пайғамбарымыз сауда сатқан адам туралық танытса жәннаттық болатынын айтып былай дейді: «Саудада шындықтан, туралықтан бір сәт айырылмаған адам, қиямет күнінде Пайғамбардың жанынан орын алып, солармен бірге болады». Дегенмен, кейбір саудагерлер тауарын өткізу үшін ант-су ішіп, сатуға болмайтын тауарын сатып жібеуі ойланатын мәселе. Тіпті тауарын өткізіп жібергеніне өзінің көңілі толып, мақтаныш ететіндігін қайтерсің… Алла Елшісі өз хадистерінде: «Сауданы адал жасаңдар, саудада береке бар», «Жалған ант ішу тауарды өткізеді, бірақ берекені жояды», – делінген. Көпшілігіміздің осыны ескере бермейтіндігіміз өкінішті.

Атақты   Шейх Саадидің «Гүлістан» деген кітабында мынадай бір ғибратты мысал бар: «Бір әйел бүкіл өмірін қатық сатумен өткізіп, қаражат жинап қажылыққа баруды Алладан ниет етіп сұрайды. Алла ниетіне жеткізіп, 14 ділдә қаражат жинайды. Қажылық уақыты жақындағанда ақшасын  жинап, белге буып қажылық сапарына жолға шығады. Теңізге келіп қажылыққа кетіп бара  жатқан кемеге отырады. Кеменің ішінде мыстан кемпір және оның маймылы бар екен. Мыстан кемпір маймылына кісінің әмиянын ұрлауды  үйретіп, кәсіпке айналдырған екен. Түнде қатықшы әйел демалып жатқан кезде маймыл қатықшының әмиянын ұрлап алып,  кеменің желкеніне шығып кетеді. Қатықшы әйел бар байлығынан айрылғанын біліп, мыстан кемпірдің тамағына қанжарын тақап: «егер маймылың қазір пұлымды бермесе мен сені өлтіремін»,  – дейді.

Мыстан кемпір қорыққанынан: «Болды, алып беремін», – деп, әмиянды иесіне қайтартуға әрекеттенеді. Желкенге шығып кеткен маймылға қарап қалтасынан өзінің әмиянын шығарады. Себебі маймылдар тақлид қылғанды (қайталағанды) жақсы көреді, біреу қандай бір қимыл жасаса соны жасайды. Егесі маймылға көрсетіп тұрып  әмиянның аузын ашады, маймыл да оған қарап қолындағы әмиянның аузын ашады. Мыстан кемпір маймыл ақшаны жерге тастасын деп ішіндегі тиынды алып жерге тастайды. Маймылда бір тиынды алып кеменің ішіне тастайды. Әмиянның ішінен екінші тиынды шығарып теңізге қарай лақтырды. Осылайша  ақшаның тең жартысын кемеге, қалған жартысын теңізге тастайды. Жеті ділдә теңізге түсіп, қалған жетеуі қатықшының қолында қалады. Сонда қатықшы: «Иә, Раббым! Тәубе қылдым. Аллаһым, тәубе қылдым. Қатықтың тең жартысына су қосып сататын едім, суы суға кетті, қалғаны қатықтың ақысы», – деген екен. Осы оқиғаға байланысты Құранда: «Ей, иман келтірушілер! Екі жақтың ризашылығына сүйенген саудадан басқа, мал-мүліктеріңізді харам жолдармен, араларыңда (алып-сатып) жемеңдер және өздеріңді өлтір-меңдер! Алла сендерге өте мейірімді»,[18] – деп бұйырған.

Жалпы, қандай да бір игілікті  істі жасарда Аллаға тәуекел етіп, медет тілеген жанға Жаратушы Иеміздің өзі медет болады. Сондықтан адал қызмет жасап, әрбір бастаған ісімізді Алланың атымен бастайық, әрі қандай жағдай болса да сабырлы бола білейік, сонда ғана шынайы құлға тән қасиетке ие боларымыз сөзсіз.

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1] «Бақара» сүресі, 168-аят.

[2] «Мәида» сүресі, 88-аят.

[3] «Мүминун» сүресі, 51-аят.

[4] «Бақара» сүресі, 172-аят.

[5] Сахих Мүсілім, Зекет 65.

[6] Сахих Бұхари, Бұюғ 7.

[7] Таборани, әл-Муғжам әл-Аусат 1/38.

[8] Байһақи, Иджара 15.

[9] Ибн Омардан ﴾t﴿ Кутуб әс-Ситтә 3/8.

[10] Табарани, Аусат, Ихия Улумуддин 2/235.

[11] Сахих Бұхари, Бұюғ 15.

[12] Әбу Дәуд, Бұюғ 1.

[13] «Исра» сүресі, 70-аят.

[14] «Нәжім» сүресі, 39-42 аяттар.

[15] «Бақар» сүресі, 22-аят.

[16] «Жәсия» сүресі, 13-аят.

[17] «Әли Имран» сүресі, 92-аят.

[18] «Ниса» сүресі, 29-аят.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38