Құран – қасиет пен киенің қайнар көзі. Адамзат баласы үшін барлық мәселені қамтитын Құран кітабының мәні жоғары, маңызы қашан да ерекше.
Шын мәнінде, қасиетті Құран, базбіреулердің түсінігіндей тек құдайы, жаназада оқылатын кітап емес. Құран – құлшылық заңы, тіршілік үрдісі. Сондықтан да өзін Мұхаммад Мұстафа пайғамбардың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) үмметі деп есептеген әрбір пенде өз-өзіне: «Тіршілігім Құранның талабына сай ма? Мен Құранда айтылғанды орындап жүрмін бе?»,-деген сұрақтарды қоя отырып, өзін өзі тәрбиелеуге ұмтылуы тиіс.
Құран оқу өте сауапты сүннәт амалына жатады. Адам, тіпті, Құранның араб тіліндегі мағынасын түсінбесе де оның Алла Тағаланың сөзі екеніне шынайы жүрекпен сене отырып, ықыласпен оқуға ұмытулы сауапты іс болып табылады.
Барлық нәрсені, жанды мен жансызды жаратушы Ұлы Алла Тағала адамзат баласы үшін осынау қасиетті кітабын түсірді. Сол арқылы ақыл иелерін ең тура жолға бастады. Бұл туралы Құран Кәрімде:
«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді».[«Исра» сүресі, 9-аят].
Дін ғұламалары «Алла Тағаланың аяттары (аят – араб тілінен аударғанда белгі, яғни Алланың құдіретінің белгісі дегенді білдіреді, авт.) Құранда түсірілген оқылатын кітап аяттары және адамның жан-жағындағы жаратылыстан көрінетін аяттар болып екіге бөлінеді», – дейді. Құранды оқу арқылы ақыл иелері Алланың аяттарынан үгіт алса, маңайындағы мүлтіксіз шеберлікпен аса көркем түрде жаратылған, Жаратушының құдіретін паш етіп тұрған жаратылыстан Оның құдіретін таниды.
Жаратылысқа қарап ой жүгіртудің сауаптылығы жайлы Құран Кәрімде аяттар жетерлік. Бірақ біз бүгінгі әңгімемізде адам баласын дүние мен ақыретте бақытқа кенелту үшін түсірілген Алланың сөзі – Құранды оқудың артықшылығы жайлы сөз етпекпіз.
Сонау жетінші ғасырда қараңғы «Хира» үңгірінде алғаш рет «Оқы!» деп басталған бұл Кітап сол үңгірді ғана жарық етпей, бүкіл әлемге нұр болып келді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеудесін қысып барып берілген алғашқы аяттар күні бүгінге дейін қанша жанның кеудесін қыспақтан құтқарып, жүрегін жайландырды десеңізші!
Қазіргі кездері сырт көзге қарағанда төрт құбыласы тең болып көрінетін қаншама мол байлық иелерінің жүректері тыныштық таба алмастан өздерінің бойындағы олқылықтарды жою мақсатында қаншама қаражатын түрлі мамандардан кеңес алуға, емделуге, т.б. қажеттіліктерге жұмсап жүргендігі белгілі. Жүректі тыныштандырып қана қоймай, нұрландыратын, адамды шынайы бақытқа жетелейтін Жаратушының тегін кеңестеріне құлақ аспай жүргендер қаншама?! Бұл жөнінде: «Жүректер Алланы еске алумен тыныштық табады»,[ «Рағд» сүресі, 28-аят] – дейді Құранда Алла Тағала.
Тура жолды белгілеген Алланың кітабын оқудың өзі – зікір, яғни Оны еске алу. Бұл жайлы Құранда:«Шындығында Зікірді (Құранды) біз түсірдік және оны біз қорғаушымыз» [ «Хижр» сүресі, 9-аят.].
Құран оқудың артықшылығы мен Құранды оқыған адамның дәрежесінің көтерілетіндігі жайлы Пайғамбарымыздың хадистері жетерлік. Мысалы:
«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болып келеді», – дейді ардақты Елші өз хадисінде. Сондай-ақ:
«Құранды шебер оқушы адам АллаТағаланың әмiрiне бойсұнған періштелермен бiрге болады. Ал Құранды қиналып және кiдiрiп оқығанға екi есе артық сауап берiледi», – деп Құранды шеберлікпен оқитындармен қатар, қиналып ежелеп оқитындарды да қатар сүйіншілейді.
«Қиямет күнi Құранды оқыған адамға: «Оқы да жоғары көтерiл. Дүниеде қалай оқыған болсаң, солай оқи бер. Сенiң (жәннаттағы) сый орның соңғы аятты оқитын жерiңде», – деп айтылады». «Ішінде Құраннан ештеңе болмаған адам құлаған үй тәріздес» [Тирмизи].
Осы хадисте Құраннан бейхабар жанның ішкі дүниесінің қаншалықты бос екенін сипаттап, қирап жатқан үйіндіге ұқсайтыны айтылады.
Құран оқу арқылы адамның санасы мен жүрегі нұрланады. «Денең – жан нұрлы болса жөнделмек» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай жаны саудың тәні де сау болмақ.
Құранның ерекше қасиеттерінің бірі – оны адам оқыған сайын оқи бергісі келеді және еш уақытта оқудан жалықпайды. Басқа кітапты бірнеше рет оқыған соң адам оны біліп алып шаршай бастаса, Құранды әр оқыған сайын адам қасиетті кітаптың бұрын байқамаған жаңа қырларын байқай түседі.
Құранды оқу арқылы мұсылман баласы Алладан қуат алады, Құрандағы өткен Пайғамбарлар мен ізгілердің көрген қиындығымен таныс болып, өзінің өмірлік сынақтарға төтеп беруі тиіс екенін түсінеді.
Құран оқу арқылы мұсылман Аллаға жақындай түседі, өйткені Алланың сөзіне деген махаббат оны Алланың Өзіне деген махаббатқа жетелері сөзсіз.
Құранды оқып үйрену мен оны үйретудің абзалдығы жайлы: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйренгендерің және оны үйреткендерің» деген хадистен білеміз. Сондай-ақ баласы Құран жаттаған ата-анаға Қияметте Алла Тағала тәж кигізіп, абыройларын асқақтататыны ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған.
Осыны ескеруге тиіс ата-ана баласына ерте жастан Құран оқуды үйретуі керек. Өзі үйрете алмаған жағдайда Құран үйрететін мешіттердегі дәрістерге қатыстырып, немесе медресеге беріп оның Алла сөзінен тәлім алуына жағдай жасауы тиіс. Мешітке жиналып Алланың сөзін оқудың сауабы мен артықшылығы төмендегі хадистен анық байқалады:
«Алланың үйлерінің бірінде қандай да бір қауым жиылып, Алланың Кітабын оқып, оны өзара бір-біріне үйрететін болса, оларға міндетті түрде тыныштық түседі (жандары жайланады), Алланың мейірімі оларды баурап алады, оларды періштелер қоршап, Алла Тағала бұл құлдарын өз қасындағылардың алдында еске алады». Бұл туралы қасиетті Құранда: «Әрине, Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгесілмейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады. Өйткені Алла, олардың сыйлықтарын толық беріп, әрі өз кеңшілігінен артылтып береді. Әрине Ол, Өте жарылқаушы, Аса қадыр білуші»[«Фатыр» сүресі, 29-30 аяттар], – дейді.
Алла Тағала баршамызды Құранды оқып, мол сауапқа кенеліп, Өзінің ризалығын алуды нәсіп етсін!
Оңтүстік Қазақстан облыстық
орталық мешітінің ұстазы Тәжібаев Есәлі