Қасиетті Рамазан айында орындалатын ерекше құлшылықтың бірі –  иғтикаф. Иғтикаф намаз, ораза, қажылық сынды парыз құлшылық емес, ол пенденің өз-өзін есепке алып, Раббысымен оңаша қалуы, халін тәфәккурмен өткізетін ихсан көрінісі. Өйткені иғтикаф құлшылығын жасайтын адам күнделікті күйбең тіршілікті бір сәтке тәрк етіп, нәпіл құлшылық ниетімен белгілі бір мезгіл мешітте болады.  

Иғтикафтың сауабы қандай?

Иғтикаф сөзінің тілдік және терминдік мағыналары бар. Тілдік мағынасы «бір сәтке өзін ұстау, бір жерде оңаша қалу, бір нәрсемен арасын үзбей шұғылдану» сынды мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «жамағат болып оқылатын бес уақыт намаздан тыс, өзге қосымша құлшылықтарды атқарып, мешіттен шықпай құлшылық ету» деген ұғымды білдіреді.

Расында Аллаға терең беріліп, құлшылық жасау, белгілі бір уақытқа нәпсі құмарлығынан бойын аулақ ұстау – адам баласының толық адам шыңына жетуіне арқау болатын нәрселер. Сондықтан материалдық дүниеден алыстап, парыз амалдармен бірге нәпіл құлшылықтарды орындау аса маңызды. Бұл пенденің рухани өрлеуін арттыра түсері сөзсіз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы мүмкіндікті ең жақсы пайдалана алатын мезгіл иғтикаф құлшылығы екенін айтып, оны орындаудың үлкен сауап екенін білдірген.  

Сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) жеткізген деректе ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иғтикафқа ниет еткен адамға былай деген: «Ол күнәдан аулақ тұрады. Ондай адамға барлық жақсылықты жасағандай сауап жазылады» (Ибн Мәжа, Сиям 67).

 Иғтикаф қашан жасалады?

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иғтикафты Рамазан айында, онда да көбінесе Рамазанның соңғы он күнінде орындаған. Дегенмен ғұламалар иғтикафтың уақыты мен мерзімі турасында әртүрлі пікірлер білдірген. Басым пікірлер бойынша, иғтикаф Рамазан айында да, Рамазаннан тыс уақытта да орындала береді. Мысалы, иғтикаф ниетімен мешітте бірнеше күн немесе бірнеше сағат та тұруға болады. Тіпті одан да қысқа уақытқа иғтикаф жасауға болатынын айтқан ғұламалар да бар (Иғтикаф, ДИА, XXIII, 458; Ибн Әбу Шәйба, Мусаннаф, Сыям, 87; Абдураззақ, Мусаннаф, IV, 346).

Сондай-ақ имам Әбу Юсуф пен Мұхаммад әш-Шайбани кез келген мешіттегі оқшаулануды жарамды деп тапқан. Өйткені біздің заманымыздағы оқшауланудың оңтайлы жолы осы. Ал мешітте оқшауланған, яғни иғтикафқа кірген адамға азық-түлік жеткізіп отыру – өзгелер үшін сауап. Осы тұста айта кететін дүние әйел адамдар өз үйлерінде иғтикафқа енгені дұрыс. Әйелдер үшін мешітте иғтикаф жасалмайды.

Ислам ғұламаларының осындай кең көзқарастары иғтикафтың әртүрлі болып жасалуына жол ашқан. Техника қатты дамыған қазіргі заманда күндіз қауырт жұмыспен жүріп, кешке үйге келгенде теледидар мен интернет тәрізді нәрселерге берілген мұсылман үшін аз да болса өз-өзімен оңаша қалып, тәфәккүр жасауы үшін бұл да бір мүмкіндік. Соңғы жылдары кейбіреулер өмірдің күйбең тіршілігінен тозған жүйкені қалпына келтіру үшін йога тәрізді жаттығуларды ұсынуда. Алайда намазды сезініп оқу мен иғтикаф жасау үшін өткізген уақыттар адамның санасын тынықтырып қана қоймайды, сонымен қатар иманы артып, рухани жан-дүниесінің тынығуына, нәпсі тәрбиесіне де орасан пайдасы тиеді. Бұл уақыттар адамның қайдан келіп, қайда баратынын ойлатып, тәфәккүр жасауына жағдай жасайды. Өзінің кім екенін есіне түсіреді, Раббысына бас иіп, ақиқат айнасына қаратады.

Бірақ амал нешік бүгінгі таңда өмірімізді жеңілдетіп, тіршілігімізге нәр беретін намаздар мен тәфәккүр жасайтын иғтикаф секілді маңызды құлшылықтар ұмытылып бара жатқандай. Міне, иғтикаф бізге жасаған құндылықтарды, өзімізді, пенде екендігімізді еске түсіреді.

 

Иғтикаф қай кезде басталады?

Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күнінің алғашқы түнінен бұрынғы таң намазын оқып, иғтикафқа кіретін», – деп айтқан (Мүслим, Иғтикаф, 6; Тирмизи, Саум, 71). Шынында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткенге дейін Рамазанның соңғы он күнін иғтикафта өткізген болатын (Бұхари, Иғтиқаф, 1; Мүслим, Иғтиқаф, 5). Алла елшісі дүниеден өтетін жылы жиырма күн иғтикаф жасаған (Бұхари, Иғтиқаф, 17). Сондықтан Пайғамбарымыздың сүннетін ұстанған мұсылмандар үшін де иғтикафта болу мерзімі – Рамазанның соңғы он күні.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күніне аса маңыз беріп, барынша құлшылықпен өткізуге тырысқан. Алла елшісінің бұлай жасауының себебі Рамазанның соңғы он күнінде сыры мың айдан да қайырлы болған Қадір түні бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иғтикафқа кіру арқылы Қадір түнін жандандыруды қалаған. Сондықтан соңғы он күнде күндіз-түні ғибадат пен тәфәккүр жасауға асыққан.

Сахаба Әбу Саид әл-Худридің жеткізуінше, бұрын Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның алғашқы он күнінде, одан кейін ортасындағы он күнінде иғтиқафқа кірген екен. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) Қадір түні Рамазанның соңғы он күнінде екенін білдіргеннен кейін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күнінде иғтикафқа кіріп, сахабаларын да Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінен іздеуге шақырды (Бұхари, Фадлу ләйлатил-қадр, 3; Тирмизи, Саум, 72).

Иғтикафтың қандай түрлері бар?

Ханафи мәзһабы бойынша иғтикафтың үш түрі бар. Олар:

  1. Уәжіп иғтикаф. Яғни нәзір етілген иғтикаф. Иғтикафтың бұл түрі бір нәрсені нәзір еткен жағдайда міндетті болып табылады. Мәселен, «Пәлен ісім болып кетсе, пәлен күн иғтикаф етуді ниет еттім» десе немесе істі атамай-ақ «Пәлен күн иғтикаф етуді ниет еттім» деп айтса, ниет еткен күн бойы мешітте иғтикаф ету уәжіп болады. Нәзір мәселесіне қатысты ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Хақ Тағалаға бойсұнуды нәзір еткен бойсұнсын. Алла Тағалаға қарсы келуді нәзір еткен қарсы келмесін», – деп айтқан.
  2. Сүннәт муәккәдә иғтикаф. Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күндігінде жасаған иғтикаф құлшылығы жатады.
  3. Нәпіл немесе мұстахаб иғтикаф. Бұл иғтикафтың белгілі бір уақыты мен мерзімі жоқ. Ниетке қарай кез келген уақытта орындалады.

Иғтикафтың ғибраты

Алла қаласа, биыл иғтикаф мерзімі 20 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Сондықтан осы күннен бастап иғтикафқа кіруге ниет еткен мұсылман мешітке келіп, оқшауланады. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылай істеген болатын. Жай ғана оқшауланып қоймай, құдайшыл болуға тырысады. Яғни мешітке иғтикафқа енген адам бар жан-тәнімен құлшылығын Аллаға арнайды. Құран оқып, намаз оқып, басқа да ғибадат-құлшылықтарды атқарып, Алланы көбірек еске алады. Ең бастысы мың айдан да қадірлі болған Қадір түні жасырылған осы он күн бойы тынбастан құлшылық жасап, дұға етіп, Алланың кешірімі мен рақымынан үміт күтеді. Осылайша бір сәт қымқуыт тіршіліктен баз кешіп, рухани қуат алып, жүрегін тыныштандырады. Себебі Алла Тағала Құранда «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілі жай тапқандар» деген («Рағыд» сүресі, 28 аят).

Алла Тағала иғтикафқа енуді ниет еткен барша мұсылмандардың амал-ниетін қабыл еткей!

Батыржан МАНСҰРОВ, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38