Мұсылманның көркі – көркеммінез. Расында, адамның шынайы бағасы мінезімен өлшенеді. «Әдеттен мінез, мінезден тағдыр қалыптасады» деген тұжырым тағы бар. Ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) бір хадисінде сынақ өмірдің нәтижесі шығарылатын Қиямет күні сауап таразысын салмақты қылатын, ең ауыр тартатын нәрсе көркеммінез екенін ескерткен. Ал көркеммінездің басты сипатының бірі – сабыр болса, ораза арқылы бойымызда осы «сабыр» деген баға жетпес қасиет қалыптасады. Оған дәлел: «Ораза – сабырлылықтың жартысы» (Ибн Мәжаһ жеткізген)деген хадис әрі өзіміздің өмірлік тәжірибеміз. Ал қасиетті Құранда «Алла сабырлыларды жақсы көреді» («Әли-Ғимран» сүресі, 146-аят.) және «Шын мәнінде, сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі» («Зүмәр» сүресі, 10-аят.), – делінеді…
Ақиқаты сол: Құдіретті де Мейірімді Иемізді тану арқылы және Оның заңына бағыну арқылы адамның жан-дүниесінде тыныштық, отбасында береке, қоғамда татулық пен бірлік орнайды. Қасиетті Құранда айтылғанындай, пенде жүрегіндегі тыныштықтың кепілі – Алла Тағаланы еске алу болса, адамдарды өзара жарастырудың жолы – мейірім мен махаббатта. Ораза құлшылығы осы мақсатты өз деңгейінде жүзеге асырады. Өйткені ораза ұстаған жан ашыққан адамның жағдайын жан-дүниесімен сезінеді; мұқтаждық пен жоқтықтың ащы дәмін өз басынан өткереді; сол арқылы басқа жанның қайғысына иіліп үйренеді…