Бауырмалдық – Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне берген ұлы нығметінің бірі. Шынайы бауырмалдық – ықыласты, тақуа пенделерге Алла тарапынан берілетін сый. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Ол (Алла) мүміндердің жүректерін қосты. Жер жүзінің байлығын түгелдей жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл осылай қоса алмас едің. Алла оларды (ілтипатпен) біріктірді. (Алланың) Үстем, Дана екеніне еш күмән жоқ» («Әнфәл» сүресі, 63-аят).

Шын мәнінде мұсылмандар Алланың мейірімімен бір-біріне шынайы бауыр болады. Алла үшін бауыр болғандардың арасында дүниелік мақсаттар мен жекке мүдделер көзделмейді. Өйткені Алланың разылығы көзделген істе ықылас пен шынайы амалдар жүзеге асады.

Бауырмалдық – иманның рухы. Мұсылманның мұсылман бауырына деген шынайы сүйспеншілігі, қамқорлығы, жанашырлығы бейнебір діңгек ағаштан тараған бұтақтарға ұқсайды. Себебі Алла үшін бір-бірін жақсы көргендер Жаратушы Жаббар Иеміздің бұйрықтарын бірге орындауға, адамдарды ақиқат жолына шақыруға, әділет, теңдік, адамгершілік сынды құндылықтарды қоғамда кеңінен таратуға, ренжіскен адамдарды татуластыруға, түйіндеп айтқанда жақсы істерде бір-біріне көмекші болады.

Жаратушы Иеміз Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа бір-біріңе жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алланың (қаһарын туғызып алудан) қорқыңдар. Өйткені Алланың жазасы өте ауыр» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп ескертеді.

Осы аятты тәпсірлеген ғалымдарымыздың түсіндіруінше, мұсылмандарға жамандыққа жамандықпен жауап беруге болмайды. Біздің өшпенділікке бой алдыруымыздың себебі опасыз адамдардың көреалмаушылық амалдарынан болды деп ақтала алмаймыз. Жамандықтан қорғану дегеніңіз кек алып немесе дәл сондай жамандықпен жауап беру емес, әр уақытта шыншылдық пен әділеттілікті көздеу арқылы жүргізілмек.    

Жоғарыда айтқанымыздай, Исламдағы шынайы бауырмалдық – Алланың сіз бен бізге берген ұлы нығметінің бірі. Құранның келесі бір аятында былай делінген: «Барлығың (бір адамдай) Алланың дінін бекем ұстаныңдар, шашырап бөлініп кетпеңдер. Алланың жарылқаған сансыз нығметтерін естеріңе түсіріңдер. Сендер бір-біріңе дұшпан едіңдер, (Алла) жүректеріңді табыстырды. Оның нығметінің арқасында бір-біріңе бауыр болдыңдар. (Жалыны шарпыған) оттың шыңырауына құлауға сәл қалғанда, (Алла) сендерді құтқарды. Алла сендерге өз аяттарын осылай баяндайды. Мүмкін тура жолға түсесіңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят).

Осы ретте «Алла үшін бауыр болған кісіге қатысты біз не істеуіміз қажет?» деген сауал туындауы мүмкін. Осыған байланысты бірнеше амалды атап өткенді жөн көрдік. Бауырыңмен бірінші болып амандасудың өзіндік хикметі бар. Бауырымызға бірінші болып амандасуымыз оған деген сүйіспеншілігімізді көрсетеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Екі мұсылман кездесіп, қол алысса, екеуі (екі жаққа) кеткенге дейін күнәлары кешіріледі» деген.

Адамның қуанышы мен қайғысына ортақтасудың мәні үлкен. Адам баласы қуанышы мен қайғысында өзіне ең жақын жандарды іздейді. Қуанған сәтте немесе қиналған кезде жақын адамыңның қасыңда болып, қолдау көрсеткенін қалау – барлық адамда кездесетін нәрсе. Осындай сәттерде Алла үшін бауырласқан кісінің жанынан табылуға асығуымыз керек. Бұл қадам мұсылмандарды бір-біріне жақындастыра түседі. Сонымен қатар олардың арасындағы бауырластық сезімдерді арттырады.

Мұсылман бауырымыздың қажеттіліктерін өтеудің сауабы мол. Хадистердің бірінде: «Кімде-кім бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала оның қажетін өтейді» делінген. Алла Тағала ықыласпен, шынайы ниетпен жасалған әрбір ізгі амалдың сауабын еселейді. Егер біз шын ықыласпен мұсылман бауырымыздың қажетіне жарап, қиналған сәтінде қол ұшын берсек, Алла Тағала біздің де мәселемізді шешіп, қажетімізді өтейді.

Мұсылман бауырымыздың сыртынан әрдайым дұға етіп жүруіміз қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде былай өсиет еткен: «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әмин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін» дейді»; «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы»; «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы». Әбу Дәрда (оған Алла разы болсын): «Мен бір сәждеде жетпіс бауырымның атын атап, дұға жасаймын», – деген екен.

Бауырың қателессе, кешіре біл, көркем түрде жөнге сал. Әбу Дәрда (оған Алла разы болсын): «Егер бауырыңның жүріс-тұрысы өзгеріп кетсе, оны біржола тастап кетпе. Өйткені ол бірде шалыс, бірде дұрыс басады», – деген. Біз үнемі мұсылман бауырларымыздың айыбын жасыруға ықылас танытып отыруымыз керек. Бұған қатысты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі баршамызға өмірлік сабақ болуы қажет: «Кімде-кім дүниеде бауырының айыбын жасырса, Алла Тағала Қиямет күні оның айыбын жасырады».

Кемшіліксіз адам болмайды. Егер кісінің кемшілігін кешіре алмасақ, адамгершілік қасиетіміз қайда? Бір адамның бір айыбы үшін онымен қарым-қатынасты үзсек, бұл біздің мұсылмандық сипатымызға сын болар еді. Адамның айыбын жасыруға барынша тырысайық. Егер мұсылман бауырымыздың қателігін байқасақ, оған оңаша кезде көркем түрде насихат айтқан абзал.

Мұсылман бауырымыз кеңес сұраса, насихатымызды айтуымыз керек. Өмір болған соң адам баласы түрлі сынақтар мен қиындықтарға тап болады. Осы сәтте кез-келген кісі өзіне жақын адамына барып, оның ақыл-кеңесін алып, насихатын тыңдағысы келеді. Қысылған кезде біреудің бір ауыз жылы сөзі көңілге медеу болады емес пе?!

Қазақта «сөзжәрдем» деген ұғым бар. Қайғыдан қара жамылған адамға сөзбен басу айтып, сабырға шақыру – халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі. Қиындыққа тап болған адамға моралдық тұрғыдан қолдау көрсетудің де сауабы мол. Қазақта «көңіл көңілден су ішеді» деген сөз бар. Ауырып қалған мұсылман бауырымызға барып, көңілін сұрап, жағдайын біліп тұруымыз қажет. Бұл амал мұсылмандар арасындағы бауырмалдық байланысты одан сайын бекіте түседі.     

Алла Тағала Құранда: «Мұсылмандар – бір-біріне бауыр! Сондықтан бауырларыңызды бір-бірімен татуластырыңдар. Мейіріміне ие болу үшін Құдайдан қорқыңдар» («Хужурат» сүресі, 10-аят) деп баяндайды. Бір-біріне ренжіген кісілерді татуластырудың да сауабы мол. Адамға тек жамандық қалайтын лағынеті шайтан адамдар арасында ұрыс-керісті өршіте түсу үшін кісінің көкейіне түрлі ойлар мен күмәнді нәрселерді салады. Шайтанның азғыруына ілескен адам өзінің діндес бауыры туралы теріс ойдың құрсауында қалуы мүмкін. Сондықтан біз қашан да ұрыс-керіс пен келіспеушіліктің алдын алып, адамдарды барынша бауырластыруға күш салуымыз қажет. Сонда қоғамда мұсылман қауымының ауызбіршілігі мен ынтымағы артады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мұсылманның мұсылман бауыры алдында бес міндеті бар: сәлем бергеннің сәлемін алу, науқастың көңілін сұрау, жаназаға қатысу, шақырған жерден қалмау және түшкіргенге «йәрхамукаллаһу» (Алла сені рақымына бөлесін) деп айту».

Алла Тағала мұсылман бауырлар алдындағы ақымыз бен міндетімізді толық әрі көркем түрде орындауды нәсіп еткей. Әмин!

 

Бауыржан НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ,

Өскемен орталық мешітінің бас имамы

«Мұнара» газеті, №4, 2022 жыл

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38