Асыл дініміздің білгір ғұламалары көркем есімдер бөлек бір ілім ретінде алып қарастырған. Өйткені бұл – Алланы тануға апаратын иләһи белгілер, ұлы ұғымдар.

Сахабалардан кейінгі ғасырларда өмір сүрген олардың ізбасарларының ішіндегі бірегейі Мәлік ибн Динар, Алла оны рахымына бөлесін, бірде: «Дүние жұрты дүниеден ең тәттінің дәмін бір тата алмай шығып жатыр», – деп күйініш білдіреді. Қасында отырған кісілер: «Уа, Әбу Яхия, ол не нәрсе?» – деп сұрайды. Сонда Мәлік ибн Динар: «Ол – Алланы тану», – деген екен. (Әбу Нуғайым Хулият әл-Әулия кітабында риуаят еткен).

Барлық ғылымдардың түпкі шегі һәм басты мақсаты, ілімдердің ілімі –мағрифатулла іліміне, яғни Алла туралы танымға жетелейтін Оның көркем есімдері туралы дәлелдерді біз әуелі Алланың Кітабынан, сосын Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінен кездестіреміз. Құран Кәрімде Алла Тағаланың көркем есімдері көп келеді әрі сондай сипаттардың Жаратушыға тән екендігі айтылады. Сондай аяттардың біразы төмендегідей. Алла Тағала былай дейді:

«Алланың көркем есімдері бар, солар арқылы Оған дұға қылыңдар. Оның есімдерін теріске шығарғандарды қоя беріңдер, олар қолекі істегендерінің сазайын тартады», – деген (Ағраф, 180);

«(Уа, Мұхаммед!) Алла деп шақырыңдар, Рахман деп шақырыңдар – қайсысымен шақырсаңдар да көркем есімдер Оған тән» де» (Исра, 110).

Алланың елшісі (с.а.с.) хадистерінде жалпы Жаратушыны танудың, Оны көркем есімдерімен танып-білудің қыр-сырын үйретіп кеткен.

Бұхари жеткізген риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алланың тоқсан тоғыз, яғни бірі кем жүз есімі бар. Кімде-кім соларды жаттаса жәннатқа кіреді. Ол (Алла) – тақ әрі тақ санды жақсы көреді». (Бұхари әд-Дағуат кітабында № 6047 риуаят еткен).

Қос Сахих кітабында Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.): «Алланың тоқсан тоғыз – бірі кем жүз есімі бар кім оны қамтыса жәннатқа кіреді», – деген (Бұхари аш-Шурут кітабында № 6957, Мүслім әз-Зикр кітабында № 2677 риуаят еткен).

Имам Термези Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың елшісінің (с.а.с.): «Алланың тоқсан тоғыз – бірі кем жүз есімі бар кім оны қамтыса жәннатқа кіреді, Ол – Алла – Аса рахымды, Ерекше мейірімді..», – деп, тоқсан тоғыз есімді санамалап шыққан хадисін жеткізген.

Көркем есімдердің кереметтері көп. Олармен шын ықыласпен дұға қылғанның дұғасы қабы болады әрі олардың адамның жаны мен тәніне тигізетін рухани һәм шипалық пайдалары да мол.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38