Kizga kirik uiden tiim

Kizga kirik uiden tiim

Үйлену, ұрпақ көбейту –адамзат баласының сақталуының бірден-бір кепілі. Үйлену арқылы адамзат нәсілі көбейеді. Тұқымы жойылмай, ұрпақ соңынан ұрпақ ауысып саны арта береді. Құран Кәрімде де үйленудің осы хикметті сыры назардан тыс қалмаған. Алла Тағала былай дейді:

 

وَاللّهُ جَعَلَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجاً وَجَعَلَ لَكُم مِّنْ أَزْوَاجِكُم بَنِينَ وَحَفَدَةً

«Алла сендерге өздеріңнен жұбайлар жасады, сол жұбайларыңнан балалар, немерелер берді»[1].
Ал үйленген кейін «ұрпақ сүйдіру» – бір Алланың қолындағы іс. Жаратушы Хақ Тағала қалаған пендесіне ұл, қалағанына қыз береді. Біреулерге егіз де береді. Ал кейбір жандарды ұрпақ сүюден мақұрым қылады. Бұл ақиқат Құран Кәрімнің мына бір аятында көрсетілген.

 

لِلَّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ يَخْلُقُ مَا يَشَاءُ يَهَبُ لِمَنْ يَشَاءُ إِنَاثاً وَيَهَبُ لِمَن يَشَاءُ الذُّكُورَ * أَوْ يُزَوِّجُهُمْ ذُكْرَاناً وَإِنَاثاً وَيَجْعَلُ مَن يَشَاءُ عَقِيماً إِنَّهُ عَلِيمٌ قَدِيرٌ

 

«Көктер мен жердің иелігі Аллаға тиесілі. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол толық білуші әрі аса құдіретті»[2].

Міне осы Алла Тағала нәсіп еткен ұрпақтың тәрбиесімен шұғылдану ата-анадан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал сол ұрпақтың ішінде қыз баласының тәрбиесімен айналысу екі есе қырағылықты, жауапкершілікті талап етеді. Себебі, ол бір үйдің ғана емес, бір ауылдың, бір рудың, қала берді, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына, саналы ұрпақ іргетасының қалануына тікелей әсер ететін тұлға. Ол – кез келген қоғамның жарқын келешегінің басты күретамыры, негізгі тетігі. Бүгінгі бойжеткен қыз – ертеңгі ана. Ертеңгі ана – асыл әже. Ол – ана сүті мен аналық махаббаты арқылы елдің асыл қасиетін де, өсиетін де, дінін де, ділін де, тілін де, салты мен дәстүрін де ұрпақ бойына дарытатын жан. Демек, бүкіл бір елдің тағдыры мен болашағы бүгінгі қыздардың қолында тұр.
Тарихқа көз жүгіртсек, Ислам діні келгенге дейін, әлемде әйел баласының кемсітіліп, қор болғандығын көруге болады. Мәселен, исламға дейінгі араб қоғамында әйел затын адам санатына жатқызбау, арын аяққа таптау, мұрадан қағу сынды, т.б жағымсыз әдеттер орныққан болатын. Ислам діні әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Мәртебесін арттырды. Қылығы тәтті қыз, әдпті бойжеткен, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді.
Араб қоғамында қыз баласынан ұлды артық көретін, қызды болғанына күйінетіндер көп болатын. Мұның асқынғаны сонша арабтардың арасында дүниеге енді көзін ашқан қыз шарананы тірідей өлімге қиып көміп тастайтындары да кездесетін. Арабтардың аталмыш жиіркенішті әрекеттері Құран Кәрімнің бірнеше аяттарында сынға алынған:

 

وَإِذَا بُشِّرَ أَحَدُهُم بِالْأُنثَىٰ ظَلَّ وَجْهُهُ مُسْوَدًّا وَهُوَ كَظِيمٌ يَتَوَارَىٰ مِنَ الْقَوْمِ مِن سُوءِ مَا بُشِّرَ بِهِ أَيُمْسِكُهُ عَلَىٰ هُونٍ أَمْ يَدُسُّهُ فِي التُّرَابِ أَلَا سَاءَ مَا يَحْكُمُونَ

 

«Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кететін. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!»[3].

وَلا تَقْتُلُوا أَوْلادَكُمْ مِنْ إِمْلاقٍ نَحْنُ نَرْزُقُكُمْ وَإِيَّاهُمْ

«Жар­лы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің на­шар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз»[4].
Шариғатты жете меңгерген ата-бабаларымыз Құдай Тағала нәсіп еткен ұрпағының тәрбиесіне ерекше мән берген. Әсіресе қыз баласының дұрыс тәрбиемен бой жетіп, болашақ жар болып ұзатылуына ерекше ықыласпен көңіл бөлген. «Қызға қырық үйден, қала берді қара құлдан тыйым» деген қазақ үйіндегі қызын құрмет тұтып, оң жаққа отырғызып, бетін күннен басқаға сүйгізбей, жас шыбықтай денесіне «кісі көзінің құрты түседі» деп етек-жеңі ұзын көйлек кигізген. Оң жақта отырғанда жүз жігіттің арманы болғанымен, өз уақытысы келгенде бір жігіттің абыройлы да пәк жан жары болуына қатты мән берген. Өйткені, бір қыздың ары – дүйім бір елдің абыройының айнасы болатын. Бабаларымыз қыз баласын құрсақтан тәрбиелеп, жағымды қасиеттерді бала күнінен бойына дарытқан. Себебі бабаларымыз – бүгінгі бойжетіп отырған қыздың «ертең ибалы келін, одан соң абзал ана атанады» атанатындығын әуелден біліп тәрбиелеген. Ертеңгі күні ел басына зұлмат күн туғанда елді бастайтын батыр мен ақынды, дауды шешерлік көреген көсемді өмірге әкелетін – ана. Сондықтан қыз баланы үйдің сыйлы қонағы деп санап, бетінен қақпай, «қызға қырық үйден тыю» дей отырып, еркелетіп, ибалы, инабатты, тәрбиелі жан жетілдіруге бар күшін сарп еткен. Ар-намысын барша дүниелік атаулыдан жоғары ұстайтын ару етіп өсірген. «Есті қыз етегін жабады» деп, ұзын көйлек кигізіп, қыздың талшыбықтай бұралған сырт-келбетін сұқ көздерден сақтаған. Аналар қыздың киім киісіне, жүріс-тұрысына, қай ортада болсын, өзін-өзі қалай ұстау керектігіне, үлкеннің алдын кесіп өтпеуді, кішіге ізет көрсетуді құлағына құйып отырған. Қызының алдында әкесін асқар таудай ете білді. Отағасының айтқанын екі етпей, оның қадір-қасиетін балаларының алдында арттыра түсті. Мұны көрген қыз да ертеңгі күні ер адамның алдында қия баспасы, ерін, яғни балаларының әкесін қастерлейтіні анық. Қазақ аналары сонымен қатар, «Қызым үйде, қылығы түзде», «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл болады» деп өзіне де барынша шектеу қойып, қызының әрбір ісін бағамдап отырған, «шеше тұрып қыз сөйлеуден» безген. Ертеңгі күні келін болып түскен ауылда өз отбасының, бір рулы елдің бетіне таңба болмасы үшін ар-намысын аяққа таптатпауды жалықпай санасына сіңіріп, қадап айтып отырған.
Бүгінгі жастар «заман осындай» деген желеумен батыстық менталитетке ден қойған. Қыздарымыз бұрымын қырқып, тіпті, шашын сыпырып сәнденсе, жігіттеріміз керісінше, шаш өсіруді жөн көреді. Тіпті, шашы бар аруларымыздың өзі оны сан түске бояп әуре. Бұл – бір. Екіншіден, етек-жеңі қысқарып, кеу­десі жартылай жалаңаш киім киіп жүргендер де өзіміздің қаракөздеріміз. Ал ішімдікке сылқия то­йып, мас болу мен шылымды бұрқыратып жүруді, тіпті, сәнге айналдырғандай. Жүзінен ұяты төгіліп тұратын қазақ қызы бүгінде ешкімнен қымсынбастан-ақ көше бойында сүйісіп тұрғанын көр­генде кімге кінә артарыңды білмей дал боласың. Қазір қыздар үлкеннен именіп, арлану дегеннен ада ма дерсің. «Жаным арымның садағасы» деп санайтын халықтың ұл-қызы неліктен арсыздыққа баруда? Бұған қоғам кінәлі ме? Әлде, балаларының материалдық жағдайын ғана жасап беруді алдыңғы орынға қойып, бала тәрбиесін уысынан шығарып алған ата-ана кінәлі ме? Біреу қоғам десе, енді бірі «қоғам да адамның іс-әрекетінен өзгереді емес пе?» деп дау айтары анық.
Қазіргі таңда жастар арасында «азаматтық неке» деген шықты. Неке деген аты болмаса, некенің киелі ұғымына еш қатасы жоқ. Бір-бірінің алдында ешқандай жауапкершілік сезінбейді. Тіпті екеуінің арасында бала болса да ешкім ешнәрсеге жауап бермейді. Батыстан келген бұл «үрдіс» те жастар арасында кеңінен белең алып барады. Олар үшін бұл – үйреншікті дүние. Әсіресе, «неке» деген қасиетті ұғымның қадірін кетіріп жүргендердің ішінде өзіміздің қаракөздеріміздің де жетіп артылатыны жаныңа батады. Ал жүкті болып, үйленіп, бір-екі айдан кейін босанатын «дайын келіндердің» санында да шек жоқ.
Бүгінгі қазақ қоғамының тағы бір дерті – жасанды түсік. Әсіресе, бұл дерттің жыл сайын «жасарып» бара жатқаны ішіңді удай ашытады. Бір­не­ше жыл бұрын мектеп бітірген бой­жеткендердің аяғы ауыр дегенді естісек, жағамызды ұстаушы едік.
Ал қазір «14-15 жастағы мектеп оқушысы жүкті болып, түсік жасатыпты» десе де селт етпейтін болдық. Себебі – бұл үйреншікті құбылысқа айналып барады. Ең қорқыныштысы да – осы.
Сондай-ақ жастар үшін қауіпті, адамзатты азғындыққа ұшырататын дүниелердің қатарына–«Валентин күні» де жатады. Соңғы жылдары елімізде осы мерекені, әсіресе жастар арасында тойланып келе жатқандығы жасырын емес. Араға бір жыл салып қылышын сүйреткен қаһарлы қыспен бірге мысық табандап осы «мереке» тағы келіп жетті. Бұл мереке мұсылман жұртшылығының соның ішінде қазақ халқының әдет-ғұрпымен, салт-дәстүріне тіпті діни көзқарасына да үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, қайдан пайда болғандығын ойлап бас қатырып жүргендер бар ма екен? Еуропа ХІІ ғасырдан, АҚШ 1777 жылдан, Ресей 1990 жылдардың басынан тойлайды. Елдердің тірегі болған қылшылдаған жастардың жүрегін жаулаған «Валентин» деген кім өзі? Тарихшылардың тұспалдауынша ежелгі христиандардың аңыз-ертегілерінде бір емес, үш бірдей Валентин болғандығы мәлім. Осы үшеуінің өлімі ит азаппен, қорлықпен зорлық көрсетіліп қыршын қиылған. Дерек көздерге сүйенсек римдіктерде 14 ақпан «махаббат тәңірі Юнон мерекесі». Жоғарыдағы үш боздақ Валентиннің бірінің ажалы 269 жылы 14 ақпан, ату жазасы еді. Міне, осылайша «Іздегенге сұраған»,-демекші бір-бірімен байланысып «мереке» болып жарияланып кете барған. Хақ Ислам дініміз аталмыш жалған мерекеге бір сөзбен айтқанда үзілді-кесілді қарсы. Сондай-ақ сол түні орын алатын түрлі-түсті көңіл көтеру асыл дініміздің қағидаларымен, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы насихаттап келген моральдық құндылықтарымен сәйкес келмейді. Мұсылман адам махаббат сезімін біреуге білдіру ісіне селқос қарамауы керек. Ол өзінің жүректен жарып шығатын ыстық сезімін болашақта отбасын құруға және өзінің адал жарына сақтауы тиіс. Ислам дінінің шариғатында өзге діндердің әсіресе тәлім-тәрбиесі жоқ мерекелерін атап өтуге жол жоқ. Бұған бұлтартпас дәлел ретінде қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде: «Әй мүміндер! Сендерден бұрын Кітап берілгендерден діндеріңді сайқы-мазаққа алып ойыншық еткендерді дос тұтпаңдар және кәпірлерді де дос көрмеңдер. Егер мүмин болсаңдар, Алладан қорқыңдар»[5]. «Олар өздері қарсы болғандай, сендердің де қарсы болып, бірдей болуларыңды қалайды»[6]. (Ниса сүресі 89-аят) делінген.
Бүгінгі қыз – ертең бір әулеттің оң жағын қызартып, отау тігетін келіні. Желегі желбіреген сол келін өмірге ұрпақ әкеліп, ақ жаулықты ана атанады. Ал аналар – елдің тәрбиешісі, ұлттың беломыртқа­сы, берекенің бесігі. Іргетасы мықты соғылған үйдің ұзаққа шыдайтыны секілді, жақсы тәрбиенің қаймағын қалқып ішкен қыздан көргенді келін, білікті ана шығады. Әйел-аналар өнегелі болса, елдің көсегесі көгеріп, керегесі кең жайылады. Төрт қанаты түгел, отының басы бүтін болады. Парасатты ананың тіккен шыбығынан бәйтерек өсіп, арғы ұрпағына саясын түсіреді. Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып толысуына ата-анамен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты екенін айтады. Қызды тектеп ұстауды меңзейді. Тыю деген, міне, осылардан құралады. Оң жақтағы кезде жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз». Міне, қазақ қызы осындай тәрбие алып, отбасының ұйытқысы бола білді.
Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде сахабаларымен мәжіліс құрып отырып: «Кімде-кімнің үш қызы болып, оларды асырауға, қиыншылықтары мен қуаныштарына төзіп сабыр етсе, Алла Тағала ол адамды қыздарына рақымдылық танытқаны үшін жұмаққа кіргізеді», – деп айтады. Сонда сахабаларының бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Егер екі қызы болса ше?» – деп сұрайды. «Екі қызы болса да солай», – дейді Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). «Ал, егер бір қызы болса ше?» – дейді бір сахаба. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сонда: «Бір қызы болса да солай», – деп жауап берген екен[7].
Аталмыш хадистен аңғарғанымыздай, кімде-кім қызының тәрбиесіне салғырт қарамай, оның барлық қиыншылықтары мен қуаныштарына төзімділікпен сабыр етіп, шүкіршілік танытса – жәннаттық болады екен. Демек, қыз баланың тәрбиесі өте жауапты да сауапты іс болып табылады. Бүгінгі таңда кейбір жандардың «төрт қыздың әкесімін» деп кеуде қағып, «жұмаққа кіретінін» айтып, жар сап жүргеніне куә болып жатамыз. Алайда, ардақты Алла Елшісінің хадисінен жұмақтың төрт қыздың әкесіне емес, әлпештеп өсірген перзентінің бойына имандылық пен ізгілік дәнін егіп, дұрыс тәрбиелегенге нәсіп болатынын аңғарамыз.

Бауыржан Әлиұлы,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің
маманы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38