Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ, Шымкент қаласының бас имамы
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барша имамдарға бағдарлық баяндамасын жолдап, 2022 жылы діни салада жүзеге асатын бірқатар іс-шаралар туралы мәлімдеді.
Бас мүфти бағдарлық баяндамасында: «Біз еліміздегі қариларды жігерлендіру мақсатында жыл сайын республикалық Құран байқауын ұйымдастырып келеміз. Ол үшін демеушілер тарапынан қомақты қаражат бөлінуде. Жас қариларымызды жігерлендіру мақсатында арнайы «Ижаза» беру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Біз осы жылы, Алла қаласа мешіт жанынан «Намаз оқып үйрену» және «Құран жаттау» курстарын ашамыз. Өйткені, бұл – жамағаттың діни сенімінің дұрыс болуы мен рухани өмірі үшін өте қажетті қадам. Намаз оқуға ниет білдірген жандарды дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабымен намаз оқуды үйретеміз» деп атап өтті.
Расында, «Ижаза» беру орталығын ашу, мешіт жанындағы сауат ашу орталықтарынан «Намаз оқып үйрену», «Құран жаттау» курстарын ашу жамағат үшін жағымды жаңалық болғаны анық. Себебі, бүгінде жамағат арасында Құран жаттауға ықылас танытып, ниет білдіргендер саны күннен күнге көбейіп келеді. Әрине, бұл – қуанышты жағдай. Алайда оларға қолайлы жағдай жасап, тиімді тәсілдермен дәріс беру – дін қызметкерлерінің міндеті.
Қасиетті кітабымызда жазылған Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан хадистері барша мұсылман баласын Құран оқуға, оны жаттауға жігерлендіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Ақиқатында Құранды жатқа білетін мұсылмандар Алла Тағаланың панасынан басқа пана болмайтын күні пайғамбарлар мен таңдаулы пенделермен бірге Оның панасында болады» делінген.
Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ерекше сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта береді. Осы ретте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына бір хадис адамға ерекше ой тастайды: «Шын мәнінде, Құранның мысалы – аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Ал егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы».
Құранды ашып, оны оқып, аяттардың мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Біздің бойымыздағы күйгелектік, сабырсыздық, ашушаңдық, тәкаппарлық, өзгемен көркем мәміле жасай алмайтын жағымсыз мінездің бәрі ұлы Құраннан алыстап бара жатқанымыздың көрінісі деп топшылаймын.
Құран оқылған үйге Алланың берекесі мен тыныштығы орнайды. Құран оқылған үй ерекше нұрға бөленеді. Бұл туралы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Жер бетіндегілерге жұлдыздар қалай көрінсе, Құран оқылған үй де көктегілерге дәл солай көрінеді».
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Құранның әрбір (жатталған) аяты (жаттаған кісінің) жәннаттағы дәрежесін көтереді және үйлерінде (оқылған Құран) шамдар секілді (көктегілерге жарық шашады)» деп баяндайды.
Біз қамшының сабындай болған қысқа мына өмірде бала кезімізден бастап мәпелеп өсірген ата-анамызға барынша құрмет көрсетіп, олардың алғысы мен батасын алып қалуға тырысамыз. Қолдан келген бар жақсылығымызды жасаймыз. Олардың разылығы Алланың разылығымен тікелей байланысты болғандықтан ата-анамыздың көңілдеріне қаяу түсіріп алмауға тырысып бағамыз. Ал, шын мәнінде, баланың ата-анасына жасайтын жақсылығы – оларға мәңгілік өмірде тәж кигізу. Нағыз құрмет, нағыз мәртебе осы екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай сүйінші хабар жеткізеді: «Кімде-кім Құран оқып, соған сай іс-әрекет етсе, Қиямет күні Алла Тағала оның ата-анасына тәж кигізеді…». Бұдан асқан қуаныш, бұдан асқан зор жетістік бар ма?! Әрине, жоқ!
Құран жаттаудың осы өмірде де берілетін сыйы өте көп. Соның бірі – ақылдан алжаспау. Құран жаттаған адам ақылынан адаспайды екен. Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі дәлел: «Кімде-кім Құранды жаттаса, Алла Тағала оның ақыл-есін қайтыс болғанға дейін сақтайды».
Мұсылман баласы Құран жаттау арқылы да жақын адамдарына жақсылық жасай алады. Сол жақсылықтың ең үлкені – шапағат ету. Жақын адамға шапағат ету әр адамға бұйыра бермейтін бақыт. Алайда мұндай бақыт Құран жаттаған адамға бұйырады екен. Бұл ретте Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі еріксіз еске түседі: «Кімде-кім Құранды оқып оны жаттаса және ондағы адалды адал деп, арам нәрсені арам деп санаса, Алла Тағала оны жәннатқа кіргізеді. Әрі оны отбасындағы тозаққа кіруі уәжіп (міндет) болған он кісіге шапағатша етеді».
Шын мәнінде, Алла аса мейірімді. Біз неғұрлым Құранға жақын болған сайын соғұрлым Алланың мейіріміне кенелеміз. Ал, керісінше, біз неғұрлым Құраннан алыстаған сайын Алланың ашуына ұшыраймыз. Бұл – заңдылық. Асылында, Алла әділетті. Ал әділетсіздік жасайтын – өзіміз. Әділетсіздік жасайтынымыз сол, Алланың бұйырған әмірлеріне бойсұнғымыз келмейді. Жаратқан Жаббар Иеміздің тыйған істерінен тыйылған сайын өзімізді, өмірімізді қауіп-қатерден сақтаймыз. Қауіп-қатерден сақтанудың тағы бір жолы – Құран жаттау. Алла Тағала Құран жаттаған жүректі азаптамайды екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Құран оқыңдар! (Үйлеріңде) ілінген мына Құран кітаптармен өздеріңді алдамаңдар. Өйткені, Алла Тағала Құран сақтаған жүректі азаптамайды».
Аллаға шүкір, біз қариын құрметтеген халықпыз. Қари келсе, оны қадірлеп, төрге шығарып, жақсы сөзімізді арнап, құрмет көрсетеміз. Асылында бұл – Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құранды жатқа білушілерді құрметтеңдер! Кімде-кім оларды құрметтесе, сөзсіз, мені құрметтегені. Кімде-кім мені құрметтесе, сөзсіз, Алла Тағаланы құрметтегені. (Қаперде ұста!) Құранды жатқа білушілердің құрметін төмендетпеңдер! Өйткені олар Алланың құзырында мәртебелі» деген. Қариды құрметтеу – Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрмет көрсетумен тең.
Құран – исі мұсылман баласына көркем насихат, жүрекке шипа, тура жол көрсетуші кітап. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Әй адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді. (Мұхаммед Ғ.С.): «Олар, Алланың кеңшілігі, мәрхаметімен болған осылармен қуансын. Өйткені, Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де». («Юнус» сүресі, 57-58-аятар).
Бүгінде Құран құндылықтарын насихаттап жүрген жанның бірі – имам. Бұл ретте әр имамға артылар жүк жеңіл емес. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарлық баяндамасында: «Имам – қоғамды тәрбиелеуші, ағартушы тұлға. Отаншыл, еңбексүйгіш, аманатқа адал, ата-анасын қадірлейтін иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі ерекше. Халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді. Имамдардың жан-жақты, білімді болуы – заман талабы. Дін қызметкерлері мықты уағызшы болуымен қатар, үнемі ізденіс үстінде жүріп, салауатты өмір салтын сақтап, сүннет жолынан таймауы тиіс» деп атап өтті.
Қоғамда Құран құндылықтарын насихаттап, халықты бірлік пен ізгілікке үндеп келе жатқан дін қызметкерлеріне Алла жар болсын!