Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық,әділдік, ынтымақ , ізгілік , бірлік болуын көздейді .
Ислам діні – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты дін.
Ислам діні – адамның абыройы мен ар – ожданын бәрінен де жоғары қояды.
Отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымағын сақтайды, әлеуметтік әділетті көздейді.
Ислам діні – бүкіл тіршілік иесінің бірде – біріне қылдай қиянат жасамауға, бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын жәйттерге ешқандай да жол бермеуге үндейді.
Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде: “ Расында Мүміндер – бір – біріне шынайы бауыр . Олай болса, бауырларыңның арасын жарастырыңдар , сондай – ақ Алладан қорқыңдар! Міне, сонда Оның рақымына бөленесіңдер “ – деп бұйырған. (“ Хұжрат” сүресі, 10 – аят .)
Әлемге Рақым етіп жіберілген, Пайғамбарымыз ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде :
“ Сендер иманға келмейінше Жұмаққа кіре алмайсыңдар. Бір – біріңді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыңдар. Сендерге бір – бірлеріңді жақсы көріп қалатын істі айтайын ба?
Араларыңда сәлемді жайыңдар “ – делінген. (имам Муслим .)
Біз – әлмисақтан кісілік кейпін сақтауға, ана сүтін ақтауға талпынған, дін мен дәстүрді үйлестіріп, үйлесімді, өнегелі өмір сүрген Мұсылман халықпыз.
Ислам дінінің қазақ топырағына келуімен көптеген жақсылықтарға қол жеткіздік.
Салт – Дәстүріміз, бітім болмысымыз Ислам діні мен біте қайнасып, өркениетке қадам басқан халықпыз.
Халқымыз: “ Бірлік – береке бастауы “
“ Байлық байлық емес, бірлік байлық “ – деп білген.
Қаблиса жырау: “Бақыт қайда барасың ? – дегенде, “ Көршімен болған бірлігі , тағат , ғибадат тірлігі , ұйымшыл елге барамын “ – деген екен .
Көршілермен қандай мәміледе болу керектігі жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын ) хадисінде :
“ Егер көршің өзге дін өкілдерінен болса, онда сенің мойныңда бір ақысы бар: 1 – Ол – сенің көршің болғаны үшін.
Егер көршің Мұсылман болса, екі міндетің бар: 1 – көршің,
2 – Мұсылман болғаны үшін.
Ал, егер көршің Мұсылман туысқаның болса, үш міндетің бар:
1 – Көршің. 2 – Мұсылман. 3 – Туысқаның болғаны үшін“. – деген.
Хакім Абай: “ Адамды сүй Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа “
“ Біріңді, қазақ ,бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”,- деп адам баласына құрмет көрсетуге ,бірлік, ынтымаққа шақырған .
Міне, қазіргі таңда бізге осындай бауырмалдық қажет. Шынайы бауырластық бір – бірімізді жақсы көрумен болады.
Бірлік, Ынтымақ – қуаттың, күштің көзі, ал бөлінушілік, жікшілдік бәлекеттің, апаттың көзі.
Алла Тағала ынтымақтан, бірлігімізден айырмасын.
Қазақ Еліміздің еңсесі биік, Ислам дініміздің діңгегі берік болсын!
Шымкент қаласы, Абай ауданы
“Темірші ата “ мешітінің Имамы
Ербол Қалшабек Тастанбекұлы.