Дін және Дәстүр бұлар егіз ұғым. Бұған дәлел кез келген салт пен дәстүр, әдет пен ғұрып сияқты дүниелердің астарында сенім жатыр. Ал сенім дегеніңіз – дін. Демек, дін мен дәстүрді бір бірінен ажыратып қарай алмайсыз. Қазіргі таңда қазақ халқы дін мен дәстүр деген уақытта бұл жерде қандай да бір сенімді емес, Ислам дінін меңзеп тұрғанымыз анық. Дін және дәстүрдің қоғамдағы алатын өте орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де өтейтін маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы қажет, яғни, діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Діні мен дәстүрін бөліп жармай, бір белдеудің көлемінде ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрді қалыптастырғаны тарих беттерінде анық бейнеленген. Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс.
Әрине әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет сөз бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды.Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.
Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с): «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам» – деген. Соңғы кезде әлемдік діндердің атын жамылған теріс пиғылды ағымдар елімізде көбейіп бара жатқандығы жасырын емес. Осынау ағым, секталардың ешқайсысы дұрыс емес, бұрыс екендігі айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ өкінішке орай, біздің қаракөз бауырларымыз әлі де болса солардың еліткеніне еріп, желіктеріне желігіп, шырмауынан шыға алмауда. Өз құндылығымызды өзіміз қадірлей білмегеннен, кім болса соның соңынан еріп, жетегінде еріп, жүре береміз. Сондықтан ұлттық қасиетімізді де бағалай білгеніміз жөн.
Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. Елдің арманы Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Оның бірден-бір жолы – «Бірлігі бар елдің, берекелі тірлігі бар» -демекші ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті нығайту. Тұрақтылық пен тыныштық бар жерде ғана өсіп-өркендеу, ертеңгі күнге деген үкілі үміт болатыны айқын.
Сонымен қатар ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету.
Осындай асыл құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді, тыныштығымызбен асыл құндылықтарымызды сақтай аламыз. Сонда ғана егемен еліміз бар деп мақтана аламыз.
Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, Қазақстан топырағын түрлі апаттар мен бүліктен сақтағай! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болғай!
Довлатяр Мұхаммадамин ҚМДБ Шымкент қаласы, Абай ауданы Масжидур Рохман мешітінің найб имамы