Алла Тағала туралы жақсы ойда болу үшін пендеге жақсы амалдар жасауы керек екендігі белгілі. Әрбір ізгі ниетті мұсылман өзінің істеріне сауап жазып, уәдесін орындайтын Раббысы туралы әрдайым жақсы пиғылда болады.

Ал жаман пиғылдағы ауыр күнәлар мен зұлымдыққа белшесінен батқан күнәһар пенденің істеген істері оның Раббысы туралы жақсы ойлауына кедергі келтіреді. Бұл шын мәнінде бар нәрсе. Оның мысалы – мырзасына бой ұсынбай, қашып жүрген құлдың қожайыны туралы қалай ойлайтындығына ұқсас. Күнәнің пенденің бойында қалдыратын салдары мен ізгі ойдың бір жерде бас қосуы мүмкін емес. Яғни, арам ойлар мен ізгі ойлар да ешқашан бір жерде болмайды. Күнәһар пенденің арамзалығының дәрежесі оның күнәсінің үлкен-кішілігіне байланысты. Ал адамдардың арасындағы Раббысына ең мойынсұнғышы Раббысы туралы ең жақсы ойлайтыны. Хасан Басри айтқандай: «Раббысы туралы жақсы ойлаған мүмін амалын да жақсартады. Ал Раббысы туралы бұзық ойлайтын адамның ісі де бұзық».

Раббысының әмірінен қашқан пенде қалайша Ол туралы жақсы ойлай алады. Өйткені ол сол пиғылымен Раббысының ашу-ызасына, қарғыс-лағынетіне лайықты болды. Раббысының ақысын, жүктеген парыздарын орындамады. Тыйымдарын қаперіне де алмай, шектерінен асып, күнәға белшесінен батты. Қалайша Жаратқан Иесі туралы жақсы ойлай алады? Оған ашық қарсы шықты, оның сүйікті құлдарына дұшпан болды, дұшпандарын дос тұтты? Алланың кемелдік сипаттарын жоққа шығарып, Өзі де, пайғамбар да (с.ғ.с.) айтып кеткен сипаттары туралы арам ойлы болды. Ол сипаттарды күпірлік пен адасу деп түсінді. Раббысын сөйлемейді, бұйырмайды, тыйым салмайды, разы да, наразы да болмайды деп түсінетін жан қалайша ізгі ойда болмақ?!

Алла Тағала Өзін құпия сөздерді естімейді деп тон пішкендер туралы Құран Кәрімде: «Міне, осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың түптеріңе жетіп, ақырында зиянға ұшыраушылардан болдыңдар», – деп айтқан  (Фуссилат: 23).

Бұлар істеріміз туралы Алла Тағала ештеңе білмейді деген түсініктерімен Ол туралы жаман ойлаған және түбінде сол азғын ойлары опық жегізген. Алланың ұлық сипаттарын теріске шығарған әрбір адамның ақыры да осылай аяқталады. Осындай ойларына қарамастан жәннатқа барам деп ойлау өзін-өзі алдап, шайтанның азғыруына ерумен тең.

Әрбір пендеге қажетті осы жәйт туралы жақсылап ойлануы тиіс. Раббысына түбінде жолығатындығы туралы, Алланың мұның сөзін естіп, отырған жерін көретіндігі туралы, жасырынды да, жарияны да білетіндігі туралы нық сенімде болып, түбінде Оның алдында тұрып, барлық істері үшін жауап беретініне кәміл сенген пенденің Оның хақтарын өтемеуі, әмірлеріне бой ұсынбауы ақылға сыя ма? Сонысына қарамай Алла Тағала туралы жақсы ойлаймын десе ше? Бұл өзін-өзі алдаусырату мен көпүміттіліктен басқа ештеңе емес.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) өз өсиеттерінде үмбетіне бұл өмірден Алла туралы жақсы оймен өтуге бұйырады.

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لاَ يَمُوتَنَّ أَحَدُكُمْ، إِلاَّ وَهُوَ يُحْسِنُ بِاللَّهِ الظَّنَّ،فَإِنَّ قَوْماً قَدْ أَرْدَاهُمْ سُوءُ ظَنِّهِمْ بِاللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ﴿وَذَلِكُمْ ظَنُّكُمُ الَّذِي ظَنَنتُم بِرَبِّكُمْ أَرْدَاكُمْ فَأَصْبَحْتُم مِّنْ الْخَاسِرِينَ﴾.« رَوَاهُ مسلم، و أبو داود، وابن ماجه، وأحمد.

Жәбірден (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Сендердің әрқайсысың Алла туралы жақсы ойламай өлмесін. Шындығында даңқты және ұлық Алла туралы жаман ойлары бір қауымды апатқа ұшыратқан. «Міне, осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың түптеріңе жетіп, ақырында зиянға ұшыраушылардан болдыңдар» (Фуссилат, 23)» (Мүслим, Әбу Дәуіт, Ибн Мәжаһ, Ахмад).

Расында Жаратушы Хақ Тағала жаратқан пендесі Өзі туралы ойласа, оны есіне алып, дәрежесін жоғарылатады екен.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »يَقُولُ اللهُ: »أَنَا عِنْدَ ظَنِّ عَبْدِي بِي، وَأَنَا مَعَهُ إِذَا ذَكَرَنِي، فَإِنْ ذَكَرَنِي فِي نَفْسِهِ ذَكَرْتُهُ فِي نَفْسِي وَإِنْ ذَكَرَنِي فِي مَلَأٍ ذَكَرْتُهُ فِي مَلَأٍ خَيْرٍ مِنْهُمْ.« مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Алла Тағала былай дейді: «Мен пендемнің Мен туралы ойлаған ойында боламын. Егер ол Мені есіне алса, Мен онымен біргемін. Егер ол Мені іштей есіне алса, Мен де оны іштей есіме аламын. Егер ол Мені бір топтың ішінде есіне алса, Мен оны ол топтан жақсы бір топтың ішінде есіме аламын» (бірауыздан сахих хадис).

Негізінде Раббыны есіне алу Оны зікір ету түрінде болады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إِنَّ اللهَ تَعَالَى يَقُولُ: أَنَا مَعَ عَبْدِي إِذَا ذَكَرَنِي، وَتَحَرَّكَتْ بِي شَفَتَاهُ.« رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен басқа риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала былай дейді: «Мені пендем есіне алып, еріндері жыбырласа, Мен онымен біргемін», – деп айтқан (Бұхари).

Мүслимнің «Сахих» жинағына жазған түсіндірмесінде Имам Нәуәуи былай дейді: «Ғұламалар Алла Тағала туралы жақсы ойлауды «Ол маған рахым қылады, кешіреді» деп ойлау деп түсіндіреді. Жақсы ойлаған жан әрдайым Раббысынан қорқады, үміттенеді, соның негізінде Оған мүлтіксіз бой ұсынып, әрекет етеді».

Ғұлама әл-Манауи былай дейді: «Күпірден кейінгі ең үлкен күнә – Алла туралы жаман ойлау. Оның себебі ол мына аяттағы оны толмас өкінішті, қасіретті апатқа душар етеді: «Міне, осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың түптеріңе жетіп, ақырында зиянға ұшыраушылардан болдыңдар» (Фуссилат: 23).

Расында Алла Өзін пендесі ойлаған сәтте онымен бірге болады. Алайда пендеге Раббысы туралы жақсы ойлау міндетті болғаны секілді Оның жазасынан, азабынан қорқу да уәжіп. Раббының рахымынан шексіз үміт етіп, өзін аман қалдым деп есептеу мен одан мүлде күдер үзудің арасындағы ең дұрыс, ең тура жол – осы екі ортада әділдік қылу. Өйткені пенде қашан Раббысынан үмітін үзгенде қауіп-қатерлі, күдер үзу жолына түседі. Ал қашан өзін жәннаттықпын, Раббының азабынан құтылушымын деп есептегенде, өзін қауіпсіздердің қатарына қосып, адасады. Алла Тағала былай дейді:

﴿أَفَأَمِنُواْ مَكْرَ اللّهِ فَلاَ يَأْمَنُ مَكْرَ اللّهِ إِلاَّ الْقَوْمُ الْخَاسِرُونَ 

«Әлде олар Алланың айласынан сақтанбап па?! Расында Алланың айласынан тек зиянға ұшыраушы қауым ғана сақтанбайды» (Ағраф: 99).

Өйткені Алла қалағанына рахым қылады, қалағанына азап береді. Ендеше ең қауіпсіз, аман-сау қалудың жолы – діндарлық, тура ислам жолында болу. Алладан әрбір сынақтан сау-саламаттық сұрайық.

Егер пенденің нәпсісі тойымсыз, тоғышар нәпсі болса, оның есірігі мен есерлігі атой салып, құмарлығы оттың түтінінде қоюланып, нәтижесінде пенденің кеудесі қараңғыланады. Ақырында пендені нәпсісі билеп алып, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізетін болады. Сосын нәпсі жетегінде кеткен пенде өзінің күнәларының көптігі себепті Раббысының рахымынан, кешірімінен, ризығынан мүлде үміт үзіп, өзін кешірілмейтін күнәһармын деп санайды. Алла туралы жаман ой дегеніміз, міне, осы. Осындай ойдағы адам рахымнан күдер үзіп, үмітсіздердің қатарына қосылады. Ал бұл – барып тұрған күпірліктің өзі» (Әл-Манауй. Файдул-Қадир).

Алла Тағала туралы ең жақсы ойлаған жан – пайғамбар (с.ғ.с.). Алланың елшісі (с.ғ.с.) әрбір істе үмбетіне үлкен үлгі. Әбу Үмәма Сәһл ибн Хунәйф былай деген: «Уруа ибн Зубәйр екеуміз Айшаға (Ол екеуіне Алла разы болсын) бардық. Сонда ол: «Сендер Расулаллаһты (с.ғ.с.) науқастанып жатқан кезінде көрсеңдер ғой. Сонда оның алты не жеті динары бар еді. Расулуллаһ (с.ғ.с.) осы ақшаны таратуға бұйырды. Мен Расулуллаһтың (с.ғ.с.) қызметінде жүріп оны ұмытып кетіппін. Ақыры ол (с.ғ.с.) ауруынан айыққанда менен: «Не істедің? Өткендегі алты динарды тараттың ба?» – деп сұрады. Мен болсам: «Жоқ, Уаллаһи. Мен сіздің ауруыңызбен болып, қолым тимеді», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.) динарларды әкелдіріп, алақанына қойды да: «Аллаға осымен қайтқан пайғамбардың ойы қандай болар екен?» – деді». Басқа риуаятта: «Осымен Аллаға жолыққан Мұхаммедтің Раббысы туралы ойы қандай болғаны?», – деген.

Ал енді сорақы күнәларды жасаған залымдардың Аллаға кездескен шақтағы ойлары қалай болар екен? Сол кезде «Біз Өзің туралы жақсы ойлаған едік, залым мен пасықты азаптамайсың деп ойладық» деген ойлары пайда беретін болса, пенде қалағанын істесін. Алланың барлық тыйымдарын бұзып, әйтеуір Раббым жайындағы пейілім түзу ғой деп жүре берсін! Пенде қалай адасады?! Ибраһим пайғамбар өзінің қауымына былай деген еді:

«Алладан өзге өтірік Тәңірлерді қалайсыңдар ма?», «Әлемдердің Раббысы туралы не ойлайсыңдар?» (Саффат: 86-87). Мағынасы: Онымен жолыққан сәттеріңде басқа нәрсеге табынғандарың үшін Раббыларың сендерге не істейді деп ойлайсыңдар?

Осы мәселеде тереңірек ойланған жан Алла туралы жақсы ойлаудың ізгі амалдар істеумен тығыз байланыстылығын түсінеді. Шындығында пенденің ізгі амал істеуге итермелейтін нәрсе оның Раббысының амалдарына орай мол сый әзірлейтіні туралы жақсы ойы. Жақсы ниет жақсы амалға апарады. Раббысы жайлы жақсы ойлаған сайын амалы да жақсара түседі. Нәпсі қалауына ерген адам жақсы ойлауға дәрменсіз.

قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» وَالْكَيِّسُ مَنْ دَانَ نَفْسَهُ وَعَمِلَ لِمَا بَعْدَ الْمَوْتِ، وَالعَاجِزُ مَنْ أتْبَعَ نَفْسَهُ هَوَاهَا، وَتَمَنَّى عَلىَ اللهِ الأَمَانِي«. رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ وَأَحْمَدُ.

Шәддад ибн Аус (р.а.) риуаят еткен хадисте пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Зерек – нәпсісін төмен ұстап, өлімнен кейінгіге амал еткен адам, ал дәрменсіз – нәпсісі мен әуейілігіне еріп, Алладан шексіз үміттенген адам» (Термези және Ахмад).

Алла Тағала туралы жақсы ойлаудың бір көрінісі – дүниеде көрген қиындықтар мен сынақтарды тек Соған ғана шағынып, содан ғана медет сұрау. Бұл тұрғыда пайғамбарлардың өмірлерінен үлкен өнеге бар. Мысалы, Жақып пайғамбар ондаған жылдар бойы сүйікті ұлы Жүсіптен көз жазып қалғанда бар мұңын тек Раббысына ғана айтқан.

﴿قَالَ إِنَّمَا أَشْكُو بَثِّي وَحُزْنِي إِلَى اللّهِ وَأَعْلَمُ مِنَ اللّهِ مَا لاَ تَعْلَمُونَ﴾

«Ол (Жақып пайғамбар): «Мен мұңымды, қайғымды тек бір Аллаға ғана шағынамын және Одан сендер білмейтін нәрселерді білемін», – деді» (Жүсіп: 86).

Сонымен бірге Алла Тағала туралы жақсы ойлаудың тағы бір көрінісі – қандай жолға түсіп, қателіктерге ұрынса да Раббысының рахымының аса кеңдігін, Оның шексіз кешірімділігін есінен шығармай, Одан мағфират тілеу. Өйткені Алла Тағаланың Өзі осылай бұырған.

﴿ وَلاَ تَيْأَسُواْ مِن رَّوْحِ اللّهِ إِنَّهُ لاَ يَيْأَسُ مِن رَّوْحِ اللّهِ إِلاَّ الْقَوْمُ الْكَافِرُونَ﴾ 

«..Әрі Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Расында Алланың мейірімінен тек кәпір қауымдар ғана күдер үзеді» (Жүсіп: 87).

 ﴿قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعاً إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ ﴾

«Ей, өздеріне зиян еткен құлдарым! Алланың рахымынан күдер үзбеңдер. Расында Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Расында Ол аса кешірімді һәм ерекше рахымды» (Зүмәр, 53).

﴿قَالَ وَمَن يَقْنَطُ مِن رَّحْمَةِ رَبِّهِ إِلاَّ الضَّآلُّونَ﴾

«Ол (Ибраһим (а.с.)): «Раббысының рахымынан нақ адасқандардан басқа кім күдер үзеді?» – деді» (Хижр, 56).

Расында да Рахманның рахымы кең. Қандай жағдайда да Оның мейірім-шапағатынан күдер үзуге болмайды.

Адамның күні бар ма сыналмаған,

Бақ тайса мал менен бас құралмаған.

Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле

Сонда да күдер үзбе бір Алладан!

Жалпы айтқанда, Жаратушы жөнінде жақсы ойлау тозақтан құтылу себептерімен – ғибадат, ізгі амалдармен қосарланып жүруі керек. Тозаққа түсіретін себептер – тыйым салынған істерді істеп, әйтеуір, түбі ниетім түзу ғой дегеннен ешбір қайыр жоқ.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38