Әдет-ғұрып (салт-дәстүр) – қандай да бір елдің немесе ұлттың арасында көпшіліктің қолдауына ие болып, қолданысқа енген, белгілі бір қимыл-әрекеттен тұратын және сол халықтың өмір сүру салтынан хабардар ететін әдеттер жиынтығы.
Имам Абдулла бин Ахмед Насафи әдеп-ғұрып жайлы:
الْعُرْفُ وَالْعَادَةُ: مَااِسْتَقَرَّ فِي النُّفُوسِ مِنْ جِهَةِ الْعُقُولِ وَتَلَقَتْهُ الطّبَاع السّلِيمَة بِالْقُبُولِ
«Әдет-ғұрып: ақыл тұрғысынан адамдардың көңілінен орын тапқан және адамның табиғаты құптаған ғұрып»,- деп анықтама береді. Ал, ханафи ғұламасы Ибн Абидин:
Әдет-ғұрып – Құран, сүннет және сахабалардың пәтуәларында кездеспейтін қандай да бір қалыптасқан жағдайдан шығудың жолы табылмаған кезде ғұрып дәлелге саналады. Өз кезегінде ғұрып – «дұрыс» және «бұрыс» болып, екіге бөлінеді. Дұрыс ғұрыпқа – шариғатқа қайшы келмейтіндер, ал бұрыс ғұрыпқа – діни негіздерге томпақ келетін ғұрыптар жатады. Сондықтан, әдет-ғұрып Құран, сүннет, ижма және сахабалардың амалдарына теріс келмеуі шарт. Әбу Ханифа үкім берерде адамдардың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы келмесе оны дәлел ретінде санаған.
Әбу Ханифа мәселелерді әуелі қияспен, егер қиясқа сай келмесе, истихсанмен бағамдайтын. Ал истихсанмен шешілмесе, жергілікті халықтың әдет-ғұрпын ескеретін. Өйткені, әр халықтың өзіне тән әдет-ғұрпы бар. Бес саусақ бірдей емес. Сол секілді әр халықтың өз салт-дәстүрі бар. Осы ретте «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген тәмсілдің белгілі бір шындықты меңзеп тұрғанын аңғаруға болады. Адамзаттың түрлі ұлт, ұлысқа бөлінуінің өзі – Жаратқанның қалауы. Бұл шындық Құран кәрімде: «Бір-біріңді танып-білуің үшін Біз сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» – (Хұжырат сүресі, 49/13-аят) деген аятта ашық айтылған. Осыған орай, әр ұлттың өзіне тән әдет-ғұрпы болатыны да айдан анық. Қандай да бір ұлтты екіншісінен түр-түсі ғана емес, тілі мен әдет-ғұрпы да ерекшелеп тұрады. Әбу Ханифа мәзһабында осының бәрі егжей-тегжейлі ескеріле отырып, өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын тиімді пәтуәлар берілген. Әдет-ғұрып шариғатта дәлел және үкім ретінде қолданылады. Шариғатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, алайда, халықтың нанымына айналып, ғасырлар бойы тұрмыс-тіршілігінен бықсып жанған шаладай көңірсіп көрініс тапқандары «бұрыс» әдет-ғұрыпқа жатады. Мысалы: ішімдік ішу, құмар ойындары, пайыз секілді харам әдеттер ерте заманнан елге сіңісті боп кеткендіктен, дін үкімдеріне қайшы келсе де тыйылған жоқ. Бұл секілді қоғамды іштен ірітетін шариғатқа теріс әдеттерге дінімізде орын жоқ.
«Әдет-ғұрып – үкім шығару құралы» деген қағида бар. Имам Малик өзінің пәтуаларында Мадина халқының әдет-ғұрыптарына көп сүйенетін. Ал, ханафи мәзһабында Әбу Ханифаның пәтуасына оның шәкірттерінің пәтуалары бір қарағанда қайшы келетін тұстары болды. Оның сыры Әбу Ханифа өз заманының әдет-ғұрпына ал, шәкірттері өз заманының ғұрпына сүйенді. Мәселен, Әбу Ханифа куәлік мәселесінде жаза және кек алу мәселесінен басқа жағдайда куәлардың сырты әділдігімен шектелді. Өйткені, хадистегі: «Мұсылмандар бір-біріне тең»,-деген сөзді басшылыққа алды. Бұл үкім сол заманға сай болды. Өйткені, қоғамның басым бөлігін ізгі адамдар құрады. Ал, Әбу Ханифаның екі шәкірті имам Әбу Юсуф және имам Мұхаммед заманында өтірік айту ел ішінде белең алды. Сондықтан, Әбу Ханифаның пәтуасына жүгіну қоғам ішінде ақиқат орнатуға тиімсіз болды. Сондықтан, ол екеуі куәлардың әділ және шыншыл екенін дәлелдеу керектігін талап етті. Ал, имам Шафиғи Мысыр еліне көшіп барғанда, әуелгі Бағдат қаласында шығарған үкімдерін өзгертті. Өйткені, Бағдат халқының әдет-ғұрпына Мысыр жұртының әдет-ғұрпы сай келмейді. Міне, сондықтан имам Шафиғидің: ескі және жаңа екі мәзһабы болды. Ақ пен қараны ажырата білген бабаларымыз жақсыны алып, жаманын тастап, уақыт пен ұлттық иммунитет сүзгісінен өткізіп, осы уақытқа дейін ғасырлар бойы наурыз мейрамын атап өтуі бекерден емес. Қазіргі наурыз мерекесіне назар аударатын болсақ, формасы мен мазмұны мүлдем бөлек. Яғни, мерекенің формасы мен мазмұнында отқа табыну, құдайға серік қосу, ислам шариғатына қайшы келетін амал жасау кездеспейді. Керісінше, «Көрісуден» бастау алатын бұл ұлыс мейрам – адамдардың қыс уақытынан аман шығып, бір-бірімен амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, кішілерге ілтипат білдіретін атаулы күн. Туыстық қатынасты жалғайтын, көршілердің бір-біріне қонаққа барып, сыйлық алып, сыйлық беріп, амандық сұрасатын ғұрып. Ал бұл өз кезегінде, адамдар арасын жақындастырып, жүректеріне мейірім, сүйіспеншілік ұялатып, бауырмашылықты арттыратыны сөзсіз. Дініміздің талабы да осы.
Кейбір үкімдер Құранда және хадисте жалпылама айтылғанымен, оның нақты шегі мен шешімі белгіленбегендіктен, ондайда әдет-ғұрып дәлелге саналады. Мәселен, «Ананың тиісті қорегі мен киім-кешегі баланың әкесінің мойнына міндет…» (Бақара сүресі, 2/233 – аят) деген аяттағы нәпақаның мөлшері нақты айтылмағандықтан, жергілікті мұсылман халықтың әдет-ғұрпы есепке алынады.
Қорытындылай айтсақ, әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуә беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – Ислам құқығының динамизмін,барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі.
Еркебұлан Серікбаев Тәжібай ата мешітінің имамы