Мұсылман пенде өзіне не өзінің бір жақынына ажал жетіп, дүниеден өткенде: «Барлық жаратылыс – Алланың иелігі. Алла берді, Алла алды. Бәріміз де Алланікіміз әрі түбінде Аллаға қайтамыз», – деп көркем түрде сабыр етуі керек.
Өлімге сабырсыздық қылу, қатты дауыс көтеріп жоқтау, киімін жыртып, шашын жұлу – нағыз надандықтың көріністері, дінсіз қауымдардың әдеттері. Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді:
«Маңдайы ұрған, киімін жыртқан, надандық дәуірдің әдетін келтірген бізден емес». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
Егер мәйіттің артындағы туыстары дауыс салып жоқтап, иманға, тағдырға қарсы, яғни Алланың ісіне қарсы шектен шығатын күпірлік сөздер айтатын болса, оның салдарынан марқұмның азапталуы ықтимал.
Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Өзіне айтылған жоқтаудың себебінен мәйіт қабірінде азапталынады», – деген. Мүслім риуаяты.
Бұдан шариғат бойынша өлген кісіге қайғыруға мүлде болмайды деген түсінік тумауы керек. Қайғырудың да өз жөні бар. Пайғамбар (с.а.с.) жақыны үшін қайғырған. Алайда барлығы иман шеңберінен шығып кетпеуі керек.
Алланың елшісі (с.а.с.): «Расында Алла көздің жасы үшін, жүректің қайғыруы үшін азаптамайды. Алайда мына нәрсемен азаптайды, мына нәрсемен рахым етеді», – деп қолымен тіліне нұсқаған. Бұхари, Мүслім, Ибн Хиббан риуаят еткен.
Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың елшісімен (с.а.с.) бірге Әбу Сәйф әл-Қайынның үйіне кірдік. Ол Пайғамбардың (с.а.с.) ұлы Ибраһимді бағушы еді. Алланың елшісі (с.а.с.) Ибраһимді көтеріп алып, сүйіп, иіскеді. Содан кейін біраз уақыт өткен соң қайта бардық. Ол кезде Ибраһим жанталасып жатыр екен. Алланың елшісінің (с.а.с.) көздерінен жас тама бастады. Абдуррахман ибн Ауф (р.а.): «Уа, Расулалла! Сіз де жылайсыз ба?» – деді. Сонда ол (с.а.с.): «Уа, Ауфтың ұлы! Шынында бұл – мейірім жасы», – деді. Сосын келесі жолы барғанда Алланың елшісі (с.а.с.): «Шынында көз жылайды, жүрек қайғырады. Алайда Раббымызды разы қылатын сөзден басқа ештеңе айтпаймыз. Расында сенен айрылғанымызға біз қайғылымыз, уа, Ибраһим», – деді». Бұхари риуаяты.
Расында қаралы хабарды алғаш естігенде не көргенде көркем түрде сабыр ету нағыз сабыр. Ал шектен шығып, күпірлік сөздер айтып болған соң енді сабыр қылдым деу нағыз сабырлылыққа жатпайды. Сабырлының сабыры, имандының шынайы иманы бәле-қаза алғаш төнген сәтте айқындалады. Бұған мына хадис дәлел.
Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) қабірдің басында жылап отырған әйелдің жанынан өтіп бара жатып оған: «Алладан қорық! Сабыр ет!» – деді. Сонда ол әйел: «Әрі кет! Сенің басыңа менің басымдағыдай қайғы түскен жоқ!» – деді. Әйел Пайғамбарды (с.а.с.) танымаған еді. Адамдар әйелге ол кісінің Пайғамбар (с.а.с.) екендігін жеткізді. Сосын әйел Пайғамбардың (с.а.с.) үйіне келді. Есік алдында ешқандай қарауылдың жоқтығын көрді. Ол әйел Пайғамбарға (с.а.с.): «Мен сізді танымаған едім», – деген уәж айтты. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Расында нағыз сабыр ету алғашқы соққыда (яғни, қаза алғаш келген сәтте) болады», – деді. Бұхари риуаяты.
Қазаға көркем түрде сабыр етіп, әр нәрсенің есебін бір Алладан күткен пенде жәннатпен сүйіншіленеді.
Әбу Мұса әл-Ашғариден Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Пенденің баласы қайтыс болғанда Алла Өзінің періштелеріне: «Пендемнің баласын алдыңдар ма?» – дейді. Олар: «Иә», – деседі. Алла: «Жүрегінің жемісін жұлып алдыңдар ма?» – дейді. Олар: «Иә», – деседі. Алла: «Менің пендем не деді?» – дейді. Періштелер: «Ол Сені мадақтады және «Иннә лилләһ уа иннә иләйһи ражиъуун» («Біз Алланікіміз және Оған қайтамыз») деп айтты», – дейді. Сонда Алла: «Ол пендеме жәннаттан бір үй салыңдар және оны әл-Хамд (мадақ) үйі деп атаңдар», – деп бұйырады». Термези риуаяты.
Шымкент қаласы орталық мешіті