Исламда дүние, иман мен амалдың мекені болса; ақырет – есеп пен әділдік мекені. Сондықтан да Құран Кәрімде көбінесе дүниедегі істер айтылғанда, артынша ақырет, ал ақыретке байланысты істердің артынан дүние істері айтылып отырады. Яғни біреуі айтылған кезде міндетті түрде екіншісі айтылады. Мысалға:
«Ей, мүминдер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауданы қойыңдар. Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы. Намаз оқып болған соң жер жүзіне таралыңдар да (шаруаларыңа тарап) Алланың мейірімінен несібе іздеңдер. Мақсатқа жетеміз десеңдер, Алла жолына көп дұға айтыңдар». (Жұма сүресі, 62/9-10)
Ақырет есебін ойлана отырып, жанұясының азығын адал еңбекпен табудың өзі құлшылық болып саналады. Қолынан іс келе тұра өзгелерге жүк болып қол жаю, Ислам бойынша бұрыс. Еріншектік, масылдық пен бейшаралық секілді ұнамсыз керітартпа қылықтарға Ислам жүйесінде орын жоқ. Еңбек ету, тазалық, сақтық пен ұшқыр ойлылық сықылды жақсы қасиеттер мұсылманның өмір сүру философиясы.
Құран Кәрімде дүние тіршілігі жайлы түрлі теңеулер келтіріп, айналаңнан ғибрат алуға шақырады. «Бұл дүниенің тіршілігі жөнінде де ғибрат бар. Ол – аққан су сияқты. Біз оны көктен жаңбыр етіп жаудырдық. Сол арқылы жер бетіне ұйысып өсімдік шықты. Одан соң ол қуарып, төгілді, жел ұшырып, жоқ болды. Құдайдың құдіреті бәріне жетеді. Дәулет те, әулет те (балалар да) дүние тіршілігінің зейнеттері. Адамға мәңгі қалатын – ізгі істердің сауабы. Тәңірінің назарында ол бәрінен артық. Үміт деген тіпті жақсы». (Кәһф сүресі, 18/45-46)
«Егер адамдар азбай, бір ғана қауым күйінде болса, рақымды Алланы мойындамағандардың үйлерінің төбелерін және оған шығатын баспалдақтарды күмістен жасап берер едік. Үйлердің есіктері мен дәліздерін де күмістен соғар едік. Олар сол күміс тепкішектерге сүйеніп отырар еді (бұл тек қана дүние үшін айтылған. Ал ақыретте қорқумен, өкінішпен өтеді). Тіпті кейбіреулерін алтыннан жасар едік. Ал соның барлығы – пәни дүниенің әшекейлері ғана. Тәңір қолындағы соңғы игілік (ұжмақ және оның игілігі) тақуаларға бұйырмақ». (Зұхруф сүресі, 43/33-35)
Құран Кәрім мұсылмандарға дүние мәселесінде үнемі ескерту жасап, сақтандырып отырады. Оны мына аяттан байқауға болады: «Сендер үшін Алла жүруге жеңіл етіп жерді жаратты. Сол жерде жүріңдер, Алланың бұйырған ризығын жеңдер. Тірілген соң бәрің Алланың алдына барасыңдар». (Мүлік сүресі, 67/15)
«Ей, мүминдер! Дәулеттеріңе, әулеттеріңе мастанамыз деп сендер Алланың зікірінен (ғибадаттан) құр қалып жүрмеңдер. Кімде-кім солай етсе, ол зиян тартады». (Мұнафиқун сүресі 63/9)
Мұсылмандардың капиталисттер мен материалистер сияқты барлық мәселені қаражатқа тіреп дүние үшін тер төгуінен сақтану үшін дүниені өткінші, ақыретті мәңгілік екенін үнемі еске түсіреді.
«Бұл дүние тіршілігі бір ойыншық, ермек қана. Күдіксіз ақырет жұрты анық тіршілік. Әттең! Олар білсе». (Ғанкебут сүресі, 29/64)
«Дүние тіршілігі еш нәрсе емес. Ойын-сауық ғана, әрине ақырет жұрты олар үшін жақсы. Сонда да түсінбейсіңдер ме?». (Әнғам сүресі, 6/32)
Ислам діні дүниені сынақ әлемі деп есептейді. Яғни дүниеде қол жеткізген барлық малдың, байлықтың есебі берілетіндігін айтады.
«Сендердің қайсыларыңның істерің ізгі екенін сынау үшін Алла өлімді және өмірді жаратты. Ол – үстем әрі өте жарылқаушы». (Мүлік сүресі, 67/2)
«Негізінде малдарың және балаларыңды сын деп біліңдер, Алланың қасында зор силық бар». (Әнфал сүресі, 8/28)
Ислам діні игі іс істегеннің өзінде де өте сақ болу керектігін ескертеді. «Ей, мүминдер! Алланың сендерге адал еткен жақсы нәрселерді арам етіп шектен аспаңдар. Шынында, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді. Алланың сендерге берген адал таза несібесінен жеңдер, сондай-ақ өздерің иман келтірген Алладан қорқыңдар». (Мәида сүресі, 5/87-88)
Бұл аяттың тәпсірінде Елмалылы Хамди Языр есімді мүфәссір (тәпсір ғалымы) былай дейді: «Алланың берген нығметтерін ұнатпай, бас тарту опасыздық болса, дүниенің нығметін дүние қоңыздықпен жинап сараңдыққа бой алдыру Алладан және ақыреттегі қымбат сауаптардан мақрұм қалады».(Хак дили Куран дили, ІІІ/1799.) Осы аятты мына бір оқиғаға байланысты түскен дейді: бір топ мұсылман Пайғамбарымыздың әйелдеріне барып оның қалай құлшылық қылатындығын сұрайды. Жауабын алғаннан кейін өздерінің амалдарының өте аз екенін біледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) барлық күнәлары кешірілсе де, осылай құлшылық қылады екен. Біздікі оның қасында түкке де тұрмайды екен деп өзара әңгіме құрады. Сөйтіп олардың біреуі: «мен бұдан былай түн бойы ұйықтамай намаз оқимын» -дейді. Екіншісі тұрып: «мен де үнемі ораза тұтамын»-дейді. Үшіншісі тұрып: «Мен де әйел затына жоламаймын, үйленбеймін» -деп, үшеуі осындай келісімге келеді. Бұл әңгіме Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құлағына шалынғанда, оларға былай дейді:
– Осы әңгімені айтқан сендер ме? Алланың атымен ант етемін, Мен Алладан барлықтарыңнан артық қорқамын әрі өте сақтықпен жүремін. Ораза ұстап ауыз ашамын, намазды оқып ұйқым келгенде ұйықтаймын, әйелдермен де үйленемін. Кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса ол менің үмметім емес». (Риязус Салихин І,175. әт-Тач, ІІ, 278.)
Ислам иләһи (тәңірлік) дін болғандықтан көздеген мақсаты, өз жолындағыларды екі дүние бақытына жеткізу. Осындай негізгі мақсаттың іске асуы үшін екі өмірге де бірдей дәрежеде көңіл аудару негізгі жайт болып саналады. Құран Кәрімде «дүние» сөзі 115 рет «ақырет» сөзі 115 рет айтылған. Екеуі де бірдей дәрежеде. Сондай-ақ «өмір» сөзі мен «өлім» сөзі де 145 рет теңдей айтылуы таң қалдырмай қоймайды. (Әл-Мужемул-мүфеһрес Ли әлфазил Кұранил-Карим, 262-263.) Бұл жайт бізге Ислам дінінің бір жақтылыққа салынбай тепе-теңдікті ұстайтындығын көрсетеді.
Тағы бір айта кетерлігі біреуінің уақытша, екіншісінің мәңгілік екендігін назарда ұстау әділеттілік жөнінен өте маңызды. Құран Кәрімнің дүние мен ақыретті тең дәрежеде бағалауы мынадай екі негізге сүйенеді: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі нәсібіңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе! Алла бұзақыларды сүймейді». (Қасас сүресі, 28/77)
Исламның өмірге деген көзқарасы болып табылатын «ақыретті іздеу, дүниені ұмытпау» аятында үш мәселе қамтылады:
1. Алланың дүниедегі берген мүмкіншілігін пайдаланып ақыреттегі өмірді жақсарту …
2. Дүниедегі өмір үшін дүниенің нығметтерінен пайдалану.
3. Жақсылық істеу, бүлік шығармау, ақиқатты жақтаушыларға бас көтермей ақиқат жағына шығу.
Соңғы екі тармақ ақыретті іздеуге жөн сілтеп бір мағынаны меңзейді. Яғни «жалған дүние деп немқұрайлы қарамау керек. Өйткені мәңгі әрі шексіз ақыреттік өмірің осы дүниедегі ісіңе байланысты» деп тұрғандай … Бұл ойды Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисі қуаттайды: «Өміріңізге мән беріңіз. Ертең өлетіндей ақыретіңізге де дайындалыңыз». (Фейзул қадир фи шерки Жамиис-сагир, 1/532) Дүниенің ісіне мән бермей, дін мен ақырет істерін қалай істеу керектігін білмей басы қатқан Ханзала есімді сахабаға Пайғамбарымыздың алдына ақыл сұрап келгенде мынадай жауап естиді:
– Ей, Ханзала! Бір сағат құлшылықпен ақыретке (байланысты іспен) бір сағат дүние ісімен шұғылдансаң жеткілікті болады…!» (Риязус-салихин, 1/188) Ханзаланың айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы сөзін үш рет қайталаған екен. Қайталаудағы басты мақсаты дүние мен ақыретті теңдей ұстауға көңіл бөлу керектігін көрсетеді.
Құран Кәрімдегі нығмет жайлы аяттарда үнемі дүние мен ақыретті тең дережеде ұстайды. Егер аятта жер бетіндегі нығметтерге мән беру жайлы айтылар болса, осының артынан ақыреттегі нығметтердің әлдеқайда қайырлы екендігін баяндайтын аяттар кездеседі. Мәселен, құлшылық ете жүріп, дүниедегі нәсіпті қалай аламыз деп Пайғамбарымыздан сұрап келгендерге Пайғамбарымыз Жұма сүресінің 11-аятын оқып беретін: «Алланың қасындағы нәрселер ойыннан да саудадан да жақсы». Осы аяттан алдындағы аятта: «Намаз оқылғаннан кейін жер жүзіне таралыңдар да, Алланың мейірімінен несібе іздеңдер», деп тепе-теңдіктің қағидасы ұсталған. Өйткені Ислам діні мифтік сенім немесе философия емес. Ол Алланың ешқандай өзгертуге келмейтін толық ақиқаты. Ондағы айтылған үкімдер мен қағидалар адамның жан мен тәніне бірдей қарайды. Егер Исламның қойған жүйесіне қарар болсақ, екі дүние арасындағы теңдікте ешқандай қарама-қайшылық таба алмайсың. Осы теңдікті өмірдің негізі деп санағандықтан бұл жайтқа ерекше назар аударған. Сондықтан намазда ықлас-ниет пен иіліп тағзым етіп істеген әрекеттеріміздің барлығы даналыққа жетелейді. Мұны сүтке ұқсатуға болады. Исламның таза сүтінде сүт пен май бар. Осы екі элемент құрамы әр түрлі бола тұра бірігіп тамаша қорек болып тұр.
Ал Пайғамбарымыздың хадисінде дүние мен ақырет бірдей болу керектігі былай айтылған: «Сендердің ең қайырлыларың ақырет үшін дүниесін, дүниесі үшін ақыретін кері тастамай екеуін бірге алып жүргендерің. Өйткені дүние ақыретке жеткізетін басты себебші. Адамдарға жүк болмаңдар».(Рамазул-еһадис, 363; ислам, 364, Ажлуни, Кешфул-һафа, І, 393)
Дүние ақыретке жеткізуші болғандықтан екеуін бірге ұстанған жөн. Екеуінің де өздеріне тиісті орны мен мән-маңызы бар. Оны былай түсіндіруге болады. Университеттен мектептің деңгейі төмен. Университетке тапсыру үшін қолыңда мектеп бітірді деген куәлік болуы қажет. Онсыз университетке қабылдамайды. Мектептің деңгейі төмен бола тұра өзіндік орны бар екені байқалып тұр. Сондықтан да мектеп пен университетті теңестіре алмағанымыздай дүние мен ақыретті де бір-бірінен тең немесе одан жоғары санауға болмайды. Өйткені Ислам барлық нәрсені өз қасиеті мен орнына қарай бағалайды. Бірін жоғары бірін төмен деп санап, бөліп-жаруға мүлде қарсы. Исламда шектен шығу үлкен ағаттық әрі бүлік болып саналады. Құранда мұны былай баяндайды:
«Шынында, Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді». (Бақара сүресі, 2/190)
Алла Елшісі дүниені шектен тыс жақсы көріп, сынақтан сүрінетін мұсылмандардың жағдайына қатты алаңдаушылық білдірген еді. Өйткені Алла пенделері үшін жаратқан дүние нығметтері мен рызықтарына ең алдымен иманды жандарды лайық көрді: (Мұхаммед с.а.с.): «Алланың құлдарына көркем етіп шығарған нәрсесін (киімін) және берген жақсы несібелерін кім арам етті» де. «Бұл несібе дүние тіршілігінде иман келтіргендер үшін. (Алайда кәпірлер де ортақ) Қиямет күні мүминдерге ғана» де». (Aғраф сүресі, 7/32.) Сондықтан адам әлбетте, дүние тіршілігі үшін де еңбек етеді. Құранда былай баяндалған: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді ұмытпа!» (Қaсaс сүресі, 28/77.) Ең бастысы, өткінші нәрсенің соңына түспей, баянды әрі бағалыны елеусіз қалдырмаса болғаны. Өйткені Алла Тағала: «Дүниенің пайдасы аз ғана. Тақуалар үшін ақырет жақсы» (Ниса сүресі, 4/77.) және «Шын мәнінде, бұл дүние тіршілігі, уақытша пайдалану. Сөзсіз ақырет, ол – тұрақты жұрт» (Мүмін сүресі, 40/39.) деген аяттары арқылы дүние тіршілігінің өткінші екендігін баяндаған.
Құран Кәрім бойынша дін мен өмірді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ислам бізге мәдениеттіліктің ең жоғары үлгісін көрсетеді. Өмірдің әр түрлі саласындағы кез келген мәселелердің шешімін беріп, кемшіліксіз ештеңе қалдырмайды. Исламның әмір мен тыйымдарының барлығында адамдық қалыпты сақтаудың маңызды ролі бар. Алла Тағала адам баласының жаны мен тәнін тазалап, ең төменгі дәрежеден жоғарыға, хайуандық өмірден пәк өмірге жетелейді. Жер бетінде сұлтан болып ел басқару мен құл болып жалдану да адамның еркіне берілген.
Берік Қалдаров Еңбекші ауданы орталық «әл-Біләл» мешітінің бас имамы