Шымкенттегі сапары барысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шаһардағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне арнайы атбасын бұрып, білім ордасының заманауи тынысымен танысқан болатын. Ең алдымен университет ішіндегі музейді аралап, кейін «Мұхтартану» ғылыми орталығына келді.
Мұнда Бас мүфти аталған орталықтың жетекшісі, өмірінің 50 жылдан аса уақытын Абайтану іліміне арнап келе жатқан белгілі ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметовпен кездесіп, арнайы сұхбаттасты.
Ғалым Абайтану іліміндегі жаңалықтарымен бөлісіп, оның ихсан ілімі, дін туралы жазбалары жайлы тілге тиек етті. Бүгінде өзінің бастауымен ашылған «Мұхтартану» ғылыми орталығының жұмысымен таныстырып, ондағы ғалымдардың еңбегіне тоқталды. Сұхбат соңында Мекемтас Мырзахметов өзінің соңғы шыққан жаңа кітабын Бас мүфтиге сыйға тартты. Өз кезегінде Діни басқарма төрағасы жасы 90-нан асқан абыз ақсақалға денсаулық тілеп, алғысын жеткізді.