Барша мұсылмандардың құлшылық- ғибадат пен қайырымдылықты тағаттана жасайтын қасиетті Рамазан айы! Бұл айда амалдардың еселеніп, көбейетін сауабқа кенелетін мүмкіндіктің қазынасы. Одан басқа адам баласы рухани өзгеріп, жақсылыққа жол тауып, өмірін өзгеріске түсіретін қайнар бұлақ деуге де болады. Алла тағала өзінің Қасиетті сөзінде;
إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ
«Расында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік».
Ал “Қадыр”, “Қадар” сөздерінің мағыналарына тоқталар болсақ; “тағдыр”, «үкім кесілетін түн», «абырой, ұлылық, орасан зор», «сығылысу, нығыздалу», «абырой, бедел» деген ұғымдарды білдіреді. Құран Кәрімде «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады» деп бұйырылады. Осыған орай, Қадір түнінде Алланың тағдырды үкім ететін мезгілі, яғни әуелгі тағдырдың ләухул-махфузға жазылғанын болмаса түсірілгендігін баян етуде. Ғалымдарымыз «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады»-деп келтірген. Алланың әмірімен бүкіл періштелер осы кеште көктен жерге түскенде, ұшы-қыйыры көрінбейтін жаһанның өзі олар үшін тарлық болып қалады. Алла әмірімен түскен періштелердің көптігінен жер беті де тарлық жасап, сығылысып қалады. Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады»
Сонымен қатар, Қадыр түні – ұлық және аса қасиетті кештердің бірі болып табылады. Ал осы кеште жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жыл төрт айға тең болады. Сондықтан мұсылман баласы Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады. Алла тағала бұл хақында Құранда:
لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ
«Қадір түні мың айдан да қайырлы», – деп баяндалады. Пайғамбарымыз с.а.у. үмметтерінің жастары алпыс пен жетпістің арасында болатындығын айтқан. Ал кейбірінің ғана өмір жастары жұзге таяп дүние салатынын жеткізген.
Бір күні Пайғамбарымыз с.а.у сахабаларға Исрайл ұрпақтарының төрт адамны Алла разылығы үшін сексен жыл тоқтаусыз жиһад жасағандығын айтады. Оларға Алла тағала берген ұзақ өмір бізге де берілгенде еді. Бар өмірімізді Өзіңнің жолыңа арнар едік деп өкініштерін жеткізген болатын. Осы сәтте, Жебірейіл а.с періште Пайғамбарымызға с.а.у «Қадыр түнінің не екенін білесің бе. Қадыр түні мың айдан да қайырлы» – деген аятты түсіріп, Жебірейіл а.с. «бұл сенің үмбетің таңдай қағысқаннан да жоғары» дейді. Пайғамбарымыз с.а.у осы аятты сахабаларға естірткенде, олардың қуанышында шек болмады. Ал сендердің өмір жастарың қысқа болса да, бірақ құлшылық – ғибадаттарыңының сауабы алғашқы өткен адамдардың өмірінен асып кететіндігін айтты.
Осындай ұлы нығметтерді Алла өзінің сүйікті елшісі мен үмметтеріне нәсіп етті. Бұл кеште періштелер Алланың құлдарын аралап, қандай құлшылық-ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. «Раббыларының рұқсатымен», «Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады». Алладан әмір болғанда періштелер көкке көтеріледі. Сонда бір періште Жәбірейіл а.с. Алла тағала Мұхаммед с.а.у. үметтерінің қаншасының дұға тілктерін қабыл етті?-деп сұрайды. Аяттағы «сәләм» амандық, саламат мағынасында берілген жағдайға байланысты баршасының тілектерін қабыл етті дейді. Егерде мына бес кісі де шынайы тәубемен жалбарынған болса олардың да тілектері қабыл болды. Олардың біріншісі Аллаға ортақ қосушының. Екіншісі ата-аналарының бірін ренжіткен. Үшіншісі туған-туыстармен қарым-қатынасты үзген. Төртіншісі сәуегөй, балшы, көріпкелге сенуші. Бесіншісі араққұмар деді. Алланың осы құлдары шын ықылас ниеттерімен тәубе еткен болса, баршасының тілектерін жаратушы Раббым қабыл алды- деп көкжиекке көтеріліп кете барды.
«Сол түні таң бозарып атқанға дейін» -деп келген аятта Алла тағала адамзатты қараңғылықтан жарыққа бөлегенін білеміз. Жүректің нұрланып болашағымызға жігерленіп, өзімізді өзгертіп, отбасы, ошақ қасынан ұрпағымызды тәрбиелеп, егемен еліміздің өнегелі жанұсы болуды нәсіп етсін!
«Halifa Al- Nahaian Aqmeshiti» бірінші найб имамы М. Ақтамберді