taspi tartudin ukimi

taspi tartudin ukimi

 

Негізінде тәспі – моншақ, тас, қандай да бір жемістің сүйегі, т.б. заттардан жасалады. Тәспі жақсылық жасауға дәнекер болып есептеледі. Шариғатта мынадай бір қағида бар: «Жақсылыққа негіз болған дәнекер, сол жақсылықтың үкімін алады» [الوسائل لها حكم المقاصد]. Себебі, тәспі зікірді жеңілдетеді. Демек, шариғи тұрғыдан тәспі ұстауға рұқсат етіледі. Әсіресе, мұсылман кісі зікір санауда қателесетін болса, тәспі ұстауы лайықтырақ болады. Бұған дәлел боларлық сахих хадистер бар.
Сахаба Сағд ибн Аби Уаққастың (р.а.) айтуы бойынша: «Ол Алла елшісімен бір әйелдің үйіне кірген екен. Ол әйелдің алдында зікір ететін тастары немесе жеміс сүйектері жатқан еді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен саған бұдан да жеңілдеуін әрі абзалын үйретейін бе?», – деді.
«Көктегі жаратқанның санындай «Субханаллаһ» [Алланы барша кемшілік атаулыдан пәктеймін!], жердегі жаратқанның санындай «Субханаллаһ», екеуінің арасындағыны жаратқандай «Субханаллаһ», Алланың жарататынының санындай «Субханаллаһ». Дәл сондай «Әлхамду лиллаһ [Аллаға шүкір]», дәл сондай «Аллаһу акбар» [Алла ең ұлық], дәл сондай «Лә иләһа иллаллаһ» [Алладан өзге (құлшылыққа лайық) тәңір жоқ], дәл сондай «Лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ [Күш, құдірет тек Алладан]», – деді» [Хадисті имам Әбу Дәуіт және имам Тирмизи риуаят еткен].
Мән беріп қарасаңыз, Пайғамбар (с.ғ.с.) әйелдің зікірде тас қолдануына тыйым салмаған, бар болғаны зікірдің оңай жолын үйреткен.
Аллаға иман келтірген құлдардың анасы, пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) жұбайы Сафия (р.а.) былай дейді:
«Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с.) бөлмеме келді. Менің алдымда Алланы зікір ететін төрт мың құрма сүйегі жатқан болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) маған қарап: «Ей, Хуайдың қызы! Алдыңда жатқан бұл не?», – деп сұрады.
Мен: «(Бұл құрма сүйектері арқылы) Алланы зікір етемін», – деп жауап бердім.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен сенің жаныңда тұрғаннан бері сенен көбірек Алла Тағаланы зікір еттім», – деді.
Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Оны маған үйретіңізші!», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Субханаллаһи’ адада халқиһи» (Аллаһ Тағаланы қанша жаратылысы бар болса, соншалықты тасбих етемін деп айт», – деді [Хадисті имам Тиримизи риуаят еткен].
Хадис мәтініне зер салып оқысаңыз, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сафия анамызға (р.а.) бұл дұрыс емес немесе бұл бидғат, болмаса тыйым салынған деп айтқан жоқ.
Қасым ибн Абдуррахман (р.а.) сахаба Абу Дарданың (р.а.) құрма сүйектерін салып жүретін бір дорбасы болғандығын, таң намазын оқыған соң, әлгі дорбадағы сүйектерді бір-бірден шығарып, Алланы зікір ететіндігін риуат еткен [Имам Ахмад ибн Ханбал «Зуһд» атты еңбегінде риуаят еткен].
Дәл осындай сарындағы риуаяттар Абу Сағид ал-Худридан, Сағд ибн Аби Уаққастан, Фатима бинт Хусейннан, т.б. ардақты сахаба, табиғиндерден жеткен.
Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Абидин (р.а.) былай дейді: «Автордың «Тәспі ұстаудың еш мәкруһтігі жоқ дегені мынадай… шариғи тұрғыдан рұқсат етілгендігінің дәлелі имам Әбу Дәуіт, имам Тирмизи, имам Нәсаий, имам Ибн Хиббан Сағд ибн Уаққастан (р.а.) риуаят еткен хадис. Сахаба Сағд ибн Аби Уаққастың (р.а.) айтуы бойынша: «Ол Алла елшісімен (с.ғ.с.) бір әйелдің үйіне кірген екен. Ол әйелдің алдында зікір ететін тастары немесе жеміс сүйектері жатқан еді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен саған бұдан да жеңілдеуін әрі абзалын үйретейін бе?», – дейді.
Аталмыш хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) зікір етуде тас немесе құрма сүйектерін қолдануда әйелге тыйым салмаған. Бар болғаны абзалын және жеңілдеуін үйреткен. Егер қолдану «мәкрүһ» болса, пайғамбар (с.ғ.с.) баян етер еді. Тәспінің осы хадисте мазмұнында айтылғаннан айырмашылығы – жіпке тізілуі. Ал (тастардың жіпке түзілуі) тәспіні тартуға болмайды деген мағынаны білдірмейді» [ Хашияту ибн Абидин, 1-том, 650-651 беттер].
Айта кетерлік жайт: Алланы зікір еткенде тәспі ұстаудың артықшылығына арнайы еңбек жазған ғалымдар да бар. Олар:
1. Хафиз Жәләлуд-дин әс-Суюти әш-Шафиғи. Еңбегі: «әл-Минхату фис-Субхати». 2. Хафиз Мұхаммед ибн Ғиллан әш-Шафиғи. Еңбегі: «Иқадул-Масабих». 3. Шейх, ғұлама Әбул-Хасанат әл-Лакнауи әл-Ханафи. Еңбегі: «Нузһатул-фикр фи субхатиз-зикр.
Міне, осы жоғарыда келтірілген мағлұматтар тәспі ұстаудың шариғатқа қайшы емес екендігін көрсетеді.

 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

muftyat.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38