Қазақ халқында әрбір ауылда, әрбір руда өзінің молдасы, діни жетекшісі, пірі, ұстазы болды. Олардың біразы Орта Азияның діни медреселерінде, одан ары араб елдерінде діни оқу орындарында, медреселерде көптеген жылдар бойы Ислам дінінен терең білім алып келген ұстаздар болатын. Ондай ұстаздарға деген сый-құрмет ерекше болды. Ел жақсылары оларды алдын ала шақырып, үй-жайымен, мал-дүниемен қамтамасыз етті. Айрықша ардақтап, қызмет көрсетті. Білімін балаларға, қауым-жұртқа үйрету үшін барлық жағдайын жасап, дүниелік жағынан мүлде алаңдамайтындай жағдай туғызды. Алаш жұртындағы білімге, діни адамдарға деген құрмет сондай болды. Бұл нағыз мұсылманшылықтың көрінісі. Ислам тағылымында ұстазды құрметтеу үлкен сауапты іс болып саналады. Қазақ халқында ұстаз туралы мынадай қанатты сөздер қалыптасқан. «Ұстазсыз шәкірт тұл». «Ұстазы жоқтың ұстазы шайтан». «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». «Ұстаздан ұлағат».

Білім мен ұстазға деген осындай игі дәстүр Құран Кәрім мен хадистердегі өсиеттерден алынған.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَمَا كَانَ الْمُؤْمِنُونَ لِيَنْفِرُوا كَافَّةً فَلَوْلا نَفَرَ مِنْ كُلِّ فِرْقَةٍ مِنْهُمْ طَائِفَةٌ لِيَتَفَقَّهُوا فِي الدِّينِ وَلِيُنْذِرُوا قَوْمَهُمْ إِذَا رَجَعُوا إِلَيْهِمْ لَعَلَّهُمْ يَحْذَرُونَ﴾ 

Мысалы, Алла Тағала мүміндерге: «Мүміндерге жорыққа бүтіндей аттануларына болмайды. Дінді үйренулері үшін әрі қауымдарына қайтып оралған кездерінде оларды ескертулері үшін әрбір қауымнан бір топты (білім алуға) неге аттандырмасқа? Бәлкім, сонда олар (қауымдары) сақтанар» – деп бұйырған[1].

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَلاَ إِنَّ الدُّنْيَا مَلْعُونَةٌ مَلْعُونٌ مَا فِيهَا إِلاَّ ذِكْرَ اللَّهِ وَمَا وَالاَهُ وَعَالِمًا أَوْ مُتَعَلِّمًا». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ وَابْنُ مَاجَه.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Шындығында, бұл дүние опасыз және оның ішіндегінің бәрі де опасыз (терістелген). Тек Алланың зікірі мен соған қатысы барлар, білімді не үйренуші ғана олай емес», – деген[2].


[1] Тәубе сүресі, 122-аят.

[2] Термези, Ибн Мәже риуаят еткен.

Дін мен дәстүр кітабынан алынды. ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38