Жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның біреуі – Абдуррахман ибн Ауф. Пайғамбарымызға алғаш иман еткен кісілердің сегізіншісі болған ол хазіреті Әбу Бәкірдің себепкерлігімен Исламды қабылдаған. Піл жылында дүниеге келген Абдуррахман ибн Ауф Пайғамбарымызбен түйдей құрдас еді.
Мұсылман болғанға дейінгі Абдулқағба есімін Алла Елшісі Абдуррахман деп өзгертті. Ол әрі Эфиопия, әрі Мәдинаға һижрет ету арқылы екі бірдей даңққа ие болған сахабалардың бірі.
Меккеден Мәдинаға һижрет жасаған кезде Алла Елшісі мәдиналық ансар мен меккелік муһажирлерді бауырластырды. Ансарлар меккелік бауырлары үшін өз бауырларына да көрсетпеген жақсылықтарын үйіп-төгіп, оларды үйіне, дүние-мүліктеріне ортақтастырды.
Абдуррахман ибн Ауфқа Сағд ибн Рәби бауыр деп танылды. Оның жасаған ұсынысы мәрттіктің теңдессіз үлгісі болды. Ол Абдуррахман бауырына:
– Бауырым, мен Мәдинаның ең ауқаттысымын. Мал-мүлкімнің жартысы сенікі болсын. Екі әйелім бар. Қайсысын ұнатсаң, дереу ажырасайын. Сен соған үйлен, – деді. Абдуррахман ибн Ауф та Меккенің саудамен айналысатын бай адамдарының бірі болатын. Әр адамның өзіне ғана шақ келетін шағын болмысы болмақ. Өмірдегі өз орнын аңдаған адам ғана иманын берік ұстай алады. Өйткені ол өз шамасын білгендіктен тәубәшіл, тәуекелшіл келеді. Абдуррахман ибн Ауф та сондай адамдардың бірі. Ол өз бойына құйып қойғандай жарасатын мына жауапты жұптады:
– Бауырым, Сағд! Алла сенің мал-мүлкіңе де, отбасыңа да берекет берсін. Сен маған базардың жолын көрсетсең болды[1], – деп арқасына арқанын іліп, біреуге ауыртпашылық түсірмей, өз күнін өзі көру үшін саудаға кірісіп кетті.
Саудаға бейімі бар Абдуррахман ибн Ауф Пайғамбары-мыздың оған тілеген дұғасымен аз уақыттың ішінде дәулеті шалқыған ең бай мұсылмандардың санатына қосылды. Байығаны соншалықты, жеті жүз түйені жүктерімен қоса Алла жолында бағыштайтын дәрежеге жетті. Өзін де таң-тамаша қалдырған ісінің берекеттігін:
– Қолыма тас алсам, оның алтын мен күміске айналғанын көрдім, – деп білдірген еді[2].
Бәдір шайқасына қатысқан Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) үлкен қаһармандық көрсетті. Пайғамбарымыз шайқастың жан беріп, жан алысқан шағында одан көз жазып қап, айналасындағылардан сұрағанда, сахабалардың бірі:
– Расулаллаһ! Оны таудың етегінде көрдім. Бір топ мүшрік оны қоршап алған екен. Оған көмектескім келді, бірақ сізге жәрдем етуге асықтым, – деген. Ардақты Елші:
– Ол үшін қорықпа. Періштелер оған көмектесуде, – деді.
Пайғамбарымызбен қысқа сөйлескен әлгі сахаба Абдуррахман ибн Ауфты іздейді. Оның жеті адамды өлтіргенін көріп:
– Бұлардың бәрін сен өлтірдің бе?- деп таңырқай сұрады. Хазіреті Абдуррахман:
– Мына екеуін өзім өлтірдім. Бірақ қалғандарын бейтаныс біреу жер жастандырды, – деп Бәдірдегі ұрысқа періштелердің де қатысқандығын растаған еді. Мұны естіген сахаба:
– Алла мен Оның Елшісінің айтқаны рас екен – деп, Алла Расулының (с.а.у.) ақиқатты айтқанына куәлік етті.
Бәдір шайқасынан бастап Тәбукке дейінгі бүкіл шайқастарға жанын салып қатысқан Абдуррахман ибн Ауф Ұхұтта хазіреті Пайғамбарымызды дұшпандардан қорғап еттен қамал өріп, өз денесін қорған еткен адамдардың бірі еді. Жиырма бір жерінен жарақат алса да, қасық қаны қалғанша шайқасуға бекініп, Алла Расулын қорғауға бүкіл жанын салды. Осы ұрыста аяғынан жараланып, ақсақ болып қалады.
Сахабалардың бәрі адамзаттың Ардақтысын (с.а.у.) өз жандарынан да артық жақсы көретін. Мұны оларға үйреткен де Алла Расулының өзі болатын. Ол Пайғамбардан (с.а.у.) көз жазбайтын. Бір күні Пайғамбарымыздың оқшауланып жалғыз шыққанын байқап, басына қатер төнсе, қасынан табылайын деген сақтықпен, Оның (с.а.у.) соңынан жүріп отырады. Кенет Алла Расулы сәждеге жығылды. Сәждесі ұзақ болғаны соншалықты, хазіреті Абдуррахман Оның рухы тәсілім еткенінен қорқып қасына жақындады. Сол сәтте Алла Елшісі сәждеден басын көтеріп:
– Не боп қалды? – деді. Хазіреті Абдуррахман:
– Расулаллаһ! Сәждеңіздің ұзақ болғандығы соншалық, мүбарак рухыңызды тәслім еттіңіз бе?- деп қорықтым,- дегенде Расулаллаһ:
– Маған Жебрейіл келді. «Кім де кім саған салауат айтып сәлем жолдаса, Алла Тағаланың кешірімі мен есендігіне ие болады»,- деді. Мен де сондықтан шүкір сәждесін жасадым, – деді[3].
Хазіреті Абдуррахман күндерінің көбісін ораза ұстап өткізіп, әр жылы қажылыққа баратын. Пайғамбарымыздың дұғасының берекетінің нәтижесінде ие болған ен байлығын Алла жолына бағыштаған кезде қабақ шытпайтын. Бір ретінде қырық мың динар, бес жүз ат және бес жүз жүк түйесін Алла жолына берді. Өзі жұпыны тұрмыс кешіп, үйінде кем-кетік пақырлар үшін үнемі дастарқан жайылатын[4].
Жомарттық дегенде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәуірінде аты еске түсетін сахабалардың ішінде осы Абдуррахман ибн Ауф та бар. Бұл қасиетін өле-өлгенше ұстанып өтті. Осы айқын қасиеті үшін де Пайғамбарымыздың сүйіспеншілігіне бөленді.
Әнәстің (р.а.) риуаяты бойынша, бір күні Мәдинаның көшелерінде ел көшкендей дауыстар естілді. Мүминдердің анасы Айша (р.а.): «Бұл не?»,- деп сұрайды. «Абдуррахман ибн Ауфтың керуені ғой»,-деп жауап береді айналасындағылар.
Айша анамыз сол кезде: «Алла Елшісінің: Абдуррахман ибн Ауфты Жәннатқа еңбектеп кіріп бара жатқанын көрдім» дегенін құлағым шалып қалды»,- дейді.
Бұл сөздер Абдуррахман ибн Ауфтың құлағына жеткен кезде: «Егер Жәннатқа түрегеп кіруге шамам жетер болса, бұл керуенді жүктерімен қоса Алла жолына атадым»,- деген[5]. Өмірінің соңына дейін отыз мың құлды азат етіп, Бәдір шайқасына қатысқандарға төрт мың динар беруді өсиет етіп кеткен.
Осы атымтай жомарттығын да місе тұтпай бір күні ол мүминдердің анасы Умму Сәламаға (р.а.) келіп:
– Дүниемнің көптігі мені құрдымға жетелей ме деп қорқамын, – дегенде, Умму Сәлама анамыздан:
– Алайда Алла жолына жұмсалған дүние ондай емес, – деген жауабын естіп барып көңілі орнына түскендей болады.
Барын да, жоғын да Алла жолында жұмсаудағы таңғаларлық жомарттығына, құлшылықта Құрани тереңдігіне, тақуалықта аса ұстамдылығына қарамастан, өзінен де жанкешті сахабаларды еске алып, «ақыретке аттануға әзірлігімді жасай алмадым» деп уайымдап жылайды екен. Күндердің бір күнінде дастарқан басында отырып:
– Менен де қайырлы Мусғаб ибн Умәйр шейіт болғанда бір шапанға оралды. Басын жапқанда аяғы, аяғын жапқанда басы ашылып қалды. Менен қайырлы Хамза да шейіт болғанда осылай болды. Одан кейін байлығымыз көбейді. Жақсылықтарымыздың жемістерін бұл дүниеде тауысып, ақыретке еш нәрсе қалмай ма деп қорқамын,- деп егіліпті[6].
Хижраның алтыншы жылында Алла Расулы (с.а.у.) Тәбук қаласының маңындағы стратегиялық маңызы бар Думатул-жәндәл деген жерді алу үшін жасақталған әскердің басына Абдуррахман ибн Ауфты тағайындап, аттандырар кезінде Пайғамбарымыз өз қолымен басына сәлдесін орап, туды табыс еткеннен кейін:
– Алла Тағаланың атымен Алла жолына аттан. Алланың әмірінен аспа. Зұлымдық етпе. Балаларды өлтірме. Кәлб тайпасын Исламға шақыр. Қабыл етсе, басшыларының қызына үйлен,- деген болатын.
Абдуррахман ибн Ауфтың жүріс-тұрысымен-ақ Исламдық құндылықтардың қасиетін өз ойы мен бойынан көрсетуі арқасында, христиандардың көбісі Исламды қабылдап, қабылдамағандар да жизия* салығын төлеуге көнді. Абдуррахман ибн Ауф Пайғамбарымыздың айтуымен Исламды қабылдаған Кәлб руының басшысы Исбағ ибн Амрдің қызына үйленді.
Алла Елшісінің көзі тірісінде пәтуа берген сахабалардың санатында болған хазіреті Абдуррахман Тәбук соғысында Пайғамбарымыз да арасында болған жамағатқа намаз оқытты. Пайғамбарымыз бір мезет жамағаттан айырылды. Таң намазының шығатын уақыты да таяп қалған соң, сахабалар Абдуррахман ибн Ауфты имамдыққа өткізіп, намазға тұрды. Пайғамбарымыз осы намазға қосылып, Абдуррахманның артында намаз оқыды. Намазды бітірген соң Пайғамбарымыз (с.а.у.): «жақсы оқыттың, дұрыс істедің» деп ілтипатын білдірді[7]. Осылайша ол хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) сияқты Пайғамбарымызға намаз оқытқан сахабалардың бірі болу құрметіне ие болды.
Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) Пайғамбарымыздың мәңгілікке сапарынан кейінгі тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрді. Әбу Бәкір Сыддықтың халифалығы тұсында кеңес мүшесі болған ол халифа Омардың дәуірінде де бұл міндетін жалғастырды. Әбу Бәкір мен Омардың ең жақын көмекшісі әрі кеңесшісі еді.
Хазіреті Омар қайтыс болар кезінде өзінен кейін халифалық лауазымға лайық деп тапқан адамдардың бірі осы Абдуррахман ибн Ауф еді. Халифаның тағайын-далуында жетекші рөл алды. Ол үш күн қатарынан әрі халықтың, әрі сахабалардың көзқарастарын танып білгеннен кейін хазіреті Османды халифа етіп тағайындау керектігін айтып, халифаға алғаш ант берді. Барлығы оның пікірін құптап, Осман (р.а.) халифа болып тағайындалды.
Өмірі дастанға толы Абдуррахман ибн Ауф хижраның жиырма бірінші жылында қайтыс болды. Оның жаназа намазын халифа Осман оқыған. Жаназасын алып бара жатқанда Сағд ибн Әбу Уаққас: «Ей, алып тау!» деп, хазіреті Абдуррахманның (р.а.) дәрежесінің биіктігіне сүйсінеді.
ҚМДБ Шымкент қаласы орталық мешіті баспасөз қызметі
(Саңлақ сахабалар кітабынан)
[1] Бухари, Никах, 7.
[2] Мүснәд, 1:91 .
[3] Усдул-ғаба, 2:416.
[4]Усдул-ғаба, 3:314.
[5] Табақат, 3:93.
[6] Табақат, 1:403.
* Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін мұсылман емес халықтардан оларды қорғау үшін алынатын салым.
[7] Муснәд, 4:247.