Ислам – терең түсініп, ұғына білгенге адамгершілік пен мейірімнің, сыйластық пен құрметтің діні. Мұсылмандардың бір-біріне деген ізеті мен ізгілікке құштарлығы Ислам дінінің түпкі тамыры. Ал, ата-анаға құрмет көрсету әрбір мұсылманның борышы, парызы, Алланың міндеттеп тапсырған аманаты. Қасиетті Құран кәрімде «Алла тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар» дейді. Әрбір адамға өз ата-анасынан асқан жанашыр жоқ, болмақ емес. Әке-шешенің мейірімі алтынға айырбасталмайды. Адам, ана құрсағынан бастап, ес біліп етек жапқанға дейінгі кезеңде әкенің алақаны, ананың мейірімі қамқор болмақ. Олардың перзентіне деген махабаты өлшеусіз. Сондықтан кім болса да әке-шешесін сыйлауға міндетті.
Бірде Әбу Хурайра ради Аллаху әнһу, екі адамның қатар келе жатқанын көріп, бірімен амандасып тұрып, қайсысыңыз үлкенсіз деп сұрайды. Сонда мынау менің әкем деп таныстырады. Сонда Әбу Хурайра ради Аллаху әнһу, өте керемет өсиет айтады. «Ей балам, әкеңнің есімін атама, әкеңнің алдына түсіп жүрме, одан бұрын отырма » деді.
Ешбір пенде олардың алдындағы қарызынан құтылмақ емес. Алланың елшісіне бір адам келіп: Уа, Алланың Елшісі! Менің мал-мүлкім, бала-шағам бар, бірақ әкем мал-мүлкіме мұқтаж болып жатыр дегенде: «Сен де сенің мал-мүлкің де – әкеңдікі», деген. Хазреті Омардан: «Мен қартайған ата-анама қызмет етіп келемін. Осы еңбегіммен олардың ақысын өтедім бе?» деп сұрағанда, «Жоқ» дейді хазреті Омар. «Өтеген жоқсың. Олар сенің адам болуың үшін қызмет етті. Ал сен олар жақында дүниеден өтуі мүмкін деп қызмет етесің». Жаһима р.а. жорыққа шығар алдын Пайғамбарымыздан саллалаһу әлейһи салам кеңес алу үшін алдына келеді. Сонда Алланың елшісі: «Анаң бар ма?» деп сұрайды. Анасының бар екенін білгенде: «Олай болса, анаңның қасында бол, шынында жәннат анаңның аяғының астында» деді. Ата-анаға құрмет көрсету ардың ісі ғана емес, парызға жататын ғибадат. Тіпті Алла жолында жиһад жасаудан да артық саналады. Себебі оларға құрмет көрсету – Алланың тікелей бұйрығы.
Алла тағалам қаситті Құранда: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» десе, тағы бір аятта: «(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де» дейді Алла тағала.
Әрбір ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі сөзсіз қабыл болады. Бұл ақиқат. Бірде Мұса әлеһи салам Алладан жаннаттағы көршісін көрсетуді сұрайды. Оған Алла тағала Жебірейіл арқылы «Сенің жәннаттағы серігің пәленше деген қасапшы» деп жауап берді. Мұса әлгі жігітті іздеп барса, өзгелерден ешбір айырмасы жоқ, күнделікті еңбегімен нәпақасын тауып жүрген жан екен. Мұса әлеһи салам оның кәрі анасын күнде жуындырып, тамақтандырып, мәпелеп бағатынын байқайды. Шешесі оған күбірлеп бата беріп отырады. Мұса әлеһи салам жігіттен шешесінің қандай бата беретінін сұрағанда «шешем маған үнемі, «сені Алла кешірсін, жаннатта Мұсамен көрші қылсын» деп тілеп отырады» дейді жігіт. Сол кезде Мұса: «Алла сенің анаңның дұғасын қабыл етті» деген екен.
«Кімде-кім ата анасын риза қылса, Алланы риза қылғаны, егер ата-анасын ашуландырса, Алланы ашуландырғаны» дейді Пайғамбарымыздың саллалаһу әлейһи салам хадисінде.
«Үш кісінің дұғасы міндетті түрде қабыл болады: жәбірленушінің, жолаушының және ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы» деген Пайғамбарымыз с.а.с. Ата анаға құрмет көрсету парыз әрі шексіз сауап. Ізгілік атаулының заңғар шыңы ата-ананың разылығын алу. Оларға қарсы шығу ең үлкен күнә. Пайғамбарымыз саллалаһу әлейһи салам « Аллағқа серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақ адам өлтіру және өтірік айтуды» ең үлкен күнәлардың қатарына жатқызған. «Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Кайтар орның Мен жақ» дейді Алла тағала. «Ата-анасына қарсы шыққан бала жаннатқа кірмейді» дейді дін ғұламасы Нәсаи.
Қазақ «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген тамаша тәлім бар. Ата-бабамыздың осы тәрбиесі Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың саллалаһу әлейһи салам пәк сүннетімен теңдесіп жатқаны даусыз. Сондықтан ата салты мен Исламның өнегесін үйрене отырып, ата-анаға деген құрметті арттыра түскеніміз абзал. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – асыл дініміз бен салиқалы салтымыздың жас буынға қояр ең басты талаптарының бірі – Жасы үлкенді ізет тұту Исламның басты талабы екенін ұмытпағанымыз жөн. Алла Елшісінің саллалаһу әлейһи салам «Егер араларыңда еңкейген қарттар болмағанда, (істеген күнәларыңның кесірінен) бастарыңа толассыз бәле жауар еді», – деген хадисін әрдайым ойында ұстаған пенденің шалыс баспасы анық. Бұл өмірдің теңдессіз байлығы ата-ана екені анық, ендеше баға жетпес қазынамызды құрметтеуден жалықпайық.
Қазыбек Сарыбаев,«HALIFA AL-NAHAIAN AQMESHITI» мешітінің найб-имамы. Шымкент қаласы.
Пайдаланған әдебиеттер:
Исра:23-24.
Лұқман: 14
Бухари, Шәрикә, 35; Әнбиә, 48; Муслим, Бирр, 7,8;
Тирмизи, Бирр, 7; Дәауат. 47; Ибн Мажә, Дұға, 11;
Бақара сүресі, 215-аят.
Ахқаф сүресі, 15-аят.
Ниса сүресі, 36-аят.
Исра сүресі, 23-аят.
Бұхари. Әдаб. 1
Тирмизи хадистер жинағы.
Нәсәи хадистер жинағы.
Хакім хадистер жинағы
Ибн Нәджардың хадисінде
Исмаил Хаққы Бурсауи. Рухул баян тәпсірі. IV/537
Ахмад, Әбу Дәуіт, Ибн Мәжә.