Көреген көшбасшы

Барлық мақтау – Аллаға тән! Пайғамбарымызға салауаттар болсын!

Алла елшісі басқару ісінде әр­дайым көрегенділік танытатын. Оның алысқа қарайтын көреген көшбасшылық қасиеті көп мәселенің күрмеуін шешті…

Ислам тарихында «Худайбия келісімі» деген атпен қалған оқиға мұсылман үмбеті, оның ішінде басшылықта жүрген тұлғалар үшін өшпес өнеге болуда.

Ислам дінінің тарала бастаған алғашқы кезеңінде Алла елшісі дін дұшпандарының, дәлірек айтқанда, мүшріктердің көлденең қойған қиын талаптарын қабыл алды. Шартта жазылған «Мұхаммед – Алланың елшісі» деген сөзді де өз қолымен өшіріп, бейбіт келісімге қол қойды.

Әуелде сахабалар пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл әрекетін түсінбеді. Бұл сырды ұғына алмай, сарсаңға түсті. Ең жақын досы, кейіннен әділетті әмірші болған Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Алла елшісі осындай қадамға барған болса, демек бір білген ақиқаты бар», – деген ойға келді.

Әйгілі сахаба Әбу Бәкір осы оқиғаны былай еске алады: «Ислам үшін Худайбиядан асқан ұлы жеңіс болған емес. Бірақ адамдар осы күні Мұхаммед пен оның Раббысы арасындағы сырды түсіне алмай, асығыстық танытты».

Иә, бұл оқиғаның куәгерлері үшін Худайбия келісімі жеңіліс ретінде көрінгенімен, ақиқатында айқын жеңіс еді. «Фатх» сүресінде жазылғандай, «айқын жеңіс» болды.

Біріншіден, екі жақ келісімге келіп, қоғамда тыныштық орнады. Нәтижесінде, мұсылмандар өз дінін емін-еркін насихаттауға мүмкіндік алды.

Осы аралықта дін дұшпандары Исламды жақыннан таныды. Біразы ақиқат дінін қабылдады. Осылайша, қоғамда мұсылман саны бірнеше есе артты. Бейбіт келісімнің нәтижесінде қасиетті Мекке қаласы бейбіт жолмен алынды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрегенділігі көмекке келмегенде… Әрине, бәрі Алланың қалауымен болатын іс. Біз бұл оқиғадан шешім қабылдауда сезімге берілмей, ақылға, даналыққа, көрегенділікке салудың маңызын түсінеміз.

Адал жар

Алла елшісінің Құдай қосқан жарының арасындағы махаббат, нәзік сезім, шынайы сенім, сүйіспеншілік, ыстыққа бірге күю, суыққа бірге тоңу… тағысын тағылар адамзат баласы үшін өлмес өнеге, мәңгілік ғибрат.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызды «Аиш» немесе «Хумейра» деп атаған екен. Аиш дегені – «өміршең» дегені. Ал «Хумейра» дегені – қызыл өңді дегені. Жүзі қызғылт болғандықтан, осылай еркелетіпті.

Еркелету – нәзік жанның «осал» тұсы… Еркелету – босаңсытып жіберу емес. Керісінше, сезімін оятып, сүйіспеншілігін күшейту. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жарын еркелететін әрі оған еркелейтін.

Сахаба Амр ибн әл-Ас Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ең жақсы көретін адамыңыз кім?» – деп сұрағанда: «Айша», – деп жауап беріпті. Жолдасыңа жақсы көретініңді айту – арадағы сүйіспеншілікті арттыру.

Бірде Айша анамыз пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Мені қаншалықты жақсы көресіз?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Мықты түйін мен жуан жіп секілді», – деген жауап қайырады.

– Уа, Алланың Елшісі! Сіздің түйініңіздің жағдайы қандай деңгейде?

– Ол өз орнында.

Осыдан кейін олар бір-бірінің сұлулығын сипаттайтын өлең-жырлар айтатын. Аузы берік болса да бір-бірін сүйіп, жүректегі шынайы сезімін білдіретін.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні Айшаға Умму Зарр туралы хикаяны баяндап, сөзінің соңын: «Умму Зарр Әбу Зарр үшін қандай болса, сен де маған сондайсың», – деп аяқтайды. Күйеуінің бұл сөзіне орай өзінің де терең махаббатын білдірген ол: «Сен мен үшін Әбу Зарр Умму Заррға қымбат болғаннан да қымбатсың», – дейді. Бұл – «сіз мені жақсы көргеннен де қатты жақсы көремін» дегені.

Кіршіксіз көңіл

Айша анамыз Алла елшісінің нені жақсы көретінін, нені қалайтынын, қандай тамақты ұнататынын терең түсінді. Сол секілді, Алла елшісі де жарының нені ұнататынын жақсы білді. Айша анамыз былай дейді: «Ыдыстан су ішіп, оны пайғамбарға ұсындым. Ол да мен ішкен жерге ернін тигізіп, су ішті. Сүйек кемірген соң оған бердім. Ол менің аузым тиген жерден мүжіді». Қандай ыстық сезім десеңші…

Айша анамыз орамалын хош иістендіріп, одан шыққан жағымды иіспен  пайғамбар алдына баратын… Біз бұдан әйел адам өзінің өн бойындағы сұлулықты, әдемілікті өзгеге емес, өз күйеуіне көрсетуі тиіс деген нәрсені ұғамыз.

Олар бір-бірін, тіпті ыммен, ишарасынан-ақ түсінетін. Алла елшісі ақтық сапар алдында жатқанда тіс тазалағышын (мисуәк) іздейді. Айша анамыз оның сол затты сұрап тұрғанын көзінен, көзқарасынан-ақ сезіп қояды. Әуелі мисуәкті аузына салып, өзі жұмсартып береді. Содан кейін пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше ықыласпен, бұрынғыдан өзгеше кейіппен тісін тазалаған екен.   

Ол Айша анамызбен бірге аңға шыққанда онымен әзілдесіп, тіпті жүгіруден жарысатын. Бірде Расулалланы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көршісі қонаққа шақырады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айшаның баруын өтінеді. Көршісі бұған келіспегендіктен, Расулалла да бара алмайтынын айтады.

Ол бірнеше рет шақырғанымен, пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бәрібір бас тартады. Тек Айшамен бірге баруға келісім береді. Ақыры Алла елшісінің айтқанына көніп: «Айша да келсін», – деген екен. Сөйтіп, ол аяулы жарын бірге ертіп барады.

Мереке күні Айша анамыз пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) эфиоптардың ойынын көруге рұқсат сұрайды. Рұқсат беріледі. Сөйтіп, ол мешіттің алдында өткен ойынды Алла елшісінің артында тұрып, тамашалайды. Расулалла жұбайына кедергі келтірмес үшін бір иығын түсіріп тұрады. «Мен иегімді оның иығына қойып, бетімді жағына жақындаттым», – дейді Айша анамыз. Бұл – сүйіспеншілік сезімді оятатын әрекет.

Көркем мінез иесі

Бірде Айша анамыз пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызғанып, оның басқа әйелі беріп жіберген тамақ салынған ыдысты сындырып тастайды. Бұған куә болғандар мұсылмандардың анасынан мұндай қылықты күтпеген еді.

Сол мезетте Расулалла жанындағыларға бар болғаны: «Мұсылмандардың анасын қызғаныш билеп алды», – деп оқиғаны жылы жауып, мәселені көркем түрде жақсылыққа қарай ауыстырып қойды. Өзін ұстай алды әрі әйелін ұстамдылыққа тәрбиелей білді. Кекшілдік емес, кеңшілік жасады. Жамандықты жақсылыққа ауыстыру дегеннің хикметі осында жатса керек.

Махаббат – тек тәтті сезім ғана емес… Өмір тек қуаныш пен махаббаттан тұрмайды. Кейде қиындыққа төзіп, барға қанағат етіп, сабыр сақтайтын кезеңдер де кездеседі. Расулалла үйінде апта былай тұрсын, тіпті айлар бойы ошағында қазан асылмайтын. Айша анамыз бір сөзінде: «Айлар бойы ошаққа от жақпаған кезіміз болды», – деген.

Оның отбасында сол кезеңде су мен құрмадан басқа тіске басар ештеңе болмаған екен. Алайда Айша анамыз осынау таршылық уақытта пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шағым айтпаған, аштықтан қиналғаны туралы жұртқа тіс жармаған. Ашаршылық пен кедейшілікке сабыр сақтаған. Барлық іс Алланың қалауына тәуелді болса да олар қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісе білді.

Ерлі-зайыптылар бір-біріне – киім. Алла Тағала Құранның «Бақара» сүресінің 187-аятында: «(…өйткені, бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім (іспетті)сіңдер…» деп баяндайды.

Пенделік, яғни шектеулі көзқараспен пайымдасақ, адамды суықта тоңдырмайтын, ыстықта күйдірмейтін – киім. Әуретті жерді жабатын да, сыртқы соққыдан қорғайтын да – киім. Бәрінен бұрын адамға, оның денесіне ең жақын зат – киім. Алланың ерлі-зайыптылардың жағдайын түсіндіруде «киім» сөзін пайдалануының бұдан басқа хикметі көп-ақ… Киім секілді ер мен әйел – бір-біріне қорғаныш, сүйеніш, бір-бірінің ар-ұятының абыройы, өмірлік жолдас, т.б.

Өзгелер үшін өмір сүрді

Ол келісім жолын ұстанды. Өзге діннің ғибадатханаларын қиратуға жол бермеді. Өзге діннің сеніміне құрметпен қарады. «Дінде зорлық жоқ» деген аятқа амал етті. 

Жорықта алғы шепте болды. Сахабаларын алға шығарып, жорықты сырттан тамашалап отыруға ары жібермеді. Өзі қол бастап, ақиқат діннің ақ туын көтерді.

Кешірім мен мейірімнің жолын ұстанды. Дұшпанына кеңшілік жасады. Дала халқының бейәдеп әрекетіне көркем түрде жауап берді.

Үмбетін спортпен шұғылдануға үндеді. Бұған әуелі өзі үлгі болды. Сол заманның палуандарымен белдесіп, таңданысын тудырған.

Ол отбасының қамқоршысы еді. Адал жар, мейірімді әке, жақсы көрші болды.

Ол сол дәуірдің императорларымен жоғары деңгейде келіссөз жүргізе білді және оларды Исламды қабылдауға шақырды.

Ол араб жазирасы мен оның айналасында болып жатқан елдердегі саяси әрі әлеуметтік жағдайдан хабардар болды. Оның басшылық жасаудағы қырағы қабілеті сахабаларға қорған болуға ықпал етті.

Түйіндеп айтқанда, ол үмбеті үшін өмір сүре білді. Өйткені, ол идеал еді…

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз хатшысы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38