Биыл төртінші рет ұйымдастырылған азаншылардың республикалық «Әдемі әуезді азаншы» байқауы Ақтау қаласында өтті. Азаншылар байқауы «Aqtau TV» және ҚМДБ-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшалары мен каналдары арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Осы байқауда бас жүлдені жеңіп алған республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Ерлан Битеновпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Жеңісіңізбен құттықтаймыз! Жарыс қалай өтті?
– Алдымен Нұр-Сұлтан қаласында іріктеу кезеңі өтті. Іріктеу кезеңіне екі ай дайындалдық. Алланың қалауымен бірінші орынға ілініп, республикалық байқауға жолдама алдым. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған «Әдемі әуезді азаншы» байқауы ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына арналды. Алланы ұлықтап жүрген азаншылармен жүздесу ерекше әсер қалдырды.
Байқаудың ұйымдастырылуы көңілден шықты. Азаншылардың қарым-қабілетін шыңдау, елімізің түкпір-түкпірінен келген дін қызметкерлерінің басын қосып, бірге еліміз үшін дұға жасау, көпшілікке азан үнін естірту – мұның бәрі осы жарыстың игілігі деп білемін.
– Мешітте күнде азан шақыру мен жарыста азан айтудың айырмашылығы бар ма?
– Азан қайда айтылса да сол азан. Қағидалары сақтала отырып әуендеткен сол мақам. Еш айырмашылығы жоқ. Бірақ жарыста азан айтқан кезде көпшіліктің көз алдында тұрғандықтан қобалжу, іштей «менің азанымды қазылар қалай бағалар екен» деген уайым болуы мүмкін.
– Азаншыларға қойылатын талаптар қандай?
– Азан – құлшылыққа шақыру, белгі беру деген ұғымды білдіретін дініміздегі ерекше амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы әуезді, дауысы жақсы болғандарың азан айтыңдар, Құранды көп жаттағандарың иман болсын» деді. Осыған орай бірінші кезекте азаншылыққа дауысы жақсы ер адамды дайындайды. Екіншіден, оны орындауда араб әріптерін орнымен қолданып, дыбыстарды дұрыс шығара білу талап етіледі. Әуенін өзгертем деп негізгі қағидасын бұзып алмауы керек. Азан – бес уақыт ғибадаттың негізі. Сондықтан ол жәй ғана әуендетіп, әуелетіп айта салатын дүние емес. Әсіресе біз секілді араб тілді емес халықтар азан айтқанда тәжуидіне, махражына (әріптердің сауатты дыбысталуы) мән береміз. Ал мақамын (әуенін) үйренудің еш қиындығы жоқ. Одан бөлек намаз уақыты мен азанның сүннеттерін білуі қажет.
– Азан мақамының нақты саны бар ма?
– Азан мақамының белгілі бір саны жоқ. Айтылуы тікелей Құраннан алынады да, мақамы әр аймақта әрқалай қолданады. Мысалы, Мысыр, Түркия және Араб елдерінің өздеріне тән мақамы бар. Нихауанд, Хижаз, Саба сынды мақамдар бар. Хижаз мақамын көбіне Мекке мен Мәдинаның азаншылары қолданса, Мысырда барлық мақам қолданылады. Себебі Мысыр азан мақамдарының отаны саналады.
– Ислам тарихындағы ең алғашқы азаншы Біләл Хабаши екенін білеміз. Ол қай мақамды қолданды?
– Шариғатымыздағы көптеген салаларға белгілі бір атаулар кейін берілген. Мысалы, хадис ілімі саласы қалыптасты да, онымен айналысқан ғалымдар «мұхаддистер» деп аталды. Сондай-ақ тәпсір саласы ғалымдарына «муфассирлер» деген атау берілді. Тәпсір де, хадис те Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында болды. Бірақ ол уақытта оларға арнайы атау берілген жоқ. Сол секілді азан мақамдарына ат беру де кейін пайда болды. Дегенмен Мекке мен Мәдина жерінде ғұмыр кешкендіктен, Біләлдің әуені білуімізше Хижаз мақамы болуы керек.
– Білуімізше азанның тарихы Біләлмен тығыз байланысты. Жалпы азанның шығу тарихы қай кезден басталады?
– Алла Тағаладан Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшу әмірі келді. Осылайша Мәдинаға үлкен көш (хижрет) жасалды. Мәдинада Пайғамбарымыздың алғашқы мешіті «Мәсжид ән-Нәуәби» салынды. Алғашқы жылы жамағатты осы мешітке «Әс-солатул жәмиъа», яғни «Намаз үшін мешітке келіңіздер!» деген сөзбен шақырып жүрді. Хижреттің екінші жылы құбыла әл-Ақса мешітінен Меккедегі әл-Харам мешітіне ауысты. Дәл осы жылы азан айтыла бастады. Мұны көптеген риуаяттардан байқауға болады. Бірде сахабалар жиналып Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды құлшылыққа жинайтын үлкен бір белгі болса деген өтініш жасайды. Өйткені христиандар ғибадатқа шіркеудегі қоңырауын соғып шақырса, басқа діндегілер сырнайлатып шақыратын. Сол уақытта сахаба Абдулла ибн Зәид түс көріп, түсінде азан сөзін анық естиді. Ол көрген түсін бірден Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады. Алла елшісі сахабаның көрген түсін қолдап, ашық әрі қоңыр дауысты Біләл Хабашиге алғашқы азанды айтқызады.
– Естуімізше Мекке мен Мәдина қалаларында азан айту ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді екен. Бізде мұндай дәстүр бар ма?
– Мекке – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туып-өскен жері. Мәдина – Ислам дінінің көркейген мекені. Осы екі жерде дауысқа қатты мән бергендіктен, азаншылар арнайы бір ұрпақтан, әулеттен таңдалады. Өйткені ілімнің, ұсталық өнердің атадан балаға беріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқаны жақсы нәтиже береді. Мысалы, бес атасынан ағаш ұстасы болған шебер мен бір атасы ағаш ұстасы болған шебердің жасаған өнімі екі түрлі болады. Орта Азияда, елімізде дін қызметі, шариғат білімін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқандар бар. Алайда азан айтуды мұра қылғандар жоқ секілді.
– Елімізде азаншылар мектебі қалыптасқан ба? Азаншы болу үшін арнайы білім керек пе?
– Азаншы болу үшін арнаулы білім алудың қажеті жоқ. Азаншы болғысы келетін шәкірттер медреселерден араб әріптерінің дұрыс дыбысталуы мен махраждарын үйрене алады.
– Азанды намаздан бөлек басқа қандай жағдайда айтуға болады?
– Шариғат бойынша азан бес уақыт намаз және жұма намаз алдында айтылады. Одан бөлек сәбиге ат қоярда оң құлағына азан шақырылып, сол құлағына қамат айтылады. Сондай-ақ соғыс болып жатқанда, адамның немесе бүтін бір халықтың басына күн туғанда, қиындық, апат келгенде айтылады.
Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ
«Мұнара» газеті, №20, 2020 жыл